КӘРІ ЖІЛІКТІҢ КИЕСІ - Kazakh TV

Қазақта кәрі жілік кәделі сый саналады. Кәрі жілік ел басын сақтайды деген сенім бар. Оны үйдің оң босағасына, қорасының айналасына байлап іліп қояды. Кәрі жіліктің киесі туралы ел ішінде мынадай аңыз бар.

Ертеде бір байдың қорасын қырық қарақшы торуылдайды. Бірақ, қанша тырысса да, малын ала алмайды. Байдың қорасын қарулы жасақ күзетіп тұрыпты. Бірақ, таң ата қарауылдар көзден ғайып болады екен. Ұрылар тылсым жайды түсінбейді. Ертесіне біреуін тыңшылыққа жұмсайды. Ол байға жолаушы кейпінде келіп сыр тартады. Байдың жалғыз ұлы мен бәйбішесінен өзге ешкімі жоқ екен.

Тыңшы қайта келіп:

– Байдың малын күзететін не жалшы, не күзетшісі жоқ. Бәрін барладым. Көршілерінен де сұрадым. Ешбір жасағы жоқ. Бізге елестеген болуы керек, – дейді. Ұрылардың басшысы:

– Ендеше бүгін шабамыз, – деп атқа қонады.

Бұл жолы да ұрылар қораға тақап келгенде қарулы жасаққа кезігеді. Ұрылардың бірнешеуі жараланып, кейін шегінеді. Ертесіне ұрының басшысы байға өзі барып:

– Байеке, мен ұры едім. Он күн болды сіздің малыңызды торып жүргеніме. Бірақ, қораңызды күзеткен қалың әскер алдырмайды. Күндіз көзден ғайып болады. Не сыр, не киеңіз бар, айтыңызшы? – деп ағынан жарылыпты. Бай ұрыны ертіп алып, қорасында ілулі тұрған кәрі жілікті көрсетеді:

– Әкем марқұм дүниеден өтерінде: «Кәрі жілік көрсең, қораңа байла. Малыңа қорған болады», – деуші еді. Өсиетін орындап, кәрі жілік іліп қойдым. Содан бері малға қасқыр да шаппады, ұры да түспеді, бірде-бір малым жоғалмады, қайта мыңғырып өсіп келеді. Соның шарапаты болмаса, менде басқа кие жоқ, – дейді.

Құдіретке бас иген  ұрылар баймен дос болыпты. Ниетінен қайтып, адал кәсіпке көшіпті.

Кәрі жіліктің кереметі туралы ел ішінде тағы да мынадай аңыз сақталған. Ертеде байдың жалғыз ұлы болыпты. Ол  керуен тартып, қалаға саудаға аттанады. Сапарға шығар кезде әкесі:

– Балам, мына кәрі сүйекті қойныңа салып ал. Қауіп-қатерден аман боласың, – дейді.

– Әй, әке-ай, сенің-ақ ырымың таусылмайды екен, – деп ұлы селсоқ қарайды. Бірақ әке көңілін қимай, көп қапшықтың біріне лақтыра салады.

Межелі жеріне аман-есен жетіп, саудасын жасап, елге қайтады. Жолда керуенге қарақшылар шабуылдайды. Бала не істерін білмей, қатты сасады. Сол кезде арт жағынан қарулы жасақ пайда болып, қарақшыларға қарсы ұмтылады. Тонаушылар сескеніп, кейін шегінеді. Қапылыста бір қарақшының қаңғыған оғы баланың аяғына тиіп, жараланып қалады. Ғайыптан пайда болған жасақ керуенді аман-есен елге жеткізеді. Бірақ ел шеті көрінгенде көзден ғайып болады. Бала үйіне келіп, әкесіне болған жайды баяндайды. Сонда әкесі:

– Ұлым, ырымның сырын енді түсінген боларсың. Кәрі жілікке Құдай осындай қасиет дарытқан. Сен балалық қылып, кәрі жілікті көп қапшықтың біріне салып алдың. Сонда да керуенің ғайып ерен қырық шілтеннің шылауында болды. Егер ықыласың күшті болғанда жебе де дарымас еді, – деген екен. Осыдан бастап ел аузында «Кәрі жілік ер жігітті қырық жолдан қағады» сөз қалыпты.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қайтыс болған кезде бейітінің ішіне қырық кәрі жілік қойған екен. Діни сенім бойынша, кәрі жілік қабірді қорғап жатады деседі. Бұл жайында Дихан Әбілевтың естелігінде: «Мәшекеңнің бейіті 2 бөлмелі үй түрінде салынған. Төргі үйінде шкаф тұр, ондағы екі қатарда араб-парсы тілінде жазылған 60 кітап жиюлы екен. Шкафтың үстінен тірі күнінде қолданған ер-тоқымын қойыпты. Үйдің оңтүстік жақ қабырғасында қойдың 40 кәрі жілігін ілген екен (діни сеніммен қарағанда 40 жілік күзетші болу керек). Осы төргі үйдің астын биіктігі 2 метр, ұзындығы да сондай өлшемде терең етіп қаздырған екен. Мәшһүр Жүсіптің денесі осы айтылған жерде жатыр. Сақал-шашы сол қалпында, денесі сары екен. Тірі күнінде толық адам болған болу керек. Кеуде сүйегі өте көтеріңкі, іші аздап қабысыпты. Сол жақ аяғы кішкене семіңкірейін депті, өйткені сол аяғының өкшесін (етін) бірдеңе жеген сияқты», – деп жазады. Әулиенің діни кітаптары, ыдыс-аяқтары, ер-тоқымы мен ат әбзелдерін және басқа да өзі тұтынған заттарын сағанасына қойдыруы, олай-бұлай жүрген жолаушылар пайдалансын деген ниеті екен.

Жылқайдар Төлегенов

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер