ЖАҚСЫДАН ШАРАПАТ - Kazakh TV

Өзбекәлі Жәнібеков : «1960 жылдардың басында 10 класс бітірдім. Әкемде шешемде қайтыс болған.Ағайындардың үйіне жатып оқыдым. Алматыға оқуға барайын десем көк тиын ақшам жоқ. Бір жамағайын жасы үлкен кісі бар еді, соған жалындым «көке маған жолпұлға ақша тауып бер, оқуға кетейін»,-деп.  Ағамыз «кемпірім көрінбей ме»,- дегендей жан-жағына қарап алды да, қорасындағы сауып отырған жалғыз ешкісін мойнына салып алды да кеттік,- деді. Ауылдың шетіндегі поезд тоқтайтын бекетке келіп,тоқтаған поезд жол серігіне жалынды:

-Балам мына баланы Алматыға жеткіз, пұлына мына ешкіні ал,- деп мойындағы ешкіні  жолсеріктің қолына ұстатты. Алматыға жеттім, оқуға түстім. Жүре келе Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы болдым.Бірде іс-сапарда Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол пленумы болды,Пленумда отырғанда баяғы ешкі берген ағам есіме түсті. Пленум аяқталысымен Отырарға тартып кеттім.Ағамның үйіне келсем шал да,кемпірі де қайтыс болған.Тірлігінде жақсылық істей алмағаныма жаман өкіндім. Ақсақалдың бала-шағасы мен көрген нашар үйде тұрады екен. Сол кезде бітіп тұрған қос қабатты үйді совхоздың директоры үкімет есебінен салдып, халыққа бергелі жатыр екен.Соған  өтініш айтып, ақсақалдың отбасын кіргізіп кеттім. Бар жақсылығым сол болды.

БОЛАТ ОМАРАЛИЕВ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер