АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

 

    Туған жері Ақкөлге жетудің мүмкіндігі болмайтынына көзі жеткен Естай  «О дүниелік болып кетсем сүйегімді елге сүйремей, осы жерге қойыңдар»,-деп аманат айтып,  немере інісінің қызы Әбікейдің Жамалының үйінде қайтыс болған. Естайдың ең басты аманаты Қорланның сыйға тартқан жүзігі болыпты. Қайтыс боларының алдында 51 жыл таққан Қорланның жүзігін сүйегіне бірге жерлеуді досына тапсырған деседі. Ақын Мұхтар Шаханов «Ғашықтық ғаламаты» балладасында есіл Естайдың Қорланға деген іңкәр сезімін өлеңмен өрген.  Деседе, тарихи дерек бойынша Қорлан Естайдан 20 жыл бұрын қайтыс болып кеткен. Шығармада «Қорлан шалын үйден шығарып жіберіп, немересіне Естайдың әнін салғызыпты» деген нұсқа таза ақынның қиялынан шыққан дүние. Анығы біреу. Қорлан Естайға сақинаны сыйға тартқан.  Кейін Қорлан берген жүзіктің қайда жоғалғаны белгісіз. Жұрт сан-саққа жүгіртіп долбар айтады.Өнерге жаны ашитын өңірдің зиялылары жүзікті тапқылары келіп, сан мәрте іздестірген.

P.S. Атақты композитор Естай Беркімбайұлының 150 жылдық еске алу шарасы 21 шілдеде (2018жыл)Павлодар облысы, Екібастұз қаласына қарасты «Қаражар» ауылында өтеді. Осы орайда, Естай мен Қорланның махаббатын айшықтайтын, аңыз бен ақиқаттың басын ашатын деректі фильмді «Sardarfilm» студиясы көпшіліктің назарына ұсынады.

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ