«АҚБӨКЕН» ӘНІ ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ? - Kazakh TV

''Ақбөкен'' әні ақбөкен әнші Жәнібек Кәрменовке арналыпты. 1992 жылдары Жәнібек Кәрменов бүкіл өнерсүйер қауымды өкіндіріп кетіп еді. Тұрсынғазының да төбесінен жай түскендей болған. Бір- бірімен сырлас, өнерде сапарлас,қанаттас әншінің күтпеген жерден жазым болуы жанын күйзелткен. Жәнібекті жерлеу рәсіміне жолға жиналып, ертеңінде Алматыға жүруге қам жасаған түні тағы бір суыт хабар сазгерді селт еткізді. Жедел хат мазмұнында Аягөздегі туған ағасы Серғазының қайтыс болғаны хабарланған. Алматыға барар сапарды Аягөзге ауыстыруға тура келген. Теміржол вокзалына келе жатып бір өксіп алған Тұрсынғазы қос бірдей қайғыны жүрекке жүктеп, “жалпы вагонға” жармасып пойыз ішінде келе жатады. Өз ойымен өзі алысып отырған сәтте вагон бұрышында жатқан бір кішкене сарғыш кітапқа көзі түсіпті.Ештенеге зауқы болмаса да,көзіне жылыұшыраған жаңағы кітапты қолына алып, парақтайды. Бірнеше ақынның өлеңдерінен құрастырылған жинақ ішіндегі Несіпбек Айтұлының “Ақбөкен” өлеңі сазгердің ширығып отырған сәтіне серпіліс беріп,тарылып отырған тынысын кеңейтіп сала берген. Бір – екі қайтара оқыған соң әннің де сұлбасы ыңғайланған. Аякөзге келіп пойыздан түскен беттегі бар ойы – жаңағы әннің ырғағынан айырылып қалмау. Арыстай азаматынан айырылып,қайғыға ұшырап отырған ағайын – туыстың көңіл айтуы, арысын жоқтауы арасында сазгерге жаңағы әнді сана да сақтау онай болмады. Десе де арада мүмкіндік тауып жұрттан оңашаланып,ән желісін домбыраға түсірген.Түсінікті болу үшін айта кетейік.Тұрсынғазы Рахимов барлық әндерін тек домбыра пернесін қуалай отырып шығарған.Нотаға түсіре қою оның тәжірибесінде жоқ нәрсе. Сөйтіп аға мен досты жоқтаған жүректің үні іспетті “Ақбөкен” әні дүниеге келген.

Қ. Сабырбай

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер