ШАХАНОВТЫҢ ШЫНДЫҒЫ ҺӘМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЕН АҚИҚАТТЫҢ АРАСЫ

 

          Ақын Мұхтар Шахановтың  әйгілі «Ғашықтық ғаламаты» баллаладасын білмейтін жан кемде-кем. Кезінде бұл туынды қазақ поэзиясына үлкен толқын туғызып, Естай мен Қорланның мөлдір махаббаты, іңкәр сезімін жастар аңыз етіп айтып жүрді. Баллада желісі бойынша «Естай өлерінде Қорлан ұсынған жүзікті сүйегімен көмуге аманат жасады» дейді.

 Қорлан берген алтын жүзік жарқырап,

Елу бір жыл сәуле шашты қолымда.

Өр толқынға қарсы жүзген әр кеме

Мен болыппын.

Оһо, қандай мәртебе!

Бұл жүзікке елу бір жыл әйелім

Қызғанышпен қарап келді өртене.

Десе - дағы ел дәстүрі ерге сын,

Қарттарға ескерт,

Қарсыласа көрмесін.

Қорланымның көзі болған жүзікті,

Өтінемін,

Өзіммен бір жерлесін!,-деп досы Нұрлыбекке айтады. Дау жоқ, Шахановтың бұл балладасы шығармашылығының бір шыңы болды. Деседе, енді тарихи ақиқатты айталық. Қорлан Естайға дейін 1937 жылы «бай-манаптың ұрпағы» деп қудалауға түсіп, қорлықтан қайтыс болған.Естай соғыстан кейін 1946 жылы дерттен көз жұмды. Ал «Ғашықтық ғаламатында» Естай өлерде Қорлан тірі.

  Бұл туралы айтқан кезде Қорланға:

"Егер олай етпесе,

Естай Естай бола ма?!

Естай Естай бола ма?!

Онсыздағы жаны сұлу балаңа

Сұлу өлім сыйлапсың - ау, Жер-ана!" –

Деп жылапты кемпір байғұс еңкілдеп,

Ақ жаулығы ай нұрымен желкілдеп.

Нағыз ғашық қарттығына көнер ме?!

Қорлан өзі кейінірек қылтамақтан өлерде,

Әжімді жүзі қуарып, түнеріп,

Күйеуін сыртқа шығарып жіберіп,

Ақпалап, қозып делебесі де,

Бойжетіп қалған немересіне

Естайдың әнін салдырып,

Жанарын шоқтай жандырып,

"Бақыттымын, бақыттымын", — депті де,

Көз жұмыпты мәңгілік,-деп өлең аяқталады. Осы тарихи ақиқат пен шығармашылық арасындағы шатыстырулардың басын ашып алуға Шахановқа хабарласқан едік. «Мен осы Естай мен Қорланның махаббаты туралы сол елдің қадірлі адамдарының бірінен естідім»,-деп ақын ағам ағынан жарылды. Демек, бұл жерде қателік дерек беруші адамнан кеткен. Естайға Қорланның жүзік бергені рас. Алайда, жүзікті бірге жерледі  деген сөз, Қорлан Естайдың өлімін естіп өкініпті дегені ақиқаттан алыс дерек. «Енді, шығармашылықта ондай ондай драма болады»,-десе де ешкім ештеңе айта алмайды. Өкініштісі, сол қадірлі жүзік жоғалып кетті. Естайдың туыстары іздестіріп іздестіріп таба алмай қойды.

P.S. Атақты композитор Естай Беркімбайұлының 150 жылдық еске алу шарасы 21 шілдеде (2018жыл)Павлодар облысы, Екібастұз қаласына қарасты «Қаражар» ауылында өтеді. Осы орайда, Естай мен Қорланның махаббатын айшықтайтын, аңыз бен ақиқаттың басын ашатын деректі фильмді «Sardarfilm» студиясы көпшіліктің назарына ұсынады.

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ