САХНА САҢЫЛАҒЫ - Kazakh TV

Көп күйзеліс пен қимастықтан қажыған күндердің бірінде Құдекеңе сыр аштым, әңгімені төтеден бір-ақ бастадым, «кетейік «Тамашадан» дедім. Әрі қарай, тәтті ауыздың дәмін кетіреміз, ендігіміз өзімізді өзіміз қайталау болады, өнерде бір ғана кейіпте қалу қаупі күтіп тұр, ойланайық, арғысын басқалар жалғастырсын. Шығармашылдық өміріміз алда, екеуміз бұл өнердің шыңына жеткендейміз, айтудайын айттық, дегендейін дедік, «қытықтадық, ши жүгірттік», қазақтың ұйқыдағы намысын әдебі мол, өнерлі әзілмен «әйттік-бүйттік», әйтеуір ояттық, ендігіміз инерция, тағысын тағылар… Құдекең «шалқасынан» түсті! Қатты өкпеледі, бұл – «Тамашаның» бүгінгідей бір қора емес, екі-ақ актердан ғана тұратын, ақша қумаған, бірде бір билет сатылмаған, жәй ғана студиялық хабардан үш мың орындық Сарайға шығып, шырқау биіктен қол бұлғаған шағы, керегесін керіп, уығын қадап, шаңырағын бақандап, «отау» боп құрылғанына бар болғаны бір жарым-ақ жылдың жүзі болған уақыт!

…Сонымен мен кеттім. Құдекеңнің өкпесі біраз жылдар тарқамай, көңілінде керіш боп қала берді… Менің өзім де алай-дүлей күй кешіп, ең бір қымбатымнан айрылғандай, жалғыз Құдекеңе ғана емес, өнерге опасыздық жасағандай, сол қадамым қателік болмады ма деп неше жыл азап шеккенім өзіме ғана аян ғой, қайсыбірін айтайын, өз дертім – өзімде… Кейіндері Құдекең депутат болып жүргенінде оның сол бір керішті күйін менің қарсылас оппоненттерім – «әлгі» ағаларымыз бен солардың төңірегін жағалаған «тағаларымыз» жақсы-ақ пайдаланып үлгерген… Дегенмен, уақыт емші менің сол азабымды да, Құдекеңнің өкпе-назын да емдеп жазған болар, өте келе, менің бұл батыл да, шұғыл шешімімнің шығармашылдық өмірбаяным үшін дұрыс болғанын екеуміз де іштей ұқтық деп ойлаймын. Бәрібір ел жадынан кеткем жоқ, қайта «екеуіңнің кезіңде «Тамаша» қандай еді шіркін», деген көзіқарақты көрерменнің сарыуайым сағынышына айналдық, қадірімізді білдірдік. Егер мен сонда, әсіре қызыл қимастықпен «Тамашада» қалып қойсам, Абылай мен Әбілқайыр, Қайырхан мен Тәңірберген, Ақан сері мен Жәнібек хан, Ораз-Мерген, Кир патша мен Құнанбай, Демесін мен Фиеско, Хлестаков пен Астров, «Сардардағы» Шонай мен «Адасқандардағы» Шал кейпіндегі Жебірейіл пайғамбар сияқты кесекті дүниелерім сахна мен экранға, «бұл дүниеге» келе алмай қалар ма еді, кім білген?!

Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер