Рас, соңғы кезде «Сатира жоқ» деген сөз ауыздан түспейтiн болып кеттi. Ол сөздi сатираны түсiнетiндер де, түсiнбейтiндер де айтатын болып жүр. Қолына қалам ұстап, бiр мақала жазғанның бəрi «Сатира жоқ» деген «əн» тауып алды. Өкiнiшке қарай, сатираның қамқоршысы болып жүрген Көпен Əмiрбектiң өзi бiр сұхбатында «Сатира жоқ» дейдi. Анада теледидардағы бiр хабарға қатысып отырып: «Бiзде сатира жоқ. Бар, бiрақ жеңiл, ұсақ-түйек. Салмақтының бəрi Оспанханнан кейiн болмай кеттi» дегендi айтты. Көпеннiң өзi солай деп отырғаннан кейiн, басқаларға не жорық?! Сатира неге болмасын? Сатира бар, бiрақ соны оқитын, талдайтын, бағалайтын адам жоқ. Жалпы, əдебиетте сынның нашарлап кеткенi өз алдына, сатира туралы Темiрбек ағамыздан кейiн аузын ашатын адам қалмады. Роза Алтынбекова диссертация қорғады, кiтап жазады. Ол – жақсы. Бiрақ күнделiктi баспасөзге араласып, бүгiнгi сатира туралы пiкiр айтуы өте сирек. Əйтпесе «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Қазақ əдебиетi», «Əдебиет айдыны», тағы басқа басылымдардың бəрiнде бет, мүйiстер бар. Ал ендi баспадан жарық көрiп жатқан сатиралық кiтаптар өз алдына. Қайта бұрынғыға қарағанда сатиралық жинақтар көп шығатын болды.

Қаламы əбден төселген мықтылардың бiрi Үмбетбайдың, Көпеннiң, Толымбектiң, Еркiннiң – бəрiнiң кiтабы жарық көрiп жатыр. Соны бағалайтын адам болмағандықтан сатираны кiм көрiнген «тепкiлеп» жүр.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер