МЫЛҚАУҒА ТІЛ БІТІРГЕН ЕМШІ - Kazakh TV

Қызым бес жылдан астам уақыт бойы талма кеселімен (#эпилепсия) ауырды. Бармаған жерім, баспаған тауым қалмаған шығар. Дәрігерден де, тәуіп, емші, молдалардан да ешбір шипа қонбады, олардың есігін әбден тоздырдым. Дәрігерлер тек қана есепке қойып, арнайы рецепт бойынша ғана босатылатын таблеткаға отырғызу қажеттігін айтты.

Қызым аяқ-қолы ербеңдеп құлап, жағы қарысып талып қалған сайын жанымды қоярға жер таппай қиналатынмын. Шырт ұйқыда жатқанда сықыр еткен дыбыс естісем, қызым тағы есін жоғалтып жатқан болар деген үреймен атып тұрып, қасына қалай барып қалғанымды білмейтінмін.

Ана үшін перзентінің қиналғанынан ауыр қасірет бар ма? Қызымды емдету үшін емші-тәуіптерді жағалап жүргенмін. Бір күні жергілікті басылымдардың бірінде Гүлмира апай туралы оқыдым. Қызымды ертіп, дереу оның қабылдауына бардық. Ол қызымның тамырын ұстап отырып-ақ:

«Бұл қыз талма кеселімен ауырады екен ғой», - деді. Сонымен ем жүргізуді бастап кетті. Өзі шөп дәрінің неше түрін жасайды екен. Денесіне 10 күн массаж жасап болған соң шөп дәрі берді. Оны үш мезгіл ішуді тапсырды. Алғашқы күннен бастап, қызымның қолының селкілдегені басылып қалды. Емді алатын соңғы күні қызыммен бірге тағы бардым. Барсақ емшінің алдында бір кісілер отыр екен. Ұзақ тілдесіп отырған олар ақыры шықты. Есіктен шығып бара жатып та алғыстарын жаудырып бара жатқан орта жастағы ерлі-зайыптылардың көздері қызарып, жылағанын байқадым. Әйелі әлі де көзін орамалмен сүртіп жатқанына қарап, аурулары ауыр болған бір бейбақтар шығар деп ойладым. Ерімен ілесіп, сыртқа шықпақ болған әйеліне бұрылған күйеуі:

«Сен әзірге осында отыра тұр. Мен қазір келемін», – деп сыртқа шығып кетті. Бұл кезде менің қызым да емшінің алдына кіріп кеткен. Мен дәліздегі диванда күтіп отыра бердім. Қасыма жайғасқан әйел:

– Қызыңыз ба? – деп сұрады.

– Иә, қызым ғой, – деп жауап бердім.

– Кешіріңіз, қызыңыздың диагнозы қандай? – деп сұрады әлгі әйел.

– Дәрігерлер «эпилепсия» деп диагноз қойған, – дедім күрсініп.

– Уайымдамаңыз, бұл кісіден шипа болады, – деген әйел маған өз бастарынан өткізген ауыр күндер жайлы айтып берді.

«Біз Көкшетауда тұрамыз. Маңдайымызға біткен жалғыз қызымыз 7- сыныпта оқып жүріп, бірден тілден қалды. Он үш жасар қызымыз мүлдем сөйлемейтін болып қалды, – деді әлгі әйел. – Апармаған жеріміз, көрсетпеген дәрігеріміз қалмады. Қазақстанды былай қойғанда, Ресейге де апарып тексерттік. Дәрігерлер «Мутизм» деп диагноз қойды. Қаншама емдеп, дәрі-дәрмегін үзбедік. Бірақ қызымыздың халі жақсара қоймады. Сосын қазақы емді қолданып көру керектігін ойлап, емші, тәуіп, молда, бақсының талайына бардық. Бірінен де шипа қонбады. «Қызыңды әруақ қысып жатыр, бата алып, емшілік жолына түсіру керек», – дегендер де болды. Бірақ өзі сөйлей алмай дертті болып отырған бала қалайша өзгелерді емдесін? Бүгінде біреудің қасіретінен пайда көздейтіндер де көбейіп кеткен ғой. Соған да іштей қапа болдым.

Бірде Астанада тұратын таныстарымыз қызымыздың көңілін сұрай келіп, бізге осы Шымкентте бір жақсы емші бар екенін, ол дертіне дауа таппай сандалған талайды емдеп, сауабын алған жан екенін жеткізді. «Өлмеген жаннан үміткер» демекші, соңғы үмітімізді үкілеп, осында жеттік. Жасырып қайтейін, «аузы күйген үріп ішедінің» кері келген мен, алғашында бұл кісіге аса сене қоймадым. Себебі алдында біз барған емшінің бірінен де шипа қонбаған соң көңіліме күдік мықтап ұялаған-ды. Гүлмира емші қызымызды 10 күн оқитынын айтты. Дем сала жүріп, тоғызыншы күн болғанда осы Оңтүстікте орналасқан Сайрамдағы сансыз бабтардан бастап, Шілтер әулиеге, Домалақ анаға, Ақ мешітке, Бәйдібек ата әулиеге бардық. Содан Арыстанбабқа түнеп, тілек тіледік. Келесі күні Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауй кесенесіне, одан кейін Үкаш атаға барып зиярат жасадық. Он күн оқып, дем салып болған емші бізге тағы да келетінімізді айтқанда, ашуға булығып кеткенімді жасыра алмадым. Тіпті ол кісіге тікелей айтпасам да: «Тәуіптердің барлығы осылай келе бер, келе бер дегенімен ештеңе шықпайды!» - дедім. Емшінің ұстамдылығына таң қалдым. Маған қарап бір ауыз тіл қатпастан, қызымның қолынан қысып тұрып: «Алла шипасын берсін, қызым!» – деді.

Арада ай өткенде қызым әкесіне қағазға: «Папа, әлгі емші тәте бізге тағы да келіңдер деген еді ғой. Барайықшы. Мамам ол кісіге сенбеді. Бірақ менің сол тәтеге барғым келіп тұр!» – деп жазыпты. Содан қыздың көңілі ауып тұрған соң Шымкентке әкесі екеуі кетті. Тағы да 10 күн 10 күннен екі рет келіп, дем салғызды. Сол соңғы үшінші рет дем салып, зиярат жасатып, емдеп болған емші: «Қызыңыз енді 1-2 айдың көлемінде сөйлейді. Тілдеріңізді кәлимаға келтіріп жүріңіздер, қыз сөйлегенде қуаныштан қатты айғайлап, қызды шошытып алмаңыздар! Сөйлеген соң тағы да бір рет келулеріңіз керек», – деген екен. Үйге келген соң күн санап жүрміз. Шіркін, уақыт өтсеші енді! Не керек, қызымыз бір ай 28 күн дегенде сөйледі. Бұл кезде біз әбден күдер үзіп қойғанбыз. Екінші ай да аяқталуға жақын, сөйлесе, осы уақытқа дейін сөйлейтін еді ғой деп ойлап, қызымның бөлмесінде ұйықтай алмай, көзімнің жасына ерік беріп жатқанмын. Түнгі сағат екілер шамасы болғанда қызым: «Мама, шөлдеп кеттім, су әкеліп берші!» – деп өтініш айтты. Орнымнан атып тұрып асханаға кеттім. Қайтадан күйеуім жатқан бөлмеге барып, оны оятып: «Әй, қызымыз маған су әкеп бер деді ме, жоқ маған солай естілді ме, білмеймін, су әкелуге шықтым. Сен есіктің алдында тыңдап көрші!» – дедім әкесіне. Суды алып, қызыма бардым. Әкесі де есік аузында тұр. Сыр бермеу керектігін ойлап үнсіз шыны ыдыстағы суды ұсындым. Суды сіміріп ішкен қызым ыдысты өзіме қайта ұстатып жатып: «Рахмет, мама!» – деп жатып қалды».

Қуанған мен қорыққан бірдей дейді ғой, асып-сасып жүріп олар кәлима айтуды да ұмытыпты. Сонымен таң атқанша Аллаға мадақ айтыпты. Беймезгіл уақыт екеніне қарамастан, Гүлмира апайға ризашылықтарын білдіріп телефон соғыпты.

Бүгінде Гүлмира апайдың арқасында біз де талма кеселден толықтай құтылып, қуанып жүрміз. Арамызда осындай білгір емшілердің бар болғанына қуанамын.

Айгүл ОҢҒАРБЕКОВА.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

«Ауырмаңыз»

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер