АУЫЛДЫҢ АЙТҚЫШТАРЫ - Kazakh TV

Ауылда Мақсұт деген жігіт ағасы бар. Жігіт ағасы дейтіндей жөнім бар, өйткені ол 1967 жылы туғанымен, әлі күнге үйленбеген, сүр бойдақ. Оны ауылда өзінің азан шақырып қойған атымен ешкім атамайды, шын атының Мақсұт екенін де үлкендер болмаса, кейінгі жастар білмейтін шығар, себебі оны барлық ауылдастары «Шопи» деп атайды.

Ал олай аталу себебі, Шопидың әлі тілі шыға қоймаған бала кезінде «Мен өскенде шопыр болам» дегенді айта алмай, тілі келмей «Шопи болам» деп айтқанынан осылай аталып кеткен деседі. Сол Шопидың «деген екен» деген сөздері ауылда көптеп айтылып жүреді, енді солардың бірнешеуіне тоқталайын.

***

Шопидың құрдастары бір-біріне «қасқыр», «есек» , «аңқи», «жымпи» деген сияқты лақап аттар қойып атап жүреді. Ол аттарын естіген ауыл адамдарының да құлақтары осыған үйреніп кеткен. Бірде Қайырбек деген құрдасы (лақап аты «есек») Шопимен алыса жөнеліп, оны жығып салады.

Әншейінде еңгезердей Шопидың кішкентай есектен жеңілмейтіні рас еді. Бірақ дәл осы жолғы жеңісіне масаттанған әлгі Қайырбек келесі күні жолдастарына кешегі өзінің жеңісі туралы айтса, оған ешкім сенбепті.

Әбден ызаға булыққан Қайырбек Шопидың өзін ертіп келіп, барлығының көзінше кеше өзінен жеңілгенін мойындауын сұрапты. Сонда Шопи ағамыз өзінің қуақы әзіліне салып «Ия, кеше есектен құлағаным рас, өйткені оны ерттемей міне салып едім» деген екен.

***

Бірде ауылда үлкен ас беріледі. Құран оқылып, қатым түсірілгеннен кейін дастарханға тамақ әкелінеді. Сол күні қымыз да беріледі. Дастархан басына отырғандар әдетте өзара іріктеліп, құрбы-құрдастары бірігіп отыратыны белгілі жайт.

Ет желініп, қымыз құйыла бастағанда біреулер қымызды ішемін, ал біреулері керісінше ішпеймін деп қайтадан қайтарып жіберіп жатады. Ерекеңмен қатар отырып қалған баяғы құрдасы «есек» қымыз құйылған ыдысын ішпеймін деп кері қайтарыпты.

Оны Ерболат қасындағы адамдарға «Есектің қымызын ішесің бе? Мә, іш» деп ұсына бастайды. Дастархан басында отырғандар "ойбай, ішпейміз" деп шоши жауап береді де, Ерболаттың қалжыңын түсінбей қалады.

Сонда өзі «Сендер ішпесеңдер босқа қала ма, Есек ішпеген қымызды өзім іше салайын» деп алдындағы ыдысты босата салыпты. Сөз төркінін енді ғана түсінген дастархан басында отырғандар ду күліпті деседі.

***

Ерболаттың ауылда ұсталықпен айналысатынын жоғарыда айтып кеттік. Ерболатты жаз беті ауыл адамдары үйінің шатырын жөндеуге шақырып жатады. Ауыл адамдарының ептеп жағдайлары түзеліп, барлығы да бұрынғы ескі шатырдың орнына жаңадан қаңылтыр шатырмен жауып жатқан кез болатын.

Бір күні кезек Абақ ағаға да келеді. Ерекең төбеде үй шатырлап жүрсе, өтіп бара жатқан Абақтың көршісі, бір ақсақал тоқтай қалып, олардың жұмысын мақтай жөнеледі. Ерекеңді мақтағанды өзінше көре алмаған Абақ та жай тұрмай, оны жамандай жөнеліпті.

«Қайдағы, бұның қолынан түк те келмейді, бәрін өзім айтып, қасында тұрып зорға істетіп жатырмын. Әйтпесе бұл істеудің орнына, бәрін бүлдіріп тастайды» дейді. Сонда Ерекең ақырын ғана жымиып, әлгі ақсақалға қарап:

«Ия, нағашым дұрыс айтады, бәрін өзі айтып, өзі көрсетіп тұр. Мен тура соның айтқанымен істеп жүрмін. Тіпті үйінің шатырын да өзінің басы сияқты жып-жылтыр қылып шатырлап жатырмын» деген екен күліп.

***

Ертеректе, өзі мал бағып, фермада тұрған кезінде Ерболат оқушы балаларын сабақ басталатын болған соң ауылда тұратын ата-анасының үйіне кішкене ат-арбаға салып алып келе жатады.

Жол бойындағы бір қыстақтың жанынан өтіп бара жатқанда оны Ақыл деген кісінің әйелі Қалида апай тоқтатып, өзін ауылға ала кетуін өтінеді.

Қалида Ерболатқа нағашы болып келеді, сондықтан ол оған қылжақтап, арбада орын жоқ екенін айтып, сылтауратады. Ал Қалида болса жабысып болмайды. Тіпті болмаған соң Ерболат ол кісіге «Ақылың бар ма? Ақылың болса - алмаймын, ал Ақылың жоқ болса – аламын» депті.

Бұл сөзге қуанып кеткен Қалида апай өзінің күйеуін сұрап тұр деген оймен жалма-жан: «Жоқ. Ақылым жоқ. Ақылым үйде қалды» деп, арбаға отырып алыпты деседі.

Шәкәріп ӘРІПҰЛЫ

Шығыс Қазақстан облысы

Тарбағатай ауданы

Үштөбе ауылы

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер