«ТАМАШАНЫҢ» ТАМАШАСЫ ЕДІ - Kazakh TV

Актер Құдайберген Сұлтанбаев пен «Тамаша» режиссері Лұқпан Есенов екеуі өнерде айнымастай дос болды. Сол достықтың нәтижесінде «Тамаша» ойын-сауық отауы үлкен дәрежеге көтеріліп, халықтың сүйікті отауына айналды. Өнерде адам бір-бірін сүймесе, бір-бірін досындай ардақтамаса, алға қойған мақсат жүзеге аспайды. Режиссер мен актердің бір-бірінің түсіністігінен «Тамаша» өнері биікке көтерілді.

Сол кездегі теледидар төрағасы Камал Сейітжанұлы Смайылов та Құдайбергенді туған бауырындай сыйлайтын. Он жыл бойы «Тамашаға» интермедия жазғанда Камал Сейітжанұлы бізге бір міндет жүктейтін. Өзі күліп тұрып: «Шөмішбай, сен Димекеңнің – Димаш Ахметұлының үйіндегі жеңгемізге ұнайтындай етіп жаз, ал сен Құдайберген сол жеңгеңе ұнайтындай етіп ойна», – дейтін. Ол кезде видеотехникалардың да жоқ кезі. Дінмұхамед Ахметұлының үйіндегі жеңгеміз «Тамашаның» ең жақсы интермедияларын жаздырып алып, өз үйінде қайталап көретін. Соның ішінде көбіне-көп Құдайберген ойнаған рөлдерді таңдайтын.

«Тамаша» алғашқы кездерде студияда түсірілді. Әлі есімде, үш аңшының әңгімесін түсіргенде, әлемге мәшһүр үш аңшы суретін алып, олардың бастарының орнына Құдайберген, Тұңғышбай, Мейірмандардың басын салып ойнатып, режиссер Лұқпан Есенов алғаш жаңалық ашқан. Ол кездер үшін бұл үлкен режиссерлік табыс еді. Екінші бір қойылымда Құдай­берген Сұлтанбаевты кілеммен ұшырып, бір ғажайып оқиға жасаған. Мұндай эпизодтар да бұрын-соңды қолданылмаған. Бұл «Тамашаның» табысы еді, бұл Лұқпан Есеновтің режиссерлік, Құдайберген Сұлтанбаевтың актерлік шеберлігі еді.

Бір жылдай «Тамаша» студияда түсірілгеннен кейін Құдайберген Сұлтанбаев есімі халыққа кең таныла басталды. Содан бір күні телерадионың төрағасы Камал Сейітжанұлы Смайылов Республика сарайында өткізуге Орталық комитеттен рұхсат алды. Содан бастап, «Тамаша» тамаша болды. Халықтың күтетіні де – «Тамаша», сүйіп көретіні де «Тамаша» еді. Соның бел ортасында – Құдайберген Сұлтанбаев «Тамашаның» беделі, әрі абыройы болды десек қателеспейміз.

Шөмішбай САРИЕВ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер