«АСЫЛ АНА»

 

Мектепте үздік оқыған Дүйсекеев 1964 жылы 11 жылдық мектепті бітіреді. Сегізінші сыныпта музыкаға қызығушылығы артып, домбыра үйірмесіне бара бастайды. Мектепті аяқтауға жақын қалғанда әкесінің орнына әке болған үлкен ағасы ғылым академиясына, Ахмет Жұбановқа ертіп барады. Болашақ музыкант Жұбановтың алдында өзі білетін күйлерді шертіп, шығарған әндерін айтып береді. Талабы таудай баланың талантының бар екенін айтқан Ахмет Жұбанов оның консерваториядан бұрын білімі толық болсын деген оймен училищеге дайындық курсынан өтуін құп көріпті. Содан К.Дүйсекеев училищеде 5 жыл, консерваторияда 5 жыл оқып, өнер қуып жүргенде қатарластары 4-5 жылда агроном, инженер сияқты мамандықтарды алып, ауылға келіп жұмыс істей бастаған еді. Сөйтіп, Алматы мен Қызылорданың арасын жол қылып, сабылған ұлына анасы бір жолы «Мына жын-перінің оқуын қашан қоясың» деп ұрысқаны да бар екен.

1974 жылы оқу аяқтаған соң жас ком­позитордың аты шыға бастады. Ал 1979 жылы Республика сарайында оның әндері орындалатын үлкен ­концерт өтеді.Кешке апасын ертіп барған Кеңес қияли әдетіне басып,анасын зал­дың орта тұсына отырғызады да өзі шет жаққа жайғасады. Апасы байдың тәкаппар қызы болған ғой. Сезімін жиі сыртқа шығара бермейді екен. Мақтауын да ішінде сақтайды. Содан концерт басталғанда сахнадан «авторы Дүйсекеев» деп әнді хабарлаған жүргізушінің даусы естіледі. Композитор қуанып отырған шығар деп анасына қараса, жүзінде ешқандай өзгеріс жоқ. Күйеуінің тегі айтылса да кірген кездегі көңіл күймен отыр. Екінші әні хабарланғанда ғана жан-жағына қарай бастайды. Үшінші ән орындалғанда апасына бұрылса, көкірегі көтеріліп, айналасына маңғаздана көз тастап отыр екен.Мұндайда мінезді анаға еріксіз күлесің.

«Концерттен қайтып бара жатып сұрағанымда «жаман емес» деген пікірден басқа ештеңе айтпады. «Асыл ана» осындай алтын анама арналған алғашқы әнім. Бұл да 1976 жылы жазылды. Одан кейін де ана туралы бес-алты ән туды. Бірақ барлығында бәрібір де осы алғашқы шығармадағы перзенттік сезім көрініс табады» деп еске алады композитор.

Абай СЕЙФУЛЛАҰЛЫ