Білімін музыкалық училищеде бастаған жас Кеңес 1974 жылы Алматы консерваториясын тәмамдайды. Ал «Сәлем саған, туған елді» 1976 жылы жазады. Әйгілі әннің алғашқы орындаушысы – Роза Рымбаева. Сол жылдар оның әншілігімен жақсы көзге түсіп жүрген кезі екен. Автордың айтуына қарағанда, шығарма қазақ өнерпаздары өзге елдерге гастрольдік сапарларға барғанда ұлтты таныстыру және сәлем ретінде айтатын дүние жасау мақсатымен өмірге келеді. Роза Қуанышқызы көптеген мемлекеттерде концерттерін осы әнмен ашып жүрді. «Бізде Қызылордада «Мақтау-мадақтау» деген терме бар. «Сәлем саған, туған ел» соның интонациялық байлықтарын, образын пайдалана отырып жазылған» дейді Кеңес Дүйсекеев.

          1979 жылы Түркияның Стамбул қаласында өткен «Алтын микрофон» байқауына Роза Рымбаева қатысып, лауреат атанғанды. Аталмыш фестивальда ол «Домбыра туралы балладаны» түрікше шырқап, артынша «Сәлем саған, туған ел» әнін қазақша айтады. Музыкасы да түріктікіне ұқсас әннің көңілді ырғағына елтіген түріктер орындарынан тұрып билеп кеткен. Қырық жылдық тарихы бар бұл ән туралы естелік көп. Композитордың өзі қазақ эстрадасындағы жаңалығым деп есептейтін шығарманы бүгінгі күні де жас әншілер бірінен соң бірі орындап жүргені белгілі.

Абай СЕЙФУЛЛАҰЛЫ

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер