Бес жасында айырылып қалған әкесі туралы композитор Кеңес Дүйсекеев көп уақыт бойы ән жаза алмаған. Әкесінен естелік сурет те қалмапты. Қанша тырысып бақса да дұрыс ән туа қоймайды.
       Қызылордада Кеңес Дүйсекеевтің атында музыкалық конкурс бар. Екі жылда бір өтеді. Туған жердегі сол байқаудың бірінен қайтып келе жатқанда ойына тосын әуен оралады. Ертеңіне Тұманбай Молдағалиевке барып әнді орындап, «Әке» деген ән болу керектігін айтып, сөзін жазуын сұрайды.
Тұмағаң «Мен де әке туралы жазғалы жүр едім. Сен әкеңнен бес жасыңда қалсаң, мен бес айлығымда қалғанмын. Сен ойнай бер. Мен қазір жарты сағатта жазып берем» деп қуана келіседі. Расында да, жарты сағатта жазылып бітеді. Дегенмен, қайырмасындағы «Сенсің менің күйігім» деген сөз композиторға ұнамай, өзгертуін өтінеді. Ал Тұманбай ақын келіспейді. Содан екеуі ұзақ айтысып бір шешімге келе алмаған. Сол күні кешке Тұманбай Молдағалиев композитордың үйіне телефон соғып, әйеліне «Кеңеске айтшы, «Күйігім» дегеннің орнына «сүюім» дей салсын» депті. Оны естіп тұрған Кеңес телефонға жабысып, «Сүюім» дегені күйігімнен де жаман ғой» деп бұлқан-талқан болады.
      Ертеңіне Тұманбай Молдағалиевке те­лефон соқса, «Сен бала әнді то­лы­ғымен өзің әкелдің. Ақыры өзің ақын екенсің, сол жерін өзің жаза салшы» депті. Композитор амалсыз ән қайырмасын қайта өзгертіп

 «Сенсің менің тірегім,

Лүпілдеген жүрегім.

Аман-есен бол балам,

– деген әке ті­ле­гің» деген жолдарды жазған. Шынайы перзенттік сезімді сездіретін әннің қысқаша қызықты тарихы осылай.
          Ақын Шөмішбай Сариев «Кеңес, сен қателікпен композитор болғансың. Сыншы болатын адамсың ғой» деп әзілмен қағытатын Кеңес Дүйсекеев ақындардың жазғанын ұнатпаса, ойын айтып, көп әндердің сөзін осылай өзі жазып жібереді.

 

Абай СЕЙФУЛЛАҰЛЫ

АСТАНА

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер