Астана тұрғындары кешегі Целиноградтан әрі Ақмола тарихынан  Куприн деген көпестің есімі айтылса ғана елең етеді. Оның салдырған ғимараттары, сауда үйлері әлі күнге дейін тұр. Сол Куприннен дәулеті кем емес кәсіпкер,фабрика ұстаған, қазақ даласына алғаш жеңіл көліктер әкеліп сатқан Баймұхамбет Қосшығұлұлы туралы жұрт біле ме екен?!   

        Орыс-татар әлділерімен дәулет жарыстырып, Ақмоланың қазақ ауқатты да сауатты азаматтарының көшін бастаған ағайынды Қосшығұловтар осы өңірде алғаш рет кондитер фабрикасын іске қосты. Әулет басшысы Баймұхамбет Қосшығұлұлы еді. Жетім өскен Баймұхамбетті татар көпесі асырап алып, сауданың қыр-сырына үйреткен. Епті бала сауда ісін кейін балаларына үйретіп, дәулеті тасыды.

         Оның атын шығарған кәсіпорны Ақмолада ашқан кондитер фабрикасы қазіргі Абай даңғылындағы Қызмет көрсету үйі мен "Абай" қонақ үйінің арасындағы жерге орналасты. Бұл тұста дәл осындай кәсіпорын қазақ қалаларында жоқтың қасы еді. Фабрика түрлі тәтті тағамдарды шығарды. Ел ішінде табылмайтын конфет, шоколад, зефир, печенье жұрттың зәру асы болатын, сондықтан тез өтті. Баймұхамбеттің дәулеті дөңгеленіп жүре берді. Баймұхамбет Ақмоладан үш дүкен ашады.Оларға келушілер күн өткен сайын көбейеді. Қала тұрғындары өлшеп алса, бақалшы саудагерлер арбалап алып қырға апарып сатады. Фабрика уақыт өткен сайын қуатын арттыра түседі.

          Баймұхамбеттің балалары сауапты істі де ойлаған. Ақмоладағы жалғыз ағаш мешіт өртеніп кеткен соң баласы Бекмұхамбет жеке қаржысына мешітті тастан қайтадын тұрғызады.Мешіт жанынан 1905 жылы ислами білім беретін медресе үйін де тұрғызады. Бұл ғимарат әлі күнге дейін қызмет етіп тұр. «Қазкоммерцбанктің» бір бөлімшесі орналасқан ескі үй күрделі жөндеуден өткен, қазіргі кезде Әлихан Бөкейхан көшесінің бойында тұр. Ел сол кезде бұл ғимаратты «қызыл мешіт» атап кеткен екен.  Фабрика оның ұлы Нұрмұхамбеттің қолына көшкенде ол әкеден қалған дәулетті өсірмесе кемітпейді. 1929 жылы кеңес өкіметі тартып алғанша Ақмола мен оның маңайындағы елді өзінің өнімімен толық қамтамасыз еткен.

       Қосшығұловтардың үлкені – Шәймерден ресейдің екінші Мемлекеттік думасына Ақмола облысынан депутат болып сайланған. Жұмысын 1907 жылғы 20 ақпанда бастаған осы дума депутаттарының арасында қазақтан Мұхамеджан Тынышбайұлы, Әлихан Бөкейхан, Алпысбай Қалменұлы, Ахмет Бірімжан, Бақтыгерей ҚҰлман, Бақытжан Бейсалыұлы Қаратай, Молда Тайынұлы, Дәуіт Ноян-Тұндұт, Сәлімгерей Жантөре, Темірғали Нұрекен, Тілеулі Аллабергенұлы бар еді.

         Шаймерден Қосшығұлов думада батылдығымен, терең ойлылығымен көзге түсті. Ресейдің егіншілік пен жерге орналастыру ісінің бас басқарушысы князь Васильчиковтен қазақ даласына орыс шаруаларының ағылуын тоқтатуды талап етеді. Осы өлкеде жүргізілген шоқындыру саясатына қарсы шығып, Ш. Қосшығұлұлы ұлт ақыны Абайға арнайы хат жазып, ақыл сұрап, кеңес алған. Қазақ жастарының шоқынып кетпеуі жолында ел мен жерден дүркін-дүркін ашық хаттар ұйымдастырып, өзі де елді аралап жүріп жинап, тегеурінді қарсылық көрсетіпті.

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер