– Нұртас Оңдасынов Дінмұхаммед Қонаевты – Ленинградтан, Қаныш Сәтбаевты – Жезқазғаннан, Хакімжан Наурызбаевты Қостанайдан тапқан деседі...

– «Бірін ірі саяси қайраткер, екіншісін ғұлама ғалым, үшіншісін тұңғыш мүсінші жасағаны үшін қазақ халқы оған қарыздар» деп жазған профессор Ғарай Сағымбай. Ол кездері КСРО Ғылым академиясының Қазақстан бөлімшесінде кілең өзге ұлттың өкілдері қызмет етіп, қазақ ғалымдарының жоқтығы тұлғаның жанына батады. Сөйтіп Ғылым академиясын құруды мақсат етеді. Өзі Қаныш Сәтбаевтың талантын байқайды да, көмекшісіне айтқан тапсырмасы бойынша ол Мәскеу қаласына Н.Д.Оңдасыновтың соңынан барып, алғаш екеуі қонақ үйде құпия жағдайда кездескен. Себебі Қ.И. Сәтбаевтың үстінен бұрын Алашорда мүшесі болған деп арыздар жазыла бастаған уақытта, оны аса сақтықпен қиын жағдайдан алып шығып, Қазақстан Ғылым академиясына Президенттікке ұсынған. Оған дейін «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правдадан» мақаласын оқып, тың ойларын, идеяларын ұнатқан. Тіпті, мақаласын сақтап қойған екен. Орынбасарына «Сәтбаевты табыңдар. Соңымнан Мәскеуге келсін» деп өтінеді. Содан екеуі Мәскеуде кездесіп, қазақ ғылымы туралы әңгімелесіп, болашаққа жоспар құрады. Ол уақытта Сәтбаев Жезқазғанда геологиялық экспедицияны басқарып жүрген. Сөйтіп, оның басына төнген қауіптен аршалап алған да Оңдасынов. Содан көптен күткен Ғылым академиясы құрылып, оны Сәтбаевқа тапсырады. Нұртас Оңдасынов өзі көптен армандаған академияның ашылу кезінде «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын» деп ырымдап күміс ақшаны таған қаққанда табанына тастаған екен.

Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысына барған сапарында Лениногор кенішінде жүрген Қонаевпен 1938-1939 жылдары танысып, 1942 жылы үлкен саясаткер басшылық қызметке әкеледі. Ал 1943 жылы Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданына іссапарға барғанда 16 жасар Хакімжан Наурызбаевтың талантын байқап, оны Алматыға оқуға шақыртып, мүсінші Ольга Кудрявцеваға тапсырып, Украина мен Ресейге оқуға жіберткен. Кейін Хакімжан Наурызбаев қазақ халқының атақты мүсіншісі болды. Ол өзінің естелігінде: «Қайраткер Нұртас Оңдасынов болмаса, мүсінші Хакімжан Наурызбаев болмас еді» деп жазған еді.

Халқының шын жанашыры күн демей, түн демей қызмет еткен. Алғашқы Самарқан аталған түсініксіз атауы бар зауытты – «Теміртау», Гурьев-20 деген атауы бар қаланы – «Ақтау» атандырған да Нұртас Оңдасынов. Мұнайлы Маңғыстау мен Атырауға 7 жыл басшы болған Оңдасыновты әлі күнге дейін аңыз қылып айтатын ақсақалдар бар.

Қанат ЕҢСЕНОВ

зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты

Cұхбаттасқан

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер