КІСІ КИЕСІ - Kazakh TV

          Қазақ сахарасында өте көп тараған киелі ұғымдар әулие адамдарға қатысты боп келеді. «Әулиенің бұлағы», «әулиенің тасы», «әулиенің киіктері», «әулиенің ағашы», «әулиенің жыланы» деп кете береді. Ел ішінде олардың басынан өткен кереметтер туралы аңыз-әңгіме өте көп. Сондай кереметтің бірі – «әулие денесінің шірімеуі». Халық арасында «Құранды көп оқыған адамның ішіне Құран түсіп кетеді де, соның қасиетінен денесі бұзылмайды» деген діни сенім берік орныққан. Алайда, бұл сенімді тек мифтік таныммен ғана танып, не болмаса мистицизммен ғана байланыстыру аздық етеді. Себебі, әулиенің денесінің шірімей сол қалпы сақталғаны туралы нақты деректер там-тұмдап болса да кездеседі.
        Ел аузында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының да денесінің шірімей сақталғаны туралы әңгіме өте көп. Оған себеп әулиенің денесін көзбен көріп, қолмен ұстаған кісілердің жазып қалдырған деректері болса керек.
        Мәшһүр Жүсіптің немересі Қуандық Пазылов былай дейді: «Бала кезден есімде (1947–1948 жылдар болуы керек), бейіт ауыз үйден және төр үйден тұратын. Төр үйінің есігі қылуеттің қақпағындай. Адамдар қақпақты көтеріп ашып, сатымен түсетін. Екі қария дәретін алып түсіп, денесіне ақ жабады. Алдын ала жағып, дайындап қойған шамды маған «алып бер» дейді. Апарып беремін. Бала болсам да құлағымда мына сөз қалып қойыпты. Уәли деген ауылдық кеңестің төрағасы бар еді, сол қарын тұсын саусағымен басып көріп, «былқылдап, жұмсақ жатыр», – деді, сосын тек бақайының тырнақтары түсіп қалғанын айтты».
       Мәшһүр Жүсіптің немересі Сүйіндік Көпеев марқұм да өз естелігінде: «1946 жылы Сәбит Мұқанов келіп, қабірдің ішіне түскен еді. 1950 жылы өзім де түсіп, денесін сипаған едім, сонда жадағай жерде жатса да, біртүрлі хош иіс шығып тұрды. Ешбір құрт-құмырсқа, көрді жайлап алатын сасық күзен, тышқанның ізі білінбеді», – деп жазған болатын .
       Қожа Ахмет Ясауи әулиенің тәнінің сол күйі шірімей сақталғаны жайлы да дерек бар. ҚазССР-дің еңбек сіңірген қайраткері, бұрынғы «Қазпроектреставрацияның» басшысы Баян Тұяқбаева Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жүргізген реставрация жұмыстары жайында естелік келтіреді.
«… Тоқсаныншы жылдары кесенеге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргiзген болатынбыз. Бабамыздың құлпытасы лақат жағына қисайып кетiп едi. Бiз қызығушылығымыз оянып, сағананы (12 ғасырда жасалған сағана) ашып қарап, мүрдесiне қол тигiздiк. Денесi әлi шiрiмеген екен, жаны бар. Бұдан әрi айта алмаймын. Бiрақ сол кездегi көңiл күй ерекше болды… Есiмнен кетпейдi…» дейді.
      Маңғыстаудағы Бекет атаның денесі Оғландыдағы жер асты мешітінде жерленген. Денесі шірімепті. Шырақшы ұрпақтары айына бір рет келіп, оның сақалын, тырнағын тұрақты алып күтімде ұстаған екен. Жылына бір рет Құрбан айттың алдында арапа күні «киімін жаңартып тұрған». 1955 жылы мешіттегі шырақшы балықшы Молжігітке түсінде Бекет ата аян беріп: «болашақта келушілердің легі көбейетінін айтып өзі жатқан бөлменің есігін таспен қалап тастауын тапсырады ».
        Шәді төренің де денесінің шірімегені туралы естеліктер бар. Қызылорда өңірінде тұратын Бектай Сүлейменов ақсақалдың естелігінде:
«1958 жылы елде әжептеуір саяси жылымық орнай бастаған кезде Жүсіпбек атамның баласы әкесін елге – Қызылорда облысының Шиелі өңіріне көшуге көндірді. Көшер алдында атам соңғы рет ұстазы Шәдінің басына барып құран бағыштамақ болған. Қасына жергілікті біраз қарияларды ертіп барса, қабірдің бір шеті үңірейіп құлап қалғанын көреді. Сол жерде қариялар ақылдаса келіп, қабірді ашып, тереңдетіп, мүрдені сол жерге қайта көмуге шешім қабылдайды. Қабірді ашқанда таңғажайып көрініске сол жердегі адамдардың бәрі куә болады, арада 25 жыл өткеніне қарамай, ашаршылық, тар заманда тізеден ғана тереңдікке көмілген Шәді төренің денесі сол қалпында ірімей-шірімей жатқанын көреді, сақал-мұрты, тырнақтары өсіп кеткен екен. Халық арасында «құранды көп оқыған адамның ішіне құран түсіп кетеді де, соның қасиетінен денесі бұзылмайды» деген сөз бар. Сол рас болғаны да. Бұл оқиғаны сол қышлақтың адамдары осы күнге дейін айтып жүр» делінеді. Шәді төре 1933 жылғы ашаршылықта Қаратөбе деген жерде дүние салыпты.

«degdar.kz» сайтынан алынды

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер