ҰЛЫҚТАУСЫЗ ҚАЛҒАН ҰЛТТЫҚ ОЙЫН

ҰЛЫҚТАУСЫЗ ҚАЛҒАН ҰЛТТЫҚ ОЙЫН

Бір қарағанда, атауы қызық ойынды бүгінгі бала білмесе керек. ХХІ ғасырда, технологиялық өрлеу дәуірінде өмір сүріп жатқан бала біткенге бұл ойын бұтына бұтақ жапырақтарын іліп алған тас дәуіріндегі жабайылардың ойыны болып көрінуі де мүмкін.

Иә, айтса айтқандай-ақ, компьютеріңді «шашатын», айпад дей ме, айфон дей ме, бүгінгі жаһанданудың жалына жармасқан жастар осы техниканың құлағында ойнайтыны мәлім. Ал кішкене балалардың да жиылып алып, асық атып, ләңгі теуіп жатқанын көрмейтін болдық бүгінде.

Оның орнына интернеттің игілігіне қанып, агентіңнің жілігін шағып, майын ішуге құмбылдар көп. Ал бесікте жатқан бала­ның қолында да ұялы телефон не болмаса теледидардың пульті...

Мектеп жасындағы балалардың да көшенің шаңын шығарып, улап-шулап жатқанын көрмейсің. Үнемі компьютердің алдында тесіліп отыру, дене қимылының аз болуынан балалар арасында түрлі дерттердің өршіп бара жатқанын айтып, дәрігерлер дабыл қағуда. Алайда...

Балаларды ептiлiкке, шапшаңдыққа, мергендiкке баулитын асық ойыны ұмытылып барады. Мәселенің мәнісіне тереңірек үңілсек, үлкендерге барып тірелетін сықылды. Өйткені немересі үшін жүрген жерінде асық жинап жүретін қарияларымыз азайды.

Дүниенің бар сиқыры сонда ғана сияқты көрінетін алақандай темірге үңіліп отыратын немерелерге «асық ойна» деп айта алмайтыны рас енді. Кезінде «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық-бауыр жеген озар» деп ұрандаттық.

Бірақ асық ойнаған азып кет­кен жоқ, доп ойнап, тозып кеткен тағы ешкім жоқ. Қой баққанның да бағы жанып кеткені шамалы. Дегенмен пайдасы болмаса, зияны жоқ осы ойындар замана көшімен шаңға көміліп көмескіленіп қалып бара жатқаны өкінішті. Асық шіркіннің алтынмен апталып, күміспен күптеліп кәдесыйға айналғаны болмаса...

Бірақ оған да күпірлік қылмай, шүкір деуіміз керек сияқты. Асық ойнағанның орнына боулингті құп көретіндер көп. Осылайша, ауылдағының аузы жұпар аңқымайтынын дәлелдеп жүрміз.

Төрге озған ойындардың ішінде гольф те жүр. Дәлдікті, мергендікті сынайтын мұндай ойындарды атам қазақ баяғыда-ақ шығарып қойған. Тек оның бүгінде босағада сығалап қалғаны болмаса...

            Мамандардың айтуы бойынша, асық ойыны баланың көру қабілетін жақсартуға таптырмайтын ем көрінеді. Ой өрісін дамытуға да сеп. Одан қалса, ептілікке, есепке үйретеді. Асықты дәлдегенде ми тамырлары кеңейіп, жұмысы жақсаратын көрінеді. Қолға ұстап иіргенде, саусақ пен алақандағы жүйке нүктелері оянып, ми тынығады.

Жалпы, асық ойыны баланы жүйріктікке, ептілікке үйретіп, көзін қырағы етеді. Бұрынғыша емес, бүгінгіше айтқанда, асық ойнаған бала азбайды да, тозбайды да, қайта озбаса...

Қазақ баласының онда да ауыл баласының асықтан кейінгі ойын – ләңгі. Қойдың үлпілдеген жүнді терісіне қорғасын құйып, ләңгі етеді. Бір қарағанда, ләңгі мен доп тебу, асық атып, шыбық міну ауыл баласының ұлттық ойыны тәрізді. Ал қалалық бала мұндай ойын түрі бар екенінен хабарсыз, тіпті атын да білмейді.

Бір ғана асық ойынының «Үш табан», «Бiр табан», «Әйзiк», «Атпақыл», «Шығу», «Құмар», «Таған», «Шең­бер», «Шiк-Бүк», «Қақпақыл», «Иiрмекiл», «Жемекiл», «Ханталапай», «Қора», «Алшы» деген түрге бөлінетінін көпшілік біле бермеуі мүмкін.

Аталмыш ойынды ойнағанда дене мүшелерінің барлығы қозғалысқа түседі. Ал ләңгі ойынында аяқ қимылы жақсара түседі. Әттең дегізерлігі, ұлттық ойын ретінде ата-бабалар ардақ тұтқан асық пен ләңгі бүгінде ұмыт бола бастады.

Ләңгі дала ойыны ма?!

Заманына қарай ойын түрі де өзгеріп отыратыны қалыпты жағдайдай қабылданатыны бар. Расында, бұрынғы асықтың орнын боулинг пен гольф басса, әзірге ләңгінің орнын басатын ойын түрі табылмай тұр. Бүгінгінің балалары ләңгі ойнамақ түгіл, шыбықты ат қылып мінбейді, менсінбейді.

            Ой өрісі дамып кеткен, іштен бәрін біліп туатын бүгінгінің балалары counter strike-ты ойнағанда алдына қара салмайды. Осылайша өзімен-өзі тұйықталып, өзге ешкімді жақтырмайтын, сөйлеу түгіл, ойлау қабілеті дамымай қалған ұрпақ өсіп келеді. Ал бұрынғының балалары болса, ептіліктің де, сөзуарлықтың да түбін түсіретінді.

Мұның бәрі жаппай ойын ойнау кезінде дамитыны белгілі. Кезінде осы ләңгі ойынын жанын салып ойнаған аға буын өкілдері соған байланысты оқу үлгерімдеріне де әсер еткенін жасырмайды.

           Балаларды бұл ойынға деген құмарлықтарынан қайтару үшін мұғалім біткен не істемеген десеңізші. Ата-анасын шақыртып, бұрышқа тұрғызса да, қойғыза алмаған. Тіпті «грыжа дисков» деген дертті болатынын құлақтарына құйса да, алған беттерінен қайтара алмапты.

Ләңгіге деген «махаббат» балаларды ұсақ ұрлыққа да итермелесе керек. Сойылған қойдың терісінен оймақтай етіп ойып алып, қорғасыны бар заттың бәріне жаудай тисе керек. Осылайша, өз заманында жаппай белең алған «блатной» ойын түрі бүгінгі баланың бетін бұрғыза алмай тұр.

Дегенмен жоғалып барады деп жылана беруге де болмас, өткен жылы Қызылордада ләңгі ойынынан чемпионат өтті. Оған 60 жасқа дейінгі барлық тілек білдірушілер қатысып, ойынның көрігін қыздырған болатын. Білетіндер барын салса, білмейтіндер үйренуге талпынып, қызығушылық танытқан.

            Осылайша, өшіп бара жатқан ойын түріне жаңаша өмір сыйлаған бастамашыл топ ләңгі ойынын патенттеуге де ниет білдірген болатын. Көкпар, қыз қуу, бәйге, жамбы ату сынды ұлттық ойындарымыздың қатарынан ойып тұрып орын алмаса да, ләңгінің де әжептеуір аты бар.

Осы ойын түрін қатарға қосып, қазақтың қара домалақтарына қайта ұсынсақ, ұтарымыз көп болар еді. Оны үйретудің де қажеті жоқ. Өйткені атасы ойнаған, әкесі ойнаған.

Уақыттың жоқтығын айтып, ызыңдай бермей, тапжылмай отырып теледидар қарайтын балаңызды көк жәшіктің алдынан жұлып алып ләңгі ұстатсаңыз, денсаулығына да пайда, өзіңізге де пайда.

 

Қарақұл ЫБЫРАЙЫМ, Оңтүстік Қазақстан облыстық офтальмология орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Бүгінде балалар арасында жақыннан көрушілік басым. Алыстан көру қабілеті кемшін. Мектепте парта мен тақтаның арақашықтығы, анау айтқандай, ұзақ емес екені белгілі. Компьютерде де азғана қашықтықтан қарау көру қабілетін нашарлатады. Көзілдірікке тәуелділердің қатары көбейіп барады. Асық ойнағанда баланың көру қабілетін жақсартуға мүмкіндік мол. Дене қимылын көп қажет ететін ойынның бәрінің өсіп келе жатқан бала ағзасына пайдасы көп.

Қалмұрат АЙМАХАНОВ, зейнеткер:

– Расында, бүгінде балалар ойыны адыра қалып бара жатқандай. Бұрындары бала біткен көшені басына көтеріп, доп қуып, шуылдап жататын. Қазір қарасаң, үйіріліп отыра қалып сулифа дей ма, домалақ қағазды айналдырып ойнап отырады. Баланың жетілуіне ойынның оң әсер ететіні сөзсіз. Әсіресе дене қимылын жетілдіретін ойындар жақсы.

Гүлжан КӨШЕРОВА