КИІКТІҢ КИЕСІНЕ ҰШЫРАҒАН ӘЙЕЛ - Kazakh TV

Қазақта киікті киелі жануар деп есептейді. Оны атқан адамдар бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар. Кейде көнеден сақталған аңыз, мифтер шындыққа жанасып жатады. Біздің ауылда Сайынкүл есімді ақыл-есі кемдеу, үстіне қалай болса солай киініп жүре беретін бір әйел болатын. Алба-жұлба киімі, басына добалдай етіп тағып алған орамалы алыстан көрген адамды шынымен шошытардай-ақ еді. Иығына асып алатын үлкен ала сөмкесі бар. Өзі үйде отырмай, жыл он екі ай бойы көше кезіп жүреді. Ауыл арасында, одан қалды, қоғамдық көліктерге мініп алып қалаға да шығып кете беретін. Жүрген жерінде үнемі күбір-күбір етіп, әлденелерді ай­тып, сөйлеп жүреді.

         Бала күні­мізде үйдегі үлкендердің айтқанын тыңдамай, тентектік жасап жатсақ, «қазір үйге Сайынкүл келед­і, дорбасына салып алып кетеді­» деп қорқытса, жым болатынбыз. Көшеде сонадайдан қалбалақтап, етек-жеңі желбіреп, бір иығына қарай қисайған, ұзын бойлы, бүкірлеу әйел келе жатса,­ Сайынкүл екенін бірден біліп, алыстан қаша жөнелеміз. Өзінің адам баласына зияны жоқ. Бірақ бала күннен үлкендердің Сайын­күлді айтып қор­қытқанынан әбден зәрезап болып қалғанбыз. Егде жастағы әйелдің неліктен мұндай күйге түсіп қалғанын біл­гім келіп, ауылдас ағалардың бірінен сұраған едім.

        Сайынкүл ауылға келіншек болып түскеннен бастап ел арасына өзінің сыпайылығымен, елгезектігімен көзге көрінді. Босағасынан  аттаған адамның алды­на­ ас-суын қоймай, сыйламай жібермейтін. Жолдасы Еркін мал шаруашылығымен айналысады. Бірді-екілі ірі қарасын бордақылап, ет-сүтін пұл қылады. Әйтпесе ауылда өзге күнкөрістің көзі жоқ-тын. Араға бірер жыл салып, Сайынкүл қыз босанды. Сол күні Еркін жора-жолдас­тарымен бірге аң аулауға шыққан. Тұла бойы тұңғыштарының дүние есігін ашқан күнінде киік­тің етінен қуырдақ жасады.

       Тілі дәм үйіретін астан кейін Еркін кәсіптің жаңа түрін жасағысы келіп, енді киік атуға әйелі­мен бірге жасырын шығып, оның етін ауылдағыларға сататын болды. Аз уақыт ішінде ерлі-зайыптылардың «клиенттері» көбейіп, ауыздары аққа тие бастады. Тұр­мыстары түзеліп, азын-аулақ өздеріне қор жинады. Өйткені киіктің етіне сұраныс беретіндердің саны да көбейген еді. «Дәніккеннен құныққан жаман» деген. Ақшаға құныққан екеу бұрынғыдай емес, енді иен даланың киелі жан­уарын молынан атып әкеледі. «Ел құлағы елу деген» емес пе, ел-жұрттың әңгімелері отыз рулы елге тарап, оларды аудан орталығынан арнайы тексерушілер іздеп келеді. Себебі­ атуға тыйым­ салынған жануард­ы өз мақсат-мүдделеріне пайдаланып отырған олардың іс-әрекеті заңсыз еді.

       Бірде «тексерушілер келе жатыр екен» дегенді естіген Еркін ет сақтап отырған қора-жайын түк болмағандай етіп тазалап қояды да, әйелі Сайынкүл әлі сатып үлгермеген киіктердің етін кө­лікке тиеп, ауыл сыртындағы бейіттердің орнына апарып кө­меді. Байлыққа белшесінен батып отырғанда біреу-міреу заңсыз екендігін біліп қойса, темір торға тоғытылады. Осынша қазынаны тастап кеткісі келмей, екеуі қауіптің алдын алуға кірісті. Ауыл сыртындағы бейіт­тің айналасынан жер қазып, киік етін көміп, айналасын теп-тегіс етіп қойып үйіне келеді. Тексеру­шілер олардың үй-жайын тексе­ріп, дәнеңе де таба алмай кері қайтады. Арада бір-екі сағат өтпей әлгілер қайта оралып, «бір мәшине киік етін айдалаға апарып көмгендеріңіз рас па?» деп сұрақтың астын­а алады. Алақандай ауылда әңгіме жатсын ба, шамасы Са­йын­күлдің киік етін апарып көміп жатқанын біреу-міреу байқап қалып, тексерушілерге дереу жеткізіп барса керек. Мұнысын мойындағысы келмеген олар әрі-бері сөздерінен тайсақтайды. Ақыры істің арты ашылып, күйеуі түрмеге жабылады. Артынша Са­йынкүл сандырақтап сөйлеп, өзі­нен-өзі күле­тін әдет шығарып ал­ған. Туыс­қандары дәрігерге көр­сетіп, нақ­ты емін таба алмайды. Болмаған соң емші жағалап көр­се, олар да ауруын жаза алмаған көрінеді. Ауыл үлкендері оны киіктің кие­сі ұрған деп айтып отыр. Содан бері Сайынкүл жасы егде тартып, кәрілік жеңгенше ауыл-аймақ аралап, кезбелікке салынды. Көрген жұрт өзінен-өзі сөй­леп күбірлегенде сол оқиғаны сөз арасына қосып айтатын көрі­неді.

     «Қызыл кітапқа» енген қа­сиетті жануардың киесіне ұшыраған әйелдің осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болғанын естідім. Киелі киіктің етін бейіт­тің басына жасырғаны да ағаттық болған-ау.

Әйгерім НАЖМАДИН

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер