Сенің көзің түпсіз терең, тұңғиықтан жаралған,

Сонда жатыр менде жүрген, орындалмас бар арман.

Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған,

Шашың сенің жан баспаған, жапандағы қара орман.

Қас-кірпігің қарлығаштың, қанатындай қап-қара,

Үлбіреген жүзің сенің, ақ жібек пе, мақта ма?!

Әсем басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана,

Шиедейін еріндерің, қызарып тұр шоқтана…

        Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сезім мен суретке толы бұл өлеңін кімге арнағаны бізге белгісіздеу. Бірақ кімге арнаса да, «тал бойында бір мін жоқ» арудың тегін адам болмағандығын байқаймыз. Қазақ қызының сыр-сымбатын, жүріс-тұрысын, ай дидарлы келісті көркін бұдан артық әспеттеу мүмкін емес.

 

      Ән авторы, әуесқой композитор Қанат Ибрагимов та мектеп қабырғасында жүріп, дәл осындай бойжеткенге ғашық болады. Есі кетіп, құлай сүйген нәзік жанның жүрегіне жол табу үшін іштегі сырын ақ қағазға ақтарады. Сосын қолына гитарасын алып, жанына жіпсіз байлаған сүйіктісін әнге қосады. Сөйтіп, өлеңі мен әнін өзі шығарып, туындыны ауыл арасында ғашығының құрметіне жиі орындап жүреді. Күн артынан күн өтіп, жыл артынан жыл өтеді.

         1993 жылдары өзі әнші, әрі ақын, оған қоса сазгер Қанат Ибрагимов сол уақытта «Қазақстан» телеарнасынан Тынышбай Рахымов жүргізген «Кеш жарық» бағдарламасына қатысатын болады. Тікелей эфирге бір күн қалғанда автор ойлана келе, аяқ астынан әннің мәтінін өзгертуге шешім қабылдайды. Осы оймен өзі басым бөлігін жатқа білетін Мұқағали Мақатаевтың жыр кітабын қолына алады. Біртуар талант иесінің лирикаға толы поэзиясын оқи отырып, «Сенің көзің» деп басталатын өлеңіне көзі түседі. Бес шумақ өлеңнің үш шумағын әнге лайықтап, таңдап алады. Ең қызығы, ертеңіне жұртшылық алдында әнді шырқап тұрып, бұрын-соңды тікелей эфирге шықпаған талантты жігіт қатты толқып, үшінші шумақты ұмытып қалады. Ақыры болмаған соң, «ұялған тек тұрмас» дегендей, өзі айтып жүрген баяғы мәтіннің үшінші шумағын орындай салады. – Мен отырмын, бір сені ойлап, жанарыма жас толып,

Шарапқа емес, махаббаттың күйігіне мас болып.

Ер-жігіттің ер жүрегі егілгенде, апыр-ай,

 Нәзік жанның ет жүрегі қалғаныма тас болып…

Әншінің бұл «қулығын» Тынышбай Рахымов байқап қалады.

        Хабар біткен соң, «Үшінші шумақты қайдан алдың? Мұқағалида мұндай жолдар жоқ еді ғой» дейді. Қанат Ибрагимов шынын айтады. Алайда біраз уақыт әннің сөзі осы нұсқамен шырқалып жүреді. Туындыны студенттердің басым бөлігі магнитофонға басып алып, үйренеді.

https://www.youtube.com/watch?v=Q5BQq7nGosk

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер