ТЕРМИТ ДЕГЕН ТАЖАЛ БАР - Kazakh TV

     Термит деген құмырсқа тектес жәндікті теледидардан естігенім болмаса өмірі кезігіп көрмеппін. Кейін білдім әсіресе Маңғыстау облысында  бұл жәндік үйдегі ағаш атаулысын үңгіп, кей жағдайда үйдің құлауына да себеп болады екен. Бетонды мүжіп, тасыңды үгітіп жіберетін де титтей жәндіктің қауқары бар.  Жергілікті халық оны «сары құмырсқа»,-деп атайды. Алайда, оған тұрқы ұқсайтын құмырсқалардың жөні бөлек. Термит соңғы жылдары облыста қаптап кеткен. Әсіресе Маңғыстау стансасында, Мұнайлы ауданында, Ақшұқыр, Сайын ауылдарында, Жетібай елді-мекендерінде көп. Құланды ауылындағы орта мектеп термиттердің ұясына айналып, мектеп оқушылары көрші ауылға қатынап оқыған да жағдай болды. Үйді улап, тазалап, қайта күрделі жөндеу жасаса да термит деген тажалың анау-мынауға тайсалмайды.

        Әлем бойынша бұл термиттің 2900 түрі бар. ТМД бойынша термит тажалдың 7 түрі бар. Сочи мен Владивосток қалалары да бұл жәндіктен зәрәзап болған. Маңғыстаудағы  «Кәспий термиті» де халықты әжептәуір әбігерге салып жатқан жайы бар.

       Термиттер өз әлемінде қатаң тәртіппен өмір сүреді. «Алтын сарайда» тұратын ханзадасының тұрқы  ұзын, қозғалысы ауыр болғандықтан оның жанында жүрген ондаған «күң» термиттер оны көтеріп алып жүреді. Илеудің құрылысына, ас-азықтың тасмалына, ұрпаққа тамақ тасу «жұмысшы» термиттердің міндеті. «Солдат»термиттердің басы дәу болады. Кез-келген уақытта улы сұйықтығын мазасын алған «жауларына» шашуға әзір. Сосын, олар ағаш үгіндісінен «патшалықты» сілекейімен шылап салған кезде беріктігіне оны бұзуға келген кез келген ауыр техника төтеп бере алмайды. Африкада бір құрылыс компаниясы термиттер илеуін бұза алмай әлекке түскен.

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер