Елде жайлаған ашаршылық пен жергілікті билік қысымына төтеп бере алмаған қазақ елі 1931 жылдың күзінен бастап шекара асып кете барды. Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан аумақтарына, Батыс Сібір, Орта Волга өлкелеріне дейін өткен қазақтар ауыр жолдан әлсіреп, жүре алмаған балаларын қыр, жота, асу, тауларда, темір жолдарда тастап кете берді. Ауыр жол тартып мақсатты жерге жеткен күнде де маңдайларынан жел еспеді, толыққанды көмек ала алмады. Елде қалған балалар мен шекара асқандар балалардың жағдайларының айырмашылығы аз болды. Қай жақта да аурудан, аштықтан, аяздан өлу жалғаса берді. Орта Волга, Батыс Сібір сияқты өлкелерде босқан елдің қалыңдығынан толыққанды көмектесуге шамалары жетпесе, Қытай, Қарақалпақстан сияқты елдер босып барғандарға көмек бермек тұрмақ, зәбір көрсетіп ұрып-соқты, ұры деп өтірік жала жапты, әйелдерін тартып алды, қала берді қырып салды.

         Батыс Сібір өлкесіндегі бір ғана Славгород ауданына 10 мың қазақ жиналған. Барлығына бірдей баспана жетіспегендіктен көпшілігі аш-жалаңаш күйінде далада түнеді. Өлген жануарлардың етін жеді. Пәтерлердің есігін қағып, нан сұрады. Асханаларға барып нан қоқымдарын жеп, табақтарды жалады. Жұқпалы аурулар кең таралды. Босқан халық аштықтан, аяздан өліп жатты. Славгород қаласында аудандық мекемелерге қазақтар балаларын алып келіп тастап кетіп отырды. Күніне осындай 4-5 далада қалған бала жинап алынды. Балалар үйі лық толды. Сыймаған балалар дала кезіп жүрді. Жергілікті ауданда азық-түлік жетіспеушілігінен оларға толық көмек беруге шамалары келмеді. Осындай жағдайларды айта келіп, Батыс Сібір өлкелік комитетінің хатшысы  М. Зайцев 1932 ж. 2 ақпандағы БК(б)П Қазөлкекомға жазған хатында: «мұндағы босқын қазақтарға көмек берулеріңізді және босу ахуалын тойтаруға шұғыл шара қолдануларыңызды сұраймыз» – деп жазады.

 Байтасова Диана

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер