КӨКЖАЛМЕН КЕЗДЕСУ - Kazakh TV

 

         Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Талап совхозының аға шопаны Əбдімəлік Өміров таңертең отарды өргізіп, малды қарай тұр деп немере інісі Қошқарға тапсырды. Өзі таңғы шайды ішіп, атқа қонып, баланың соңынан шықты. Күн жерден арқан бойы көтеріліп жер бетіне ерекше жылу беріп тұрса да күздің салқын желі қойын-қонышыңды кеулеп денеңді еріксіз тітіркендіреді. Ат үстінде келе жатып айналаға зер сала қарап келеді. Жылда осы кезде шиқылдап жүгіріп жүретін саршұнақтар көрінбейді. Анда-санда алдынан тапқан азығын тістеп шоқақтап қосаяқ тышқан ғана көрініп қалады. Тек қойлардың сыртылдаған тұяқтары мен шөпті бытырлата жеген дыбыстары ғана даланың тыныштығын бұзып тұр. Аспандағы тыраулап кетіп бара жатқан тырналар үш бұрышы, топтанып қалған қарғалар індеріне ерте кіріп алған тышқандар биыл қыстың ерте түсетінін білдіріп тұрғандай. Кеше орталыққа кеткен су тасыйтын (водовоз) көлік жүргізетін баласы Қалилада жоқ. Басшылардан көшуге көлік сұрауы керек болатын. Орталыққа кетсе жолдас-жоралары кездесіп той тойлап кететін əдетімен жүрген болар. Ертерек қыстауға жетіп орналасып қора қопсыны бітеп, жем шөптің түсірілуін қадағалап қысқа дайындалмаса қыс қатты болатын сыңайлы. Түске таяу қойлар тойынып жүгірістері баяулаған шақта кешегі қасқырға салған қақпанды көрейін деп ойлады. Оларда биыл отарға екі үш шауып он шақты малды тамақтап кетті. Үйдегі қанды ауыздың оқ дəрісі таусылғанына да біраз болды. Жеткізіп береміз деген орталықтағы басшылардан да хабар жоқ.

        - Иә, «Шөлде жүрген дуадақ, көл қадірін не білсін?

         Көлде жүзген қасқалдақ,шөл қадірін не білсін?», - дегендей олар біздің жағдайымызды не ғылсын? Əйтеуір айыны бір рет келеіп май, шай, ұн, қант, күкірт т.б керек жарағын жеткізіп тастағандарына мəз болатын болулары керек, - деп ауыр күрсінді

Заман ағасының баласы Қошқар екеуі малды иіріп тастап қақпан құрған жаққа бет алды. Қошқар:

       - Көке! Қақпанға қасқыр түссе қайтеміз, бізді жеп қоймай ма? Қолымызда мылтық та жоқ.

       - Тəйт ары. Аузыңа ондай жаман сөз қайдан түсіп тұр? Жаманат шақырма жүгермек, - деп жекіп тастап, алға озды.

       - Көке, мен қорқамын, - деді бала бір нəрсе сезгендей.

       - Қорықпа! Сен Əзірет Əлінің ұрпағы емессің бе? Даланың аңынан қорқып не бəле көрінді. Адамнан қорықпайтын мақұлық жоқ. Адамды Алла əлемнің əміршісі етіп жаратқан.

      - Қайдам-м-м-м-м, деп бала иығын қиқаң еткізді.

        Әңгімемен отырып екеуі кешегі қақпан салған сайға да келіп қалыпты. Қақпан орнында көрінбейді.Салдауырдың ізімен жүріп келе жатып бұл қасқыр емес қарсақ немесе түлкі болар деп өзін-өзі жұбатқандай болып келеді. Кенет алдынан арс етіп атылған қасқырдан үркіп осқырына секірген жаман қойшы торы үстіндегі иесін тастап кете жаздады.Пар-пар еткен ат қақпандағы қасқырға жақындамақ тұрмақ маңайлайтын түрі жоқ. Атпен жақындай алмасын сезген Əбдімəлік аттан түсіп қасқырға жаяу барайын деп тəуекел қылды. Қырықтың бел ортасындағы төртбақ келген орта бойлы азамат жас кезінде той-томалақта палуандыққа түскен кездерін есіне алды. Жиырма жыл бұрын кездескеніңде жағыңды жалаң қолыммен айырған болар ем.

      - Нартəуекел! Бір Алла өзің жəне ата баба аруағы қолдай көр, - деп. Қолына сексеуілдің үлкендеу сотасын алып көздері қып-қызыл болып тістері сақ-сақ етіп жатқан жалы күдірейген үлкендігі тайыншадай арлан көкжалға бет алды. Көкжалдың от шашқан көздеріне көз алмай жақындай берді. Қолындағы сексеуілмен құлаштай ұрғанда қасқыр арс етіп қолындағы сексеуілді қарш еткізіп тістеп қолынан жұлып алып тура өзіне бетіне ұмтылған қасқырдың тамағына қолы ілінді. Бар күшімен қасқырды буындыра бетіне жақындатпауға тырысып тіресіп тұрып қалды. Қасқырдың арандай ашылған аузы шұбырған сілекейі ар-ар еткен дауысы өзінің өлімнен қол созым жерде тұрғаны естен тандырардай күйге түсірді.Қонышындағы пышағын алуға шамасы келер емес.Сəл көзін-көзінен тайдырса қасқырдың тамағын орып жіберері анық. Сол кезде қасындағы ініс Қошқар есіне түсіп:

        - Қошқар, Қошқар, маған қонышымдағы пышақты алып бер.

        Қошқар қасқырды көрген замат есегі үркіп, өзі қорқып, қасындағы иттер шошып үйге қарай бірге қашқан болатын. Сонымен дала тағысының сырттаны мен адамның сырттаны бет-бет жеке қалды. Енді ешкімнен көмек жоқ екенін білген шопан қасқырдың алқымын сығымдап мыжый берді. Өзінің оң қолының саусағының қимылынан басқа ештеңе сезбейтін есалаң күйге түскенінде қасқырдың тілі салақтап өліп қалғанында сезбеді. Үйге жеткен Қошқардан хабарды естіп жеткендер өліп қалған қасқырмен бірге қақиып қатып тұрған Əбдімəліктің саусақтарына қамшының сабын салып жүріп зорға жазып алды.Қасқырдан қолы босаған шопан сылқ етіп отыра кетіп ыржалақтап күле берді. Ол түз тағысын жекпе-жекте құр қолмен өлтіргеніне өзіде сене алмай отыр еді.

       Міне, достар ол кісі менің əкемнің туған ағасы менің сүйікті бабам Əбдімəлік Өмірұлы болатын. Көптен бері осы оқиғаны жаза алмай жүр едім. Түнеугүні түнде түсіме Мəлік бабам кіріп содан қуат алғандай болдым.

Әбдірейім ӨМІРОВ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер