АҚ СӘУЛЕМ...

 

Өмір-өмір, өмір деген қатал-ақ,

 Өмірге адам келмейді ғой қайталап.

 Қиын екен, қиын екен сонда да

 Өмірдегі ең алғашқы махаббат.

 Ай-ай-ай-ай-ай, ай-ай-ай-ай, Ақ сәулем... деп басталатын ырғақты биге лайық осы ән 1977 жылы жарық көрген.Біз сөз еткелі отырған «Ақсәулем» әні де міне қырық жылдан бері ел жадынан өшкен жоқ. Бұл әннің, өлеңнің жолдарын білмейтін аға буын өкілдері жоқ шығар, сірә. Бертінге дейін 80-90-жылдардың тойлары осы әнсіз өтпейтін. Алтаевтар жанұясының орындауындағы осы туынды қалада да, далада да жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Талай төплилердің тақасының түсуіне де осы ән «кінәлі». Әлі күнге «Ақсәулемнің» әуені ойнаса, ата-апаларымыздың кеуде жара терең күрсінгенін аңғару қиын емес. Өткен шаққа деген сағыныш болар. Талай жүректерді махаббат бесігінде тербеген осы әннің авторлары туралы көпшілік біле бермейді. Бұл әннің авторлары Павлодар облысы, Май ауданынан - белгілі сазгер, қолөнерінің шебері, Мәдениет қайраткері Амангелді Ыдырысов пен ардагер журналист Серік Мұхтаров.

Өзінің өмірбаяны туралы Әбекең былай деп әңгімелейді:

- 1966 жылы Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыка училищесінің хор-дирижерлік факультетіне оқуға түстім. 1970-1973 жылдары Көктөбе ауылында мәдениет үйінде қызмет атқардым. Сол кездері сазгерлікпен айналысып, бірнеше әндер жазып, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болдым. Сол жылдары шыққан «Ақ сәулем», «Мой Павлодар» әндерім Алматыда өткен фестивальге іріктеліп алынған болатын. Бұл ән  талай той-думандарда айтылып келеді. Ал «Ақ сәулемнің» орны бөлек. Бұл ән дүниеге келген сәтінен бастап ел аузында кеңінен таралып кетті.

Сая МОЛДАЙЫП