Қар басқан түнгі дала сүтке малынғандай ай жарығымен мамыра­жай бір күйге енген. Бастарын қар басқан дүзген, селеу, алабұталардың түптері ғана қарауытады. Желсіз, тымық түнгі аяз бетті аймалай шымшып, мәпелей ашытады.

     Осы тыныштықты бұзған қырқа басына шыға келген арлан мен қаншық қасқыр бір мезет­ жан-жағына қарап иіс тартып, қайта жорта жөнелді. Бастап келе жатқан арланның апайтөс алып омырауы, анау-мынау тай өгіздей денесі көкшулан бөріге ерекше айбат береді. Ізіне ерген қаншық қасқыр арланның әр қимылын қапы жібермей, ол тоқтап, жан-жағынан иіс алып, тың тыңдаса, бұл қалт тоқтай қалып, оның қимылын қайталайды.

       Осы жаңа ғана сонау қырқалардың арғы жағындағы шопан ауылының қысқы жабық, лабаз қорасындағы бір отар қойдың ту-талапайын шығарып, дүрліктіріп, қырып-жойып, естерін жиып үлгертпей ауылдан сытылып шыққан беті еді. Әлгінде бөрілерді көргенде құйрықтарын бұттарына қысқан ауылдың сабалақ жүнді төбеттері қыңсылап шолаңға тығылып, олар кеткесін шәуілдей үріп, «біздің қолдан келгені осы» дегендей, бөрілер кеткен жаққа қарай ұли үріп қала берді. «Қораға қасқыр шапты» деп шу ете қалған ауыл адамдары үйлерінен шығып үлгергенше, бөрілер жейтінін жеп, жемегенінің мойынын бұрап тастап, тамақтап, кең қорада еркін шапқылап білгендерін істеп бақты. Осылай топалаң тигендей әр жерде томпиып-томпиып жатқан қой өлекселерінен көз сүрінеді. Қойдың қалғаны қора түкпіріне үйме-жүйме болып тығыла қалған. Бірін-бірі жаншып, тапталып өлгендері қаншама. Екі жерде ішек-қарыны ақтарылған, өкпе-бауыр, май құйрықтан жұрдай өлек­селер  жатыр. Бұлар – бөрілердің жеп үлгергендері.

       Адамдар дауысы шыққан соң қос бөрі өздері кірген төбедегі қойшылардың қи ататын тесігінен бір-ақ қарғып жөндеріне кетті. Аспанға мылтық атып, айқай­ салып, жанұшыра жүгіре басып,  қол шамын қолына ұстаған қалпы есінен айрылған адамша өз-өзіне бажылдай айқайлаған  аға шопан:

    - Қап, көріңде өкіргірдің істегені­ай! Енді қайттім, ойбай-ай?!. – дейді күйіне бақырып. Есін бірінші жиған көмекші шопан:

    - Бәке, қайтесіз, сабыр қыл. Болары болғасын  еш  шара  жоқ, қалған шалажансарларын бауыздайық, - деді.

***

      Әлгінде ғана екі қойдың майлы етіне мелдектей тойған екі бөрі бір мезет шоқиып отырды. Арлан арандай аузын ашып, азуын айға білеп, есінегендей «гүр» еткен бір дыбыс шығарды да, ілгері қарай бүлкілдей жөнелді. Бағыттары – «Қара­үңгірдегі» терең сайдың жырасындағы қалың шеңгелді, қамысты алап. Ол алапқа жетіп, қалың шеңгелге кірсе, бұларды алар жау жоқ. Атты адам түгілі жаяу аңшының да бұл дүлей қалыңға тұмсығы батпасы белгілі.

   ...Екі аяқтылар қанша ақылды, қаншама қулық-сұмдықты біледі дегенмен, тап осы екеуіне келгенде айла-шарғылары таусылып, істер амалдары болмай сабылды. Арлан мына ғұмырында қаншама қуғын-сүргінді бастан кешірмеді десеңші?! Жалпы, жан қысылғанда екі аяқтылардан қалай құтылудың жолын­ алдын ала ойластыру бұлардың бұрынғы ата-тегінен келе  жатқан  айласы.

       Осыдан үш күн бұрын табындағы жылқыларға шапты. Таңға жақын болатын. Жусап тұрған жылқылардың ық жағын ала жақындап келіп, ақ қардың үстімен бұта-бұтаны паналап, жер бауырлай жылжып жеткен екеуі шеткі тұрған боз биенің жабағы-тайына жақын келіп, жасындай атылды. Жұқа шаптан тиген арланның азуы шап теріні қанжарша осып, ішек-қарынын ақтарды да тастады. Сорлы жабағы шошына, ышқына кісінеп, он-он бес қадамдай тәлтіректеп басып барды да құлап түсті. Жас етті армансыз сылқита соққан қос бөрі кенеттен шыққан ат дүбіріне бастарын көтеріп алды. Бөрілердің жіті көзі алысырақта қарауытқан екі салт аттының бұларға қарай еміне ұмтылып, бастырмалатып, келіп қалғанын көрді. Арлан жанындағы серігіне бір «гүр» етті де, бозара атып келе жатқан таң шапағына қарай көсілте жөнелді. Шабыстың ұзақ болатынын ерте сезген олар алыстағы мұнарта көрінген көкжиектегі қалың бытқыл құмды бетке алды. Бөрілердің ойын айтпай түсінген қуғыншылар оларды құмға жібермеуге тырысып, алдын кес-кестей шапты. Қалың құм жағалауына иек артса, ойлы-қырлы, терең шұңқырлы, шоқаттың ішімен бой тасалап құтылары сөзсіз. Қасында өзімен құйрықтасып келе жатқан қаншығына мойын бұрып, тағы «гүр» етті. Сол-ақ екен ол екінші бағыттағы құм жағалауға қарай салды. Салт атты қуғыншылар сәл дағдарып қалды да, екеуі екі бөрінің ізіне түсті. Екі қашқан мен екі қуғыншының арасы уақыт өткен сайын кем-кемдеп алшақтай берді. Арлан оқтын-оқтын мойынын бұрып, артындағы қуғыншыға қарап, оның астындағы төрт аяқтының екпінінің бірте-бірте бәсеңдегенін сезіп келеді. Міне, құм жағалауға да жетіп, төбе басына асылды да, артына бұрылып, қуғыншыны мазақ еткендей сәл тосты да, қалың дүзгенге қарай жорта жөнелді. Жылқышылар мінген жабы аттардың қарқыны бәсеңсіп, шоқыраққа басты.

     - Қап, бәлем! Сендерді ме, – деп кіжінді аға жылқышы Орынбасар, - тоқтай тұрыңдар, әлі сазайларыңды беремін, бәлем?!.

      Қалың дүзгінді құм шоқаттан шыққан арлан артына тағы бір бұрылып, болдырған аттарымен ілби басып кері қайтып бара жатқан­ қуғыншыларды көрді. Келесі қырқаның астынан қаншығы да бой көрсетті. Екеуі шығысты бетке алып, ұзақ жортты. Іздік, сүрлеу жолдардан аулақ ақ қар басқан даламен бүлкілдеп келеді. Екеуінің бұл қыста шарламаған жері қалды ма екен, сірә? «Құлжұмыр-Қасқа­төбе», «Бес төбе», «Жаршағыл», «Оразбақы-Салқынбайдағы» малшы ауылдарының малына шауып, оқтын-оқтын шулатады. Бүгін мына шетінен тиген олар енді, ойда жоқта, ойламаған жерден екінші ауылдың шәт-шәлекейін шығарып, малын қанжоса етіп кетіп жүрді. Қақпан құру және де басқа айла-шарғыларын істеп баққан малды ауылдың адамдары бар амалдарын тауысып еді.

      Арлан ақ қардың үстіне керіліп жата кетіп, солығын басты. Қасына жұбы да келіп жайғасты. Ол мұнарта көрінген маң далаға қарап, қып-қызыл тілімен бір жаланып алды. «Осы екі аяқтылар қызық! Бізге құрған қақпанының иісін сезбейді деп ойлай ма екен? Кейде бізге құрған қақпандарына өз малдары түсіп жатады. «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» деп өздері айтқандай, біз араласқан жерде олар «ойбай, қырып кетті» деп шулайды да жатады. Ау, қырсақ, ол дегенің біздің ата кәсібіміз емес пе?! Аталарымыз айтқан дейді ғой: «Құрысын, бір қойға тоюын тоямыз ғой, оның қырып кетті деген атын айтсаңдаршы». Сондай-ақ, жегенімізден қырғанымыз көп. Оған несіне даурығып, несіне шулайтынын түсінбеймін». Қаншық мұның жанына келді де, езуінен бір жалады. Арланның ойы бөлініп кетті. Орнынан тұрып, дүр сілкінді де, алға түсіп, қайта бүлкілге басты.

***

        «Тұздақты» қыстап отырған жылқышылар Орынбасар мен Шомал бір айдан бері мейіздей қатырып жаратқан «Күрең қасқа» мен «Торы төбел» айғырлардың жанында құйрық-жалын тарап­, өзара күбірлеседі. Қаншардай қатып жараған екі тұлпар шабыс тілегендей құлақтарын тігіп, ойнақтай қарайды.

- Әлгі екеуі бүгін «Жиделі баздағы» шопандардың малына шауыпты деген хабар келді. Енді көп кідірмей ізіне түсейік, - деді Орекең.

       - Иә-ә, олардың әуселесін енді көреміз, - деп көмекші жылқышы Шомал аттың ер-тоқымын салып, ерттеуге ыңғайлана берді. Алып денелі бұл адамды жасында жеңгелері пошымына қарап, «Шомал» атаған екен. Содан бері оған бұл ат өмірлік еншісіне  айналды.  Ал шын есімі – Жұмағали. Ол есімнің ұмытылғаны қашан. Егер үстіне сауыт-сайман кигізсе, баяғының  батырларынан  аумай қалар еді. Сол Шомал:

 

- Біздің Орекеңнің қолы қарулы ғой. Атпен қуып жеткен қасқырдың тұмсығынан шоқпармен бір-ақ ұрып сеспей қатырады. Ал, мен мына денеммен кейде екі сілтеймін. Шамасы жүрек  те  мықты болуы керек-ау, - деп күлетін.

***

      Ақ қар басқан жазық дала. Күндіз-түнгі соққан бораннан кейін үп еткен жел жоқ. Тосыннан қараған адам бейне бір солтүстіктің тундрасына тап болдым ба дегендей. Кенет... Алыста, көз ұшында қарайған екі ноқат пайда бола кетті. Жылдам қозғалып келе жатқан сияқты. Тез арада-ақ қарайғандар көзге анық шалына бастады. Алда екі көзі қып-қызыл тайыншадай көкшулан қасқыр аузын арандай ашып, тілі салақтап, жаңа жауған қалың қарды омырауымен есіп, алдыңғы аяқтарымен қосаяқтай қарғи секіріп безіп келеді. Оның ізінде «Күрең қасқа» айғырмен шымыр денелі, мұрынды келген қара кісі астындағы аттың бар шабысымен қолындағы салмақты қайың шоқпарын оңтайлай ұстап, еміне түседі. Бөрінің жаны алқымына тіреліп, енді қанша қашқанымен құтыла алмасын сезіп келеді. Дала тағысы соңғы күшін жинап, оң қапталға шорт бұрыла берді де, жақындап, арындап келіп қалған атты адамға кенет айнала беріп, жебедей атылды. Арланның апандай ашылған аузы мен қып-қызыл көзі қандай пендеңнің де жүрегін бір дір еткізері сөзсіз еді. Алайда ат үстіндегі адамның ашынғаны сонша, не нәрсеге де төтеп беруге дайын еді. Және де арланнан осыны күткендей-ақ ол жақындап қалған бөрінің қара тұмсығына дәлдеп тұрып шоқпарын сілтеп қалды. Қарулы қолдың қатты соққысы арланның қара тұмсығына дөп тигені сонша, әлгіндегі екпіні тау жыққандай дала тағысы бір «қаңқ» деген дыбыс шығарып үлгерді де, ақ қардың үстіне созыла сұлап түсті.

      Атының шапқан екпінімен өтіп кетіп, қайта бұрылған қара кісі – жылқышы Орынбасар еді. Бөрінің қасына жақындағанымен, еті қызған күрең қасқа айғыр шырқ айналып, арынын баса алмай жүр. Орекең атынан түсіп, арланның жанына келіп, тағының соншалықты зор денесіне таңғала қарап тұрып қалды. Сөйткенше сонадайдан торы төбелін жеделдете бастырып келіп қалған Шомалды көрді. Ерінің артына бөктеріп алған қаншық қасқырдың көкшулан терісінің түгі күн көзіне жылт-жылт етіп, көзді арбайды. Шөкең мұны да шешіп алып, арланның  жанына тастай салды.

- Пай-пай, қасқыр болғаныңа! Мұндай да зор болар ма?! – деп Шомал таңғалып тұр.

Қыр елін шулатқан қос бөрінің өлі денесі ақ қардың үстінде қатар сұлап жатты.

Сайлау  БОТАБАЕВ

Арал ауданы

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер