Еменнiң қарсы бiткен бұтағындай ер мiнездi Қажытай ағамыз бiр сықақшының жарты жол жатыпатар өлеңiн ұсынды. Оқыдым.

Ағамыз жүр жайлауда жылқы бағып,

Месбай шықпайды үйiнен жылтың қағып.

- Мынау әншейiн әлжуаз дүние ғой, - деп ем, Қажекең:

- Солайы солай, өзiм де бiлiп тұрмын, кәрия. Қол қоя салшы, аты-жөнi таныла берсiн, - деп қолқалады. Жауапты хатшы ретiнде қолымды қонжитып, Қалағаңның алдына апардым. Ол кiсi көз жүгiрттi де:

- Әй, Көбен-ай, Көбен-ай, (менi солай атайтын) көрмейсiң десем, көзiң бар. Көкжасық дүниеге көзiңдi жұмып қарағаның не? - деп кейiдi де, көсiлiп әңгiмеге көштi. - Шiркiн, қазақтың қара өлеңдерi-ай!

Көкаланың үйiрi көл айналсын,

Жаның шығып бара ма, көз байлансын.

Мiне, өлең! Мiне, әдептi әдебиет!

Есiк алды топ шеңгел,

Топ шеңгелге келсең кел.

Топ шеңгелге келуге,

Өзiңе өзiң сенсең кел.

Бiр қарағанда астарынан махаббаттың аңқыған исiн сезесiң бе? Сезесiң. Ал осы шумақты бұрмалап, сатираны топ шеңгелге теңесек, "шеңгелге" өзiне-өзi сенгендердiң келгенi дұрыс, - дедi.

Тоқсаныншы жылдары "топ шеңгел" секiлдi "Ара-Шмель" журналы нарық қыспағына байланысты шықпай қалды. Қатты уайымдаған Қалағаңның аузынан "Ара" жабылғаны - қазақ сатирасының қара жамылғаны" деген қанатты сөз қалды.

Көпен Әмірбек

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер