ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВТЫҢ ЖАҢА ӘНІ ТАБЫЛДЫ

 

         Вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың бұрын-соңды естілмеген, еш жерде орындалмаған жаңа әні табылды. Бұл – «Көктем әні» шығармасы. Композитордың шығармашылығына арналған кеште ән алғаш рет орындалды.

         Әннің қолжазбасын Шәмші Қалдаяқов көзі тірісінде КСРО-ның халық артисі Роза Жамановаға берген екен. Жылдар өтіп, мұрағатында жатып қалған әнді әнші Роза өмірден өтерінде шәкірті, опера әншісі Балапан Жұбаеваға аманаттайды. Туындыны жан-жақты зерттеген әнші бұл шығарманың еш жерде орындалмағанына, әнде Шәмші Қалдаяқовтың өзіндік мәнері, қолтаңбасы бар екеніне көз жеткізеді.

МҰХТАР ҚАЛДАЯҚОВ,

Ш.ҚАЛДАЯҚОВТЫҢ ҰЛЫ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ МАОБТ ДИРИЖЕРІ:

         - Әкемнің әндері әр қазақтың құлағында. Әннің бір сөзін естісе болды, іліп алып, бірге шырқайды. Шәмші шығармашылығының ерекшелігі осы. Оның әндері халықтың сүйіктісіне айналды. Бүгін орындалған жаңа ән де тыңдарманның жүрегінен орын алары сөзсіз. Ән падишасының туындылары талай ұрпақтың үлкен сахнаға шығуына жолдама берді. Шәмші әндерін өз репертуарына қоспаған әнші жоқтың қасы. Аталмыш кеште Абай атындағы опера және балет театрының әншілері тыңдарманның жүрегінде жатталып қалған әндерді өзгеше өңмен, оркестрдің сүйемелдеуімен шырқады.

 ГҮЛЗАТ ДӘУІРБАЕВА,

АБАЙ АТЫНДАҒЫ МАОБТ ЖЕТЕКШІ СОЛИСТІ:

        - Бұл әндер менің өзіме өнерге жолдама берген әндер. Баяғыда 93-94 жылдары Шымкент қаласы мен Жамбыл қаласында екі рет осы Шәмші ағамыздың әндерінің конкурсы өтті. Сол кезде осы әндерді айтып лауреат болғанмын. Шәмші Қалдаяқовтың әндерін опералық әншілерден басқа, ұлттық топтар да шырқады. Олар ән мазмұнына сай түрлі қойылымдар қойды. Украиналық режиссер Андрей Еремин ең озық технологияның көмегімен сахнаны көркемдей білді.

 МҰХТАР ҚАЛДАЯҚОВ,

 Ш.ҚАЛДАЯҚОВТЫҢ ҰЛЫ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ МАОБТ ДИРИЖЕРІ:

      - Оның тәсілі ерекше. Мұнда заманауи стиль мен еуропалық бағыт бір-бірімен жымдасып жатыр. Ол бізге ән мазмұнына сай сахна картинасын қойып берді. Сонымен қатар, әннің әуеніне қарай бишілердің сахнаға шығуын да көрсетіп берді. Шәмшінің әндері қазақпен бірге. Оның көркем туындылары ән аспанында мәңгі шырқалмақ.