ЕЛЕУСІЗ КЕТКЕН БІР ЕСІМ

ЕЛЕУСІЗ КЕТКЕН БІР ЕСІМ

       Өмірі көрмесең де, иіліп сәлем бермесең де, сырласып, мұңдаспасаңда жаныңа жақын жандар болады. Өнегелі өмірін үлгі тұтып, әрбір ісінен тәлім алуға тырысасың. Газет тігінділеріндегі, кітап бетіндегі ол туралы жазбаларды оқып, суретімен сырласасың.Біз үшін сондай адамдардың бірі –Гүлжихан Ғалиева еді. Қазақтан шыққан тұңғыш көркемсөз шебері, кәсіби жүргізуші, педагог, Қазақ КСР Халық әртісі еді ғой ол. Қазақ елінде ең алғаш эстрада студиясын ашып, әйгілі «Гүлдер» ансамблін құрған, Қазақ циркінің негізін қалаған жан болатын. Неге екенін қайдам, қазақ өнеріне осынша еңбек сіңірген апамыдың басына барғым келді де тұрды. Сұрастырып жүріп қабірі Кеңсай қорымында екенін білдік. «Бауыржан Момышұлының жанында жатыр екен» дегенді құлағым шалған. Күзетшіден бірден батыр атамыздың зиратын нұсқауын сұрадық: «Тура жүре берсең алдыңнан жол үш айырылады. Бірақ бұрылмастан тіке жүрсең алдыңнан қасқайып Бауыржан атаңның өзі шығады».Қорым арасындағы жол өрге қарай сүйреген сайын біз мінген көлік жер бауырлай жылжып келеді. Діттеген межемізге жеткен біз батыр бабамыздың басына тағзым етіп Гүлжихан Ғалиеваның зиратын іздеуге кірістік. Ұлы адамдар жерленген әр қабірге аялдағың-ақ келіп тұрғанмен көңіл шіркін әлденеге алаң. Қаздай тізілген құлпыстастарға үңілген бізде үміттен гөрі «таппай қайтқанымыз ба?» күдік басым. Тек бір сәт алыстау жердегі құлағалы тұрған құлпытасты көргенде жүрек құрғыр бір нәрсені сезгендей шым етті. Жетіп бардық. Шалқалап құлап бара жатқан құлпытастан өзім кітаптан талай көрген асқақ та сұлу бейне жарқ ете қалды. Жауыннан ба, сұлу жүздің бетіне сызат түсіпті. «Народная артистка КазССР Гульджихан Галиева Галиевна» деп қашап жазылған қара тас қана құлап бара жатса да міз баққысы келмеген сыңай танытады. Одан әрі көзім түскенде сынған, ашық-шашық жатқан қоршау құлазыған жанымды одан сайын қаңыратып жіберді… Тірісінде бас ие алмаған ұлы адамның қабірінің алдына басым салбырап мен тұрмын. Бұрылып қарауға дәтім шыдамай ілбіп кетіп бара жатқанымда: «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма…» деп Абай өлеңін жатқа оқыған Гүлжихан Ғалиеваның даусы естілгендей болды…

        Қайран, қаймана қазақтың дара қызы Гүлжихан. Тірі күніңде қадіріңіе жеткеніміз шамалы еді, қабіріңде жетімсіреп тұр екен-ау.

        Гүлжихан Ғалиева – Жетісу өңіріне аты шыққан Ғали атты байдың жалғыз қызы. Дінмұхамед Қонаевтың әкесі Ахмет пен Гүлжихан Ғалиеваның әкесі Ғали, би падишасы Шара Жиенқұлованың әкесі Баймолда өзара серіктес ірі көпестер болған. Аралас-құралас, дос атанып кеткен оларды қала жұртшылығы жақсы танитын. Қазіргі Медеу ауданына қараған аумақта Шараның әкесі Баймолданы білмейтін жан жоқ болса, ал қазіргі Іле ауданы түгелдей Гүлжиханның әкесі Ғалиға қараған. Ахмет, Баймолда, Ғали үшеуі де көрші аймақтармен сауда-саттықта біраз жердің дәмін татқан, қала мәдениетіне жетік жандар еді. Сондықтан да ауқатты ғана емес ақылды әкелер балаларына ақсүйектік тәрбие беруге тырысты. Кішкентайларынан әкелері дос болып әрі бірге ойнап өскен балалар, кейіннен ұлтының ұлы перзенттеріне айналған Гүлжихан, Шара, Димаш арасында әдемі достық, ізгі сыйластықтың жатуы да осыдан болу керек. Көзі ашық, көкірегі ояу Ғали жалғыз қызы Гүлжиханды сонау Германиядан тәрбиеші, оқытушы алғызып оқытып, сауат ашқызды. Қызының жолынан ештеңе аямаған Ғали сонау соғыс жылдары майданға да шынжыр табан танкттер сатып алуға өз қазынасынан 1000 рубль ақша жібергенін Жетісу жұрты әлі күнге жыр қылып айтады. Сөйтіп титтейінен Еуропа мәдениетімен сусындап, қанында бар көшпелі қазақ мәдениетінің қайнарынан қанып ішкен Гүлжихан «советтің мектебін оқымай-ақ» (Дариға Тіналина) Мәскеуді мойындатты.

Гүлжихан Ғалиева Мәскеуде Луначарский атындағы театр иститутында оқып жүрген кезінде СССР Халық әртісі әйгілі Тамара ханумның бұрынғы күйеуі әртіс Кариякубов деген өзбек азаматына тұрмысқа шығады. Көп ұзамай Кариякубовтың өзі «халық жауы» атанып қуғынға түскен тұста бір шамадан ақша беріп, Гүлжихан Ғалиеваны құндақтағы қызымен Қазақстанға аттандырып үлгереді.

Қазақстанға оралған Гүлжихан Ғалиева қазақ драма театрына келді. Осы сәтті оның жан құрбысы қазақтан шыққан тұңғыш кинорежиссер әйел Дариға Тіналина былай суреттейді:

«Бір күні театрдағы әртістер «Өзбекстаннан Гүлжихан Ғалиева келіпті!» –шу ете қалды. Сол күні театрға көздің жауын алатын әдемі қара көйлек киген, қолында гауһар тастары жалтылдаған жүзіктері бар орта бойлы, өте сұлу да мәдениетті ханым кіріп келе жатыр еді…». Бұл Гүлжиханның Өзбекстаннан оралған беті екен. Әндей қалықтаған әуезді үні бар, тілге жетік, сөзге шешен, сұлу да сымбатты Гүлжиханға елдің бәрі қызығатын. Әсіресе қазақ драма театрына қызметке тұрған Гүлжиханды қазақтың бұлбұлы атанған Күләш Бәйсейітова, Роза Бағланова, мың бұралған биші Шара Жиенқұловалар өздері іздеп табатын. Одақ көлемінде қазақ жұлдыздардың концерттерін жүргізген Гүлжиханның есімі сол кездің өнерсүйер қауымына жақсы таныс еді. Гүлжихан Ғалиеваның концерт жүргізген сәтін Құрманғазы оркестрінің бір кездегі директоры әйгілі Камил Чурин: «Сахнаның шымылдағы ашылып, көрерменнің алдына ұлттық киімдегі сұлу әйел шыға келгенде бұлттан кейін жарқ етіп күн шыққандай әсер беретін…» деп еске алады. Орындаушыны хабарлап үлгермей жатып соғылған шапалақ мен қошемет, қолпаштаулар сарайды жаңғыртып жіберетін. Гүлжихан шығып келе жатқанда адам аяңдап емес, айдын көлде аққу жүзіп келе жатқандай сахна нұрға бөленетін. Одан әрі таза һәм саф сұлу үннің құдіретіне тәнті болған дауыстар мен «Бәрекелді!!», «Па, шіркін!!!» деген қошемет сөздер тұс-тұстан жауып кететін. Сөз арасында бір-біріне қараған кей ер азаматтар: «Гүлжихан екен, гүл екен, ә!..» деп сыбыр етсе, әйелдер жағы «Құдай-ау, сұлудың сұлуы екен ғой…» десіп күбір ететін.

        Соғыс басталған тұста Мәскеуден кино атаулы Қазақстанға көшіріліп, одақ көлемінде талай құнды фильмдерді дүниеге әкелген ЦОКС (Центрально-обьединенная киностудия) құрылды. Гүлжихан Ғалиева актерлер бөлімінің басқаратын болып осы жаңа ұжымға келді. Осы уақытта Гүлжиханның жаңа тынысы ашылғандай болды. Бұл оның шығармашылық ізденістерге толы ұлы идеяларын жүзеге асыра бастаған кезеңі еді. Әсіресе сол кездегі Орталық комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевпен бала күнгі достық пен ұлттық өнерге деген ортақ жанашыр көзқарас қазақ өнерінің көкжиегінен жаңа таңның атып келе жатқанынан хабар беретін. Гүлжихан Ғалиеваның Димаш ағамызбен арадағы сыйластығының нығая түсуіне тағы бір себеп жары Әнуар Ипмағамбетов пен Дінмұхмед Қонаевтың арасында үлкен достық еді. Студент кездерінде Мәскеуде бірге оқып, жатақхананың бір бөлмесінде тұрған қазақ зиялыларының достығы үзілмеген болатын. Гүлжихан Ғалиеваның жары Әнуар Ипмағамбетов қазақ зиялыларының ортасына жақсы таныс жазушы, аудармашы, бірнеше жыл республикалық басылымдарда басшылық қызмет еткен публицист. Санкт-Петерборда Әскери медицина академиясын бітірген, подполковник, батыс Алаш-Орда қайраткері Нұрғали Ипмағамбетовтің ұлы. Сол кездегі осындай жаны жайсаңдар жақсылар Мәскеуден білім алған қазақ талантты жастарды өз орталарына тарта білді. Соның бірі – Дариға Тіналина. Сол күндерді көз алдына әкелген Дариға Тіналина: «…Мәскеуден Алматыға оралдым. «Қазақфильмге» аса көңілім толмады… Жаным жабырқап жүрген сәттердің бірінде Гүлжиханды қайта жолықтырдым. Іздегенім табылғандай болды. Содан арамыз ажырамады. Күндердің бірінде Гүлжихан маған: «Менің саған айтар бір жаңалығым бар, Дариға. Мен қазақтың эстрадалық студиясын ашқым келеді. Бұл ойымды Димаш Ахметұлына айтып едім, ол қолдап отыр. Енді ЦК-ның отырысына шақырды. Соған бармақпын», – деді. Мен салған жерден қолдадым…» деп еске алады.

          Гүлжихан Ғалиев көп ұзамай Мәскеуге аттанып кетеді. ЦК-ның жиынында қазақтың өжет қызы: «Қазақ өнерін көтеру керек. Оған жаңа күш қажет. Мен қазақтың кәсіби эстрадалық студиясын ашқым келеді» деп өз ойын ашық айтады. Айтып қана қойған сол тұстағы қаржы министрі Кимнің келісім алып қайтты. Келе салып бір түннің ішінде жобақаржыны (смета) есептеп шығарды. Оны министрлікке апарып көрсетіп қаржы бөлгізді. Қазақ еліндегі эстрада студиясының тұсауы осылай кесілді Бұл – 1965 жыл еді. Мәскеуден орала салып Гүлжихан Ғалиева бір топ адаммен Қазақстанның алыс аймақтарына өзі аттанды. Ондағы ойы – әр қаладан, әр ауылдан дарынды жастарды жинау. Әсіресе ауылдарда жүріп тойларда, шілдеханаларда әуелете ән салған, мың бұрала билеген қыз-жігіттердің өнерін тамсана тамашалады. Гүлжихан кетерінде жастардың қолдарына мекенжайын тастап Алматыға шақырып қана кеткен жоқ, жас жүректерге от беріп кетті. Дереу Қазақстанның түкпір-түкпірінен аппақ армандарын арқалаған жастар жиналып жатты. Олардың жүздерінде қуаныш пен үлбіреген үміт тұрды. Көздерінен жалын атқан сол сәттегі өрімдей жастардың бәрі бүгінде қазақ өнерінің танымал тұлғаларына айналды… Осы сәтті көзбен көрген ақын болса сиқырлы таяқшасымен түртіп қалып, бұлқынып жатқан сан алуан бұлақтың көзін ашқан Гүлжихан Ғалиеваны қалай суреттер екен?!.

          Ол кез отаршыл саясаттың қазақтың ұлттық музыка аспаптарының көзін жоюға тырысып, әсіресе қазақтың қара домбырасын көрсе әзірейіл көргендей қояншығы ұстайтын тұс еді ғой. Биліктің тізгінін ұстап отырған аға ұлттың өкілдері қазақты қазақ еткен қара домбыраны жою туралы заң шығарғанын да бүгін біреу білсе, біреу білмейді. Соның салдарынан өз қағынан өзі жеріген қаншама қазақтар Гүлжихан Ғалиеваның көз алдында мәңгүрттеніп бара жатты. Жаппай ұлтсыздандыру операциясы басталып кеткенін көзімен көрген Гүлжихан Ғалиеваның бұдан әрі шыдауға дәті жетпеді. Әсіресе бұл әр қазақ шаңырағынан сәбидің былдыры мен домбыраның күмбірін тыңдап өскен Гүлжиханды бір орында отырғызбады. Күні-түні қазақтың қара домбырасының үні жоғалып кете ме аласұрды. Әу баста эстрада студиясы деп ашқанымен осы ойының негізінде ұлттық дәстүрлі музыканы сақтап қалуды ойлады. Қарулы қолдың қаһарынан ұлттық намысты жоғары қоятын қазақ қызы сондай күндердің бірінде атақты Ғарифолла Құрманғалиевті өзі іздеп тапты. Сол сәтті Гүлжихан Ғалиеваның шәкірті әнші Қапаш Құлышева: «Әлі есімде, әйгілі Ғарифолла Құрманғалиевті шақырған апамыз: «Ғареке, міне мен әр түкпірден қазақтың жастарын жинадым. Енді осыларды тек сәл сүйеп жіберетін сіздің көмегіңіз қажет. Білгеніңізді үйретіңіз…» деді. Саңқылдаған сұңқар үнінде ұлтына деген ұлы махаббат жатқандай көрінді маған…» деп еске алады.

         Иә, қазақ музыкасында аңызға бергісіз үннің иесі Ғарифолла Құрманғалиев жаңа өнер ордасында шәкірт тәрбиелеуін бастап кетті. Жаны жайсаң жақсылардың жалғыздан жалғыз саяқ жүрмейтіні әу бастан белгілі. Өзі қызмет етіп жүрген жерге Ғарифолла аға Жүсіпбек Елебековтей талантты тартты. Осыған орай «Жастар батыстың әншілік дәстүрімен қоса арқаның әншілік дәстүрін де меңгеретін болды ғой», – деп қуанған Гүлжихан Ғалиева ойланбастан өз студиясынынан Ғарекең мен Жүсекеңе екі топ ашып берді. Ол мұнымен тоқтап қалмады. Өзі бастап қуыршақ, цирк бөлімдерін ашты…

          Зерек те сезімтал Гүлжихан қылышынан қан тамып тұрған үкіметтің қазақтың үнін ғана емес, тілін де тұншықтыруға тырысып жатқанын тез ұғынды. Шет тілдерін жетік меңгерген әрі туған тілінде шешен, таза сөйлейтін Гүлжихан бір күні Дариғаны оңаша шақырып алды. Тосылмастан өткір де ашық айтатын әдетімен: «Білесің бе, мені не мазалайтынын? Өз ана тілінде дұрыс сөйлемейтін қазақтар көбеюде. Қазақтың үнінен әуезділік жоғалып бара жатыр. Күмбірлеп емес, мұрнының астынан міңгірлеп сөйлейтін қазақтар басым ба деймін… Мен осыны қолға алайын деп отырмын. «Көркем сөз» деген бөлім ашамын. Соған «Көркем сөйлеудің техникасы» деген пәннен дәріс оқуға сен келесің» деп мәселені төтесінен қойды. Көркемсөздің көрігін қыздыратын Гүлжихан Ғалиеваның өзі шақырып тұрғанда қалай бармасын, Дариға Тіналина сол жерде біраз жыл қызмет етіп шәкірт тәрбиеледі.

          Алғашқы іргетасынан бастап аяққа тұрып кеткенге дейін өзі бас-қасында жүрген студиясын Гүлжихан Ғалиева аттай 20 жыл басқарды. Апамыздың арқасында бұл күндері бір кездегі кішкене ғана өнер студиясы республикамызға кеңінен танымал өнер-білім ордасына айналды. Қазір ол –Жүсіпбек Елебеков атындағы цирк-эстрада колледжі деп аталды.

          Гүлжихан Ғалиева алғаш қазығын қадап өзі құрған қара шаңыраққа арнайы ат басын бұрдық. Еңселі үйдің есігінен енген біздің көзімізге өнер ордасының тарихынан сыр шертер ешнәрсе іліге қоймады. Бірінші қабат… Екінші қабат… Көңіліміз су сепкендей басылған біз дәлізде ұшырасқан бір шәкірттен Гүлжихан Ғалиева туралы сұрадық. Тосын сауалымызға тосырқап «Ол кісі осы колледжді құрған адам ғой..», – деуден аса алмады. Директордың кабинетін көрсетуін өтіндік. Ол үшінші қабатты нұсқады. Тез көтерілдік. Дәлізден «Қабылдау бөлмесі» деген есікті тауып кірдік. Директордың міндетін уақытша атқарушының жоқ екендігін айтқан хатшы қыз қолымызға бір кітапты ұстата салды. (Сол күні директордың міндетін уақытша атқарушыға біз де хабарласып Гүлжихан Ғалиева туралы сұрастырып колледжге баратынымызды айтқанбыз. Сол кісі осы кітапты бер деген болу керек). Аталған оқу орынның 40 жылдығына орайластырып шығарылған кітапта Гүлжихан Ғалиеваға бар болғаны бір бет орын тиіпті?! Санап шықтым, тура 13 сөйлем. Қысқаша өмірбаяны ғана. «Осы-ақ па?», – дегенді біздің көзімізден ұққан хатшы қыз бірнәрсе есіне түскендей қуана бізді жетелей кабинеттен шықты. Сол қабаттағы ұзын дәліздің түкпіріндегі бұрышқа ілінген суреттің алдына әкелді. Суретте… қайран Гүлжихан Ғалиева өзі сонша сүйген қазағының ұлттық киімінде үкісі желбіреп күлімсірей қарап тұр. Тіпті елеусіз қалған есіміндей елеусіз жерде тұрғанына да еш өкпесі жоқтай… Кетіп бара жатып артыма бұрылып қарағаным сол еді, сурет жоқ!? Сөйтсем, жанындағы кабинеттің есігі ашық тұр екен де, соның қалқасында қалған сурет мүлде көрінбейтінін енді аңғардым… Осы білім ордасында дәріс беретін Гүлжихан Ғалиеваның шәкірті әнші Қапаш Құлышева Гүлжихан Ғалиеваның суретін қуысқа тығып тастағандары үшін колледждің бұрынғы директоры Ержан Қосбармақовпен талай айтысқанын айтады. Егер ұлысын ұлықтаған ел болса суретті ғимараттың кіре берісіндегі қақ маңдайға ілінуі керек еді ғой! Қазақ қара шаңырақты кие тұтып, от иесінің атын өшірмес үшін түтінін түтетіп отырмаушы ма еді…

           1992 жылы бұл колледж Жүсіпбек Елебековтің есімін иемденді. Ес жиып, етек жиған тәуелсіздік таңы атқан тұста да Гүлжихан Ғалиеваның есімі елеусіз қала берді. Қара шаңыраққа ұстазы Жүсіпбек Елебековтің атын әперуге ат салысқандардың бірі ән өнерінің жампозы Жәнібек Кәрменов марқұм екенін ел біледі. Бұл өнер ошағында Жүсіпбек Елебековтің елеулі еңбегі бар. Дегенмен бұл эстрада-цирк студиясы Гүлжихан Ғалиеваның тоғыз ай толғатып дүние әкелген төл перзентіндей еді ғой… Атақ құрған адамға емес, дәстүрлі ән өнеріне берілуі керек дегеннің өзінде жол Жүсекеңді осы жерге әкелген әкелген Ғарекеңдікі емес пе еді дегн ой біздің санмыздың бір бұрышында жатты. Осы жайында Дариға Тіналинадан сұраған кезімізде, ол: «Жүсекеңдей қазақтың қайта тумайтыны анық. Оның талантында шек жоқ. Алайда бұл өнер ордасының есімі Гүлжиханға тиісілі болатын. Қарағым-ау, шаңырақты құрған Гүлжихан еді ғой! Гүлжихан еді ғой, қазақ өнерін қайта тірілткен! Өмірде шындық болса, әділеттілік салтанат құрар болса бұл өнер ордасы баяғыда Гүлжиханның атын иеленер еді…» деген ол бұдан әрі сөйлей алмай басын шайқай берді.

          Алпысыншы жылдардың ортасында одақ көлемінде КСРО аумағында беларустердің «Песняри», мәскеулік «Самоцветы» ансамблдерінің аты дүрілдеп тұрған еді. Елдің бәрі солардың әуеніне билеп, қосыла шырқап жүрген шағы. Осы тұста өзгенің әніне елтіген қазақ жастарын ұлттық әуенге ұйытудың ұлы идеясы Гүлжихан Ғалиеваның ойынан шықпай қойды. Әсіресе түн баласы көз ілмейтін Гүлжихан Ғалиева ойындағы жоспарларын қағазға түсіретін.

          Осындай күндердің бірінде Гүлжиханның басына «ән десе қаны қозатын қазақ халқынан да ансамбль шығар еді-ау!» деген ой келді. Дінмұхамед Қонаев та Гүлжихан Ғалиеваның бұл ұсынысын қабыл алды. Діттеген мақсатына жетіп үйренген Гүлжихан Ғалиева өз студиясынан түлеп ұшқан шәкірттердің басын құрап «Гүлдер» жастар-эстрадалық ансамблін құрды. Гүлжихан Ғалиеваның бастауымен қозғалған қазақ кәсіби эстарадасындағы тағы бір жаңа көш жолға түсті.

            Әу баста тек жастардан құралған ансамбль – бүгінде қазақ эстрадасының «төлқұжатына» айналған «Гүлдер» осылай дүниеге келді. Бұл – 1969 жыл еді. Көп ұзамай Қазақстанның түкпір-түкпірінде «Гүлдерге» еліктеген «Алатау», «Шертер», «Гәкку», «Армандастар», «Дос-Мұқасан», «Жайық қызы», «Сыр сұлуы», «Ұлытау», «Вареьете» секілді ансамблдер де пайда болып жатты.

           Әлемнің әйгілі сахналарында өнер көрсеткен «Гүлдердің» әр қадамы сәтті болды. 1976 жылы Гаванада өткен әлемдік жастар фестивалінде лауреат атанған «Гүлдердің» жұлдызы жарқырай түсті. Бұл жылдары Гүлжихан апа «Гүлдерден» түлеп ұшқан қаншама жасқа өнер жолына ғана емес, өмір жолына да жолдама әперді десеңізші…

           Келбетті де айбарлы жүзінен-ақ оның текті тұқымнан шыққаны сезіліп тұратын. Дегенмен қатты дауыс көтермейді. Дикциясының құдіреттілігі сондай, «Қалқам, бұл өзі қалай болар екен?» деп сынай қарайтын. Кей жастардың осалдық танытқандарын байқаса, «Айналайын-ау, как вы не понимаете, как вы не знаете, ведь это казахское исскуство!!!», – деп шегелеп сөйлейтін сәті шәкірттерінің әлі есінде.

           Бір күні сағат түнгі үште Дариға Тіналинаға әдеттегідей Гүлжихан телефон соғады. Дариға апай Гүлжихан Ғалиеваның ұйықтамастан жұмыс істейтініне еті үйренсе де түнгі қоңыраудан шошып қалғанын жасырмайды.

Телефонның арғы жағында саңқылдаған таныс дауыс:

–   Әй, Дариға, сен Арғынның қызысың ғой.

–   Иә, не бопты?

–    Біржан сал қандай етік киіп еді? Суреттеп берші. Мен Қайраттан (Байбосынов) Біржан салды жасаймын!

«Ау, Гүлжихан жеті түнде зәремді алғаның не? Оны таң атқасын да айтар едім ғой» десе де, сол кездегі таңқалғаны әлі есінен кетпейді.

Осыны көрген айналасындағылар «адамға осыншама күш-жігер қайдан бітеді?..» деп таңғалысатын. Олар Гүлжихан Ғалиеваның бойына алғырлық ата-бабасының қанымен дарығанын қайдан білсін… Мәскеуге қазақтың алыптығын, асқақтығы мен мәрттігін мойындатқан Димаш ағамыздан кейінгі қазақ әйелінің нағыз образы Гүлжихан Ғалиева екеніне Кремльдің көзі жетті. Көзі жеткені сонда, «Гүлдер» ансамблі Мәскеудің концерт залында жиі өнер көрсететін. Сол жақтағы еврейлердің Гүлжихан Ғалиеваның алдында құрдай жорғалағанын көргенде қазақстандық жастардың төбелері көкке екі елі жетпей қалатын.

             «Гүлдер» – небір талантты қазақ жастарының өнер мектебі болды. Олар алғаш сахналық костюм дегенді осы жерде киді. Сол кездегі мына бір сәтті олар әлі күнге сағынады. Гүлжихан Ғалиеваның «Үлкен істе үлкендердің батасын алуларың керек» деп топырлаған жастарды соңынан ертіп Абылай хан даңғылындағы Ақ үй – Жазушылар Одағына бастап апарғанының өзі көргенділік емес пе еді? Аманаттан аттамай ата дәстүрге адалдық танытқандық деп осыны айт. Гүлжихан Ғалиеваның гример бөлмесінде шәкірттерінің костюмін түзеп, қыздарды бояндырып жататынын көргендер таңғалмайтын. Ол кісінің төл шәкірттерінің бірі, көркемсөз шебері Ажаркүл Тәжібай «Апамыз сахнада кие бар. Сондықтан ол жерде сенің өзің де, сөзің де әдемі болу керек деп талап қоятын» деп еске алады. Қазақ кәсіби эстрадасының алғашқы қарлығаштарын өнер көгіне ұшырған «Гүлдер» бүгінде үлкен қара шаңыраққа айналды. Алайда апамыздың ізі сайрап жатуы тиіс сол шаңырақта Гүлжихан Ғалиеваны еске салатын түк те жоқ. Қапаш апайдың айтуынша, «Қазақконцертте» ұйымдастырылған Гүлжихан Ғаливаның сексен жылдығы да жетім қыздың тойындай жетімсіреп өтіпті.

          Цирк өнерінің отаны Мысыр десе кей қандастарымыз әлі күнге таң қалып, таңдай қағады. Сондай сәттерде «қарағым-ау, өз қазағыңнан құралайды көзге атқан мергендер, түйені түгімен жұтқан түйе палуандар, желмен жарысқан желаяқтар шықпап па еді?» дегің келеді. Ол аз десеңіз Парижде ұлы палуан Қажымұқанның шойын жолды мойынына галстукше байлап әлемді мойындатқанына тарих куә.

Қанда бар қызық өнерді дамытып қазақ циркін құру идеясы Гүлжихан Ғалиеваға 1967 жылдың басында келеді. Өз ойын Димаш ағамызға жеткізген Гүлжихан Ғалиеваның бұл ұсынысын сол кездегі Мәдениет министрі Ілияс Омаров ағамыз да қуана қолдаған. Абзал ағалардың арқасында мемлекеттік деңгейде Союзгосцирктің құрамында қазақ циркінің ұжымын құру шешімі бір күнде қабылданды! Дереу болашақ қазақ циркінің әртістерін дайындау жұмыстары басталып кетті. Бір күні аяқ астынан жиналған Гүлжихан Мәскеудің Владимировск жылқы зауытына аттанады. Ол жақта аттарды алтынға да айырбастамайды дегенді ел еститін. Нағыз цирк үшін жаралған сәйгүліктер ғой! Ең қызығы сол, әлі күнге сұрап алғанын я сатып алғанын ешкім білмейді, 15 арғымақты алдына салып, өзі мінген пойыздың вагондарына тиеп, Алматыға алып келді! Цирк үшін Гүлжихан Ғалиева жеті қат жердің астындағыны жеткізуге бар-тұғын. Қайдан естігенін кім білсін, Кавказдан аң үйретуші Жора деген жігітті отбасымен бірге Алматыға алдыртты. Ол жаңа құрылған циркте қазақ жігіттерін ат үйретуге баулыды. Ол аздай Жамбыл облысындағы Луговой шаруашылығынан да ауыздығымен алысқан асау арғымақтарды сатып алу үшін үкіметтен 40 мың рубль бөлгізді. Бұл ол кезде қыруар ақша болатын. Студияны бітірген алғашқы түлектердің цирк өнерінде тәжірибесі аздау еді. Оның үстіне жаттығу жасайтын залдар тарлық етті. Ол кез цирктің жеке ғимараты әртістерінің өңі түгіл түсіне кірмейтін. Сол сәттерде Гүлжиһан Ғалиеваның қолдауымен бір топ қазақ жастары Мәскеу, Саратов қалаларына дайындыққа аттанды. Бұл уақытта цирктің алғашқы қойылымының бағдарламасы дайындалып жатты. Оның қоюшысы атақты Г.Перкун мен И.Дубинский еді. Осындай цирк өнерінің майын ішкен мамандарды тартқанымен Гүлжихан Ғалиева қазақ циркінің қанатқақты қадамында ұлттық ойындар мен салттардың көрініс табуын талап етті. Цирк бағдарламасына «Көкпар», «Қыз қуу», «Теңге ілу» секілді ұлттық ойындарды енгізіп үлгерген Гүлжихан Ғалиева тұрмыс-салт пен ұлттық менталитеттен көріністер көрсетуді қолға алды. Әсіресе оның назарынан төрт түлік пен саясатшылық дәстүрлері сырт қалмады. Димаш ағамызға Маңғыстаудың түйесін, қырдың қызыл түлкісін, алтайдың ақиығын алдыртуға қолқа салды. Алғызды да.

          1967 жылы Саратов қаласында қазақ циркінің тұңғыш қойылымы өтті. Томағасын сыпырған қыранның жемтігіне құлдилай шөккенін көргендер таңғалғанын жасырмай қиқуласты. Соғылған қол мен «Браво!» дескен қошемет сөздер қазақ әртістерін арқаландырып жіберді. Бұл тарихи сәтті қазақтың тұңғыш цирк акробаты Қалдық Бегенов ағамыз: «…Премьера состоялось. Завершилось выступление выходом всех артистов на арену. Шквал аплодисментов оглушил нас. Это был знаменитый день для всех нас!..» деп еске алады. Қазақ циркі ұжымының тіркеліп, рәсімделген күні – 1970 жылдың 24 маусымы. Арада екі ай өтпей жас ұжым Спорт сарайында қойылым қойды. Ал қазақ циркінің алғашқы директоры өрімдей жас Қанат Саудабаев деген жігіт болды. Иә, иә, бүгінгі Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы. Ленинградтың өнер институтын жаңа бітірген білімді жасты басшылық қызметке ұсынған да Гүлжихан Ғалиева еді. Гүлжихан Ғалиеваның ендігі арманы – жас ұжымды жаңа отауға шығару еді. Димаш Ахметұлы республикаға танымал сәулетшілер мен құрылысшыларды шақыртып салдырған киіз үй тектес цирк үйінің құрылысы екі жылда аяқталды. Бүгін ол оңтүстік астананың сәулетті сарайларының біріне айналды. Алайда осынау ат шаптырым аумақты алып жатқан алып ақ үйде апамыздың атын еске түсірер айғақ жоқтың қасы. Бұл жайында цирк өнерінің майталманы, бір кездегі цирк директоры Қалдық ағамыз кітабында: Ерен еңбек сіңіргенін көре тұра кей жандарға құрметіміз энциклопедиядағы шағын заметкамен шектеледі» деп өкініш білдіреді.

Өмір жолы бұралаң. Шытырманы мен шырғалаңы, сыны мен сергелдеңі мол тағдыр жолынан кім сүрінбеген?..

         Апамызға Құдай бір қыз, бір ұл берді… кім біледі, бәрі жақсы болар ма еді…Тағдырға не шара…Тұлымы желкілдеп өсіп келе жатқан Аэлита анасынан аумайтын сүйкімді-ақ болатын. Сабақты үздік оқитын. Анасы секілді талай ұлы ақындардың өлеңдерін нақышына келтіріп, мәнерлеп жатқа оқығанда ел аузына қарайтын. Сол қыз аяқ астынан аты жаман түсініксіздеу ауруға шалдықты да аурухананың ақ төсегіне таңылды. Ұзақ жатты. Анда-санда есі кірген кездері «О, мой любимый Есенин!» деп бастап өлең оқып отырған сәтін көргендер бұл қыздың науқас екеніне де сенбейтін. Бұл жағдай рухы мықты Гүлжихан апамызды елдің көз алдында бордай үгітіп жіберді. Аурухана мен жұмыстың арасына аяғынан таусылып үй бетін көрмеген кездері де болды. Араға біраз салып апамыздың қызы өмірден өтті…

        Тағдыр тәлкегі осы ма дерсіз, көп ұзамай жары Әнуар атамызбен ажырасады…

Ұлы Едіге Мәскеуден оқу бітірген білімді жастардың бірі еді. Алғашқы зайыбы Римма деген орыс қызы болған. Ол жеңгеміз де көлденең көк атты көз салмайтын көрікті жандардың бірі болған деседі. Алматы қаласындағы №15 мектепте ұзақ жыл директор болып қызмет етіпті. (Мектепке хабарласқанымызда ол кісі туралы ештене білмейтіндерін, тіпті Ресейге көшіпкеткен болуы керек деген жауап естідік) Бұл кісіден Гүлжихан апамыздың Ләйлә есімді немересі бар. Гүлжихан апамыздың ұлы Едігенің 1967 жылы екінші рет үйленген зайыбы – Қазақ КСР-нің Халық әртісі, биші Гүлжан Талпақова. Гүлжан апай апаның төл шәкірттерінің бірі. Оның Алматыға келуіне де тікелей себепші болған Гүлжихан апамыз. Аймақ-аймақтан дарынды жастарды жинап жүрген апамыздың көзіне би билеп жүріп іліккен жас қызды Алматыға, өзі құрған цирк-эстрада студиясына оқуға шақырады. Алайда Едіге ағамыз бен Гүлжан апаймыздың дәм-тұзы ұзаққа бармады…(Кейін апамыздың ұлы Едіге мен одан көрген немересі Аббас да жастай өмірден өтті.)

          Қызының жастай дүние салуы, азаматымен ажырасуы, ұлының тағдыры жүрегіне салмақ түсірді. Айналасына сыр бермеуге тырысқанымен қайран перзентін сүйген ана-жүрек, жарын сүйген адал жүрек сыр берді… Ол аздай туған өнер үшін тәуекелге барған апамызға көп ұзамай дәрігерлер бүйрек туралы да бас шайқаған диагноз қойды.

Апамыздың жанын жеген бір бұл ғана емес еді. Ол заманның да қорқаулары Гүлжихан үстінен домалақ арыздарды боратты. Оның көбі «Гүлжихан Ғалиева үш жерде (Цирк-эстрада студиясы, «Гүлдер» жастар-эстрада ансамблі, Қазақ циркі) басшылық қызмет жасайды. Үш жерден айлық алады. Мемлекеттің қаржысына байып болды» деген мазмұнда. Иә, Гүлжихан келбетті әрі талғаммен қымбат киінетін жан еді. Сыңғырлаған күлкісі ғана емес, қолындағы асыл жақұт-гауһар жүзіктері де айналасына сәуле шашып тұратын. Бірақ бұларды ол базбіреулер ойлағандай халық қазынасынан қымқырып емес, әкесі қалдырған мол мұрадан еншілеген. Тіпті оның Саратовқа цирк өнерін үйренуге барған кей қазақ балаларын өз қалтасынан шыққан қаражатпен оқытқанын біреу білсе біреу білмейді. Қала берді, оның со тұста қазақ өнерінің қамын жесе де, нанын жемеген жан екенін мойындалмады. Мойындамады

Ал бүгін ше? Гүлжихан Ғалиеваның есімін кім біледі?

         Иә, өзі қазақ өнерін аяғынан қаз тұрғызуға жанын салып, қара нардай өрге сүйреген Гүлжихан Ғалиеваның есімі елеусіз қалды. Ұмыттырылды. Өзі қолымен құрған эстрада студиясы басқаның атын алды. Азан шақырып атын «Гүлдер» деп өзі қойған атақты ансамблдің әр баспалдағында, тіпті әр әртістің ұлттық киіміндегі бедерленген ою-өрнекте апамыздың қолының табы қалғаны да рас. Алайда биыл қырық жыл толғалы отырған қарашаңырақта апамыздың құрметіне қазан да көтерілмеген.

           Бүгінде қазақ халқының көз қуанышына айналған «Тамаша» ойын-сауық отауының пайда болуына да Гүлжихан апамыздың себепкер болғанын, тіпті «Тамашаның» өз әртістері де біле бермейді. «Тамашаның» көшін алға сүйреген Лұқпан Есенов ағамыз да апамыз құрған студияда білім алған. Республика көлемінде аталып өтілуі тиіс Гүлжихан Ғалиеваның сексен, тоқсан жылдықтары да атаусыз қалды. Бұл жағдай ұлтын сүйген ұлы жүректі ұрпағы қалмағанын алға тартып табалағандай әсер қалдырды.

        Өмірден өткеніне 27 жыл уақыт өтсе де бір ұжымның, бір көшенің аты Гүлжихан Ғалиеваның атына бұйырмай-ақ қойды. Сорақысы сол, Гүлжихан Ғалиева тұрған Алматыда Достық даңғылындағы «Үш батыр» деп аталып кеткен үйдің қабырғасындағы құрмет тақтасы да алынып тасталған. Жер алып тұрмаған қу тақтай кімге керек болғанын, қашан алып тасталғанын да ешкім тап басып айта алмайды. «Мәдени ескерткіштерді қорғауымыз керек» деп Құдайдың құтты күні дабыра қылатындар сол сәтте ай қарап, жұлдыз санап отырған ба?

          Егер қара тасқа да тіл бітер болса Қазақ циркінің Гүлжихан Ғалиеваның маңдай терімен қаланған әр тасы апамыздың атын атап күңіренер ме еді. Әлемге танылған ағайынды Никитиндер атындағы, Никулин атындағы, Чинизелли атындағы, Саломонский атындағы, Лукашенко атындағы цирктер есіңе түскенде Гүлжихан Ғалиеваның есімі өзі құрған Қазақ циркіне берілсе ғой деген ой келеді. Сонда Монте Карло сынды әлемнің ең әйгілі аренасында жұлдызы жарқырап жүрген Қазақ циркінің алдында қазақ елі ғана емес, әлем бас иетін еді. Құрылғанына 40 жыл толғалы отырған қара шаңыраққа мұнан асқан сый болар ма?!…

          Өмір әділетті дей аламыз ба? Қайдам? Егер әділетті болса, қазақ өнерінің қара қазанын қайнатқан Ғалиеваның құлпытасы құлап жатпас еді. Қорымдағы қорлықтан кейін жиі күрсінетін болдық. Ұлтын жан-тәнімен сүйген, ұлттық құндылықтарға көзінің қарашығндай қараған Гүлжихан Ғалиеваның құлпытасы құлап жататындай не басымызға күн туды? Тым құрығанда, аруаққа деген құрметіміз қайда? Әй, өмір-ай…

          PS. Кеңсайдан оралған бетте цирктегі Уәлихан Рахманұлына мән-жайды айтып хабарластық. Ол кісі осы жайға жақында хабардар болғанын айтып жер қарайған бойда өзі бастап бір топ цирктің жігіттерімен апамыздың басын көтеруге аттанғалы отырғанын жеткізді.

Динара Ізтілеу