ҚИМАС ҚҰШАҚ

 2001 жыл. Алматы. Аурухана. Реанимация. Жағдайы сағат санап қиындап, жанары жасаурап жатқан Халима әжей 54 жыл отасқан жұбы, пәк сезімінің сыңары Әзілхан Нұршайықовты шақыртты. Үнсіз ғана ілби басып кірген  Әзағам маңдайынан иіскеп, қолын сипалады. Халима әжей ақырғы күшін жинап тіл қатты.  

           -...Мен кеткеннен кейін ұнжырғаң түсіп кетпесін, сексенге келіп қалдың ұнжырғаңды түсірме, жағаңды қисайтпа, таңертең тұрған бойда жағаңды жөнде, бойыңды сергек ұста, балаларға көп сөйлей берме. Қажытпа! Сені жек көріп кетеді. Ұлға да қызға да көп сөйлеме. Олардың пісіріп берген тамағы ащы немесе кем деме, мен емеспін енді. Ұлдарыңа, қыздарыңа ұрыссаң да еш уақытта келініңе ұрыспа ,-деп демігіп үнсіз қалды.

     - Ренжіме, ренжігеніңді сен келіндерге көрсетпе. Себебі, ол сенің ұрпағыңның аналары,-деп ақтық сөзін аяқтады.  

          Әзағам үнсіз ғана бас изеді.  Балалары медицинадан үміт күтуге болмайтынын біліп Халима анасын соңғы күні үйге алдырды. Қасына дәрігер шақыртты. Соны біліп жатқан Халима әжей іргеде ілініп тұрған кілемді сипалап, қара шаңырағына келген қуанышын жәутеңдеген көзімен аңдатқан еді. Тілден қалды. Көп ұзамай күйі қашқасын Әзағам қасына келіп қолынан ұстай алғанда Халима әжей үнсіз ғана асыл жарын құшақтай алды. Құшағын жазбай ұзақ жатты.Сол сәтте, сексенге келген Әзағаның жанарын жас жуып тұрған еді. Санаулы сағаттардан кейін Халима әжей бақилық болды.

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ