ӘЖЕМ МЕН ӘКЕМДІ САҒЫНАМЫН

 

 – Әкем өте қарапайым кісі еді. Әкемізден он бала тарадық: сегіз ұл, екі қыз. Ең қызығы, бәріміз әкеміздің емес, әжеміздің баласы болып өстік. Сонда да болса, әкеміздің қамқорлығын ерекше сезінетін едік. Біріншіден, оны құлағымызға құйып отырған – әже. Бала болып көшеде жүргенімізде, үлкен кісілер: «Кімнің баласысың?» деп сұраса, «Әжемнің баласымын» деп айту дағды болып кеткен. Сонда әжем: «Әй, көшеде үлкен кісілер сұраса, «әжемнің баласымын» деп емес, «әкемнің баласымын» деп айтыңдар. «Әлтайдың баласымын» деп айтсаңдар, әжеңнің кім екенін өздері де біліп алады» деуші еді. Бала болдық, өстік, ұядан ұштық. Оқуға кетерде, әкем «пәлен оқуға бар, пәлен мамандықты игер» деп талап қойған емес. «Балам, көңіліңнің қалауы қандай, қай оқуды меңгере аласың, қай мамандықты игере аласың, өзің таңда. Таңдауларыңа еш араласпаймын. Қолымнан келсе, көмегімді жасап тұрамын. Бірақ мүмкіндігінше білім алуға тырысыңдар» деп айтты. Балалардың алды, үлкені болғаннан кейін, ағам – Мәскеуге, мен Алматыға кеттім. Әкем 81 жыл өмір сүрді. Дүниеден қайтқанда ғана шын есімін білдім. Әлтай емес, Әлі екен. Көзі тірі құрдастары, қатарластары келіп, есімізге салды. «Шариғат бойынша Құран оқылған кезде әкеміздің азан шақырып қойған аты айтылуы керек. Әкеңнің шын есімі – Әлі» деп айтты. Ауылда ишан кісі болған екен. Сол кісі: «Әлі деп пайғамбарымыздың сахабасының атын қойдыңдар. Тарихта орны бар кісі. Бала болып бір-бірімен ой­нап жүрген кезде, атына байқамай тіл тиіп кетуі мүмкін. Ол әруаққа қиянат болады. Еркелетіп, «Әлтай» деп атаңдар. Есейгеннен кейін өз атын тауып алады» деген екен. Бала күнінен «Әлтай» атап кеткен соң, жұрттың бәрі солай қабылдады. Қазір әкемізге Құран бағыштаған кезде, өзінің азан шақырып қойған атын құранға қосып отырамыз. «Сағыныш» атты кешіме дайындық басталып кетті. Бұған дейін де қаншама концерттерім өтті. Туған жерге, анаға арнаған кездерім болды. Осы жолғы кешімді әкемнің рухына арнағым келеді. Кешімде айтылатын әннің бәрі – сағыныш саздары. «Ауылға жиі барасыз. Балалық шағыңызды көп сағынасыз-ау. Балалығыңызды іздейсіз бе ауылдан?» деп сауал қойды тілшілердің бірі. Ауылда әкемнің көзін көрген, қатарластары, саусақпен санайтындай қария кісілер бар. Неге екенін білмеймін, соларды көргім келеді. Өйткені балалық шағым сол қарттардың, ақсақалдардың көзінде екен. Ауылға барғанымда осы кісілерді көрсем, өзімді бала сезінемін. Әкемнің орнында қара шаңырақта отырған інімнің балаларына, көрші-қолаңның балаларына – атамын. Кейінгі кездері осыны көп ойлайтын болдым. Қан­шалықты ауылда қартың көп болса, сенің балалығың сақталады екен.

НҰРЛАН ӨНЕРБАЕВ