"МҰҚАҒАЛИ ЖӘБІР КӨРДІ" ДЕГЕН ӨТІРІК СӨЗ

        Қабдеш Жұмаділовтің "Таңғажайып дүние" романының бір тұсында: "...Ақын өлген күні жедел жиналыс ашылып, мүшелігін қалпына келтірді", деп жазылған. Әңгіме Мұқағали жайында. Осы тұжырымды түзете түсінік берейін. Мұқағалидың қайтыс болғанын ести сала одаққа жеткен қаламдастарының жасы үлкені Әбділда Тәжібаев бірден: «Ол Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылып тасталған емес пе еді?! Хатшылар қайда?! Дереу секретариат өткізу керек те, Мұқағалидың мүшелігін қалпына келтіру керек!» – деді. «Олай болған жоқ қой, ол жай сөз ғой», –деп едім, Әбекең: «Сөзді қойыңдар! Ол солай болған, болған! Давайте, секретариатты жинаңдар!» – деп ашуланды. Бірінші хатшының бөлмесі алдында ошарылған топ сол жерде бөлмеге кірді де, Әнуар жоқ еді, хатшылардың басқа қайсысы қатысқаны жадымда қалмапты, шұғыл мәжіліс 15-20 минөтте өткізіліп, Мұқағалидың "мүшелігі қалпына келтірілді". Қаза сәтінде жағдайды анықтап жатуға уақыт өткізбеуді жөн көргендіктен кедергісіз жасалған ол "мәжілістің" шешімі қалтарыста қала берді. Себебі мүшеліктен шығарылмаған адамның "мүшелігі қалпына келтірілгенді" кім көріпті?

          Оркестр келтіру сөз болғанда Әбекең: «Мұқағали особый ақын болды, ерекше ақын болды. Дарылдақ оркестрдің керегі жоқ. Мәдениет министрлігінің домбырашылар оркестрі бар, соны шақыру керек!» – дегенді айтты. Жаңылмасам, екінші хатшы Шерхан Мұртаза болар, ол: «Әбеке, министірлікпен сіз сөйлесіңіз, сіздің сөзіңіз өтеді ғой», – деді. Екінші қабатта, дәлізде тұрғанбыз.

           Сонымен үш-төрт кісі екінші хатшының бөлмесіне бардық. "Базарбаевпен сөйлесіп көрейін, тәуекел. Ол екеуміз ит пен мысықтай едік, қосыңдаршы!" – деп Әбекең күлді. Төте телефонмен жалғадық. Әбекең сөзін күле сәлемдесумен бастап, қызына жалғап, булыға аяқтады. Менің құлағымды шағып алған сөзі министр Мүслім Базарбаевқа: "Мұқағали Мақатаев кешегі Ілияс Жансүгіровтен артық болмаса, тіпті де кем ақын емес! Оған бермеген оркестріңді енді кімге бересің, сөйт, бер оркестрінді!" дегені болды. Мен іштей қатты тіксіндім. Ілекеңнің, Мұқағалидың кім екенін сұңғыла әдебиетші Базарбаев білмей ме екен?! Марқүм екі ақынды бұл жерде шендестірудің, Мұқағалидың қазасында Ілекенді аласарта сөйлеудің қажеті қанша еді?! Ақсақал басымен аруақ салыстырғаны несі?! Сол сорақы көрініске еріксіз куә болған әйгілі ақын ағамыз Қуандық Шаңғытбаев екеуіміз сыртқа бірге шыққанымызда ол:

          – Тірі Тәжібаев әлі Ілиястан есесін әлі қайтара алмай жүр екен ғой, – деп назалы мырс етті де: – Ілекең кезінде бұның теріс қылықтарынан түңіліп, аса уытты сықақ өлең арнапты, оны білесің бе? – деді.

 – Жоқ, білмеймін, – дедім.

– Мағжан Жұмабаев ағамыз да бұған сұмдық әжуә өлең шығарған, – дей бергенінде ақын-жазушыларымыздың екеу-үшеуі келе қалды да, сөз үзілді...

          Ал Мүслім Базарбаев домбырашылар оркестрін берген жоқ. Сірә, Тәжібаевпен "достығы" тежеген шығар. О, жалған! .. О, пендешілік!..

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ жазушы