Әжем ақырындап өз бөлмесінен шығып, қонақ бөлмеге кіріп келе жатты. Қонақ бөлмеде немересі мен келінінің дауыстары шығып тұрған еді.

Келіні:

      – Балам, дастарханға отыр, сорпаңды құйып қойдым, суытпай ішіп ал!

      Қонақ бөлменің бір бұрышындағы өзінің ауылдан алып келген көрпесінің үстіне отырған әжесін көрген немересі:

     – Әже, кел бірге тамақ жейміз! – деді.

      Қарт апа бір күрсініп алып:

– Үйдің отағасы келмей тұрып дастарханға отыруға болмайды. Әкеңіз келсін, бірге жейміз, бұйырса!

       Келіні:

– Ойбаай, апа! Бұл әдеттердің заманы өтті, ескірді. Қазіргілер кім аш болса, дастарханға отырады, балаңыз келіп өзі жей береді, – деді.

     – Қызым, адамдардың өз әдебі секілді үйдің де өз әдебі, заңдары болады.

     Немересі шыдай алмай, сөзге араласып:

     – Әже, не ол үйдің әдебі?! – деді.

         Қарт апа былай деді:

       – Біз кішкентай кезімізде әкеміздің алдында дұрыс отыруды үйренетін едік. Үйде ата-анамыздың алдында аяғымызды созып отырмайтынбыз, үлкендеріміз сөйлесіп отырғанда, олар рұқсат бермегенше сөзге араласпайтынбыз. Бөлмеге үлкендеріміз келгенде, тұра қалып орын беретінбіз. Әкеміз дастарханға отырмай тұрып, біз ешқашан отырмайтын едік. Әкеміз келіп: «Бисмилла, ал келіңдер!» деп айтатын. Барлығымыз жүгіріп келіп отыра қалар едік. Соңында дастархан батасы оқылатын. Отбасымен жеген тамақтан дәмді тамақ болама, құлыным! Бұл – дастархан әдебі!

        Немересі:

        – Ой, әже, бұлардан стресс болмайсыз ба?! – деді.

        – Жоооқ, құлыным! Біздің заманымызда құрмет болған жерде махаббат бірге жүретін. Махаббат болған жерде қайдан стресс болсын. Тамақтар дәмді, ұйқымыз тыныш. Білесің бе, мен стресс деген сөзді осында, қалаға келіп үйрендім.

        Біздің ауылымызда ақылында кемістігі бар бір бала болатын. Бәрі оны «Жынды Ибрахим» дейтін. Ол кезде сол жынды Ибрахимде стрессіз, бақытты болатын. Кешке дейін көшеде балалармен ойнайтын, қарны ашса бір есікті қағатын. Қай есікті қақса да, оны үй иелері тойғызып жіберетін еді. Шашы өсіп кетсе, шаштараз шашын қиып қоятын. Хамамшы оны шомылдырып тұратын. Жұма күндері ауыл кісілері оның қолынан ұстап, намазға апаратын. Ешкім оны кемсітпейтін.

      Қазір ешқандай нәрсеге құрмет қалмады. Қарашы, үйлерге де құрмет жоқ! Кеш болса да перделер жабылмаған, барлық үйлердің үй іші көрініп тұр, бірақ ешкім ұялмайды.

        Біз кеш батпай тұрып, перделерді жабып, жарықтарды қосатын едік. Перде жабық болса да үстімізді ауыстыруға ұялып, жерге шөгіп ауыстыратын едік. Сырттан көлеңкеміз көрінетінін ойлап ұялатын едік.

      Осы кезде беті қызарған келіні ақырындап тұрып перделерді жапты.

      – Үйдің әдебі пердесінің жабылып жабылмағанынан белгілі болады!» дейтін еді үлкендеріміз, – деді әжем. – Үйдің алдына ешкім іш киімдерін асып қоймайтын, көршілерден ұялатын еді. Мен кішкентай кезімде шалбарымды үйдің алдына іліп қойған едім, анам келіп: «Қызым, әкең бүгін аулаға шыққан кезде сенің шалбарың ілулі тұрған, қалай ұялғанымды білсең ғой. Екінші рет ортаға ілме, үйдің артына іл, үстінен жұқа мата іліп қой», – деді. Мен ол кезде 12 жаста едім. Анам бұны маған сөйлеген кезде жер жарылып, кіріп кетсем екен деп тұрдым ұялғанымнан. Қазір қалай? Өткенде таза ауа алайын деп балконға шығып едім, қарсыдағы көршіміз барлық кірлерін асып қойыпты, ұялғанымнан ішке кіріп кеттім.

 

           Бүгін тамақты сыртта жейтін болды, «көз құрметі» деген болады, оны ешкім ойламайды. Біз базардан сатып алғанымыз әдемі пәкетпен үйге алып келетін, сонымен дәмді тамақ жасайтын едік. Көзге құрмет жасауымыз керек, қызғаныш болады... Ол тамақты алуға ақшасы жетпейтіндер де бар, соларға құрмет көрсетуіміз керек.Біздің Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Тамағыңыздың иісімен көршіңіздің үйінде аза оқымаңыз», – деп айтқан.

Үйдің тағы бір әдебі бар, ең маңыздысы да осы...

         Үйдегі жағдайлар ешқашан сыртқа шығарылмайды: жегеніміз, ішкеніміз, әңгімелер, ұрыстар... Бұл да үйдің бір әдебі, ешкімге айтылмайды. Сол үшін үй ішіндегі мәселелер оңай шешіледі. Пайғамбарымыз да, әсіресе, әйелімен күйеуі арасындағы әңгімелер ешкімге айтылмайды, бұл күнә болып табылады деген хадистер айтқан, солай емес па «Ләйлам!» деді келініне...

       Лейла ұялыңқырап:

       – Иә, анашым! – деді ақырын дауыспен.

        Немересі:

       – Әже, қазір фейсбук деген нәрсе бар, адамдар ресторанда отырғанын, не жегенін суретке түсіріп, мындаған адамға көрсетеді!

        – Ойбүүүй... Адамдар сонда не жегенін көрсете ме?

       – Әрине, әже, әр нәрсенің фотосуреті бар. Қыдырған жерлері, не жегенін, не кигенін, жұбайлары алған гүлдердің үстіне жазылған тілектердің де фотосуреті бар.

        – Құлыныыым-ау, сен не айтып отырсың? Ақырзаман жақындап қалды ма? Үйлер тыр жалаңаш қалды ма? – деп көз жасқа толып, әңгімесін жалғастырды:

        – Біз отағамыздың алдында бірге жүруге ұялатын едік, жесірлер бар, тұрмыс құра алмайтын қыздар бар. Олардың көңілдерін жаралағымыз келмейтін. Отағамыздан бір қадам артта жүретінбіз.  Қәзір болса көшеде ұрысып тұрады, сүйісіп тұрады жастар...

        Әрине, ар-ұят болмаған жерде мейірім де қалмайды. Үлкендерімізге құрмет етсек, бұл үйіміздің берекеті болатын. Үйдің ұяты жабылған перделер болатын. Ал, махабаттың ұяты – жасырыну. Көздің ұяты – көзде. Дененің ұяты – жабық киімдер. Ұялу, ар намыс – иманнан келетін нәрселер. Мен саған анам айтқан бір хикая айтып берейін.

 

Алла Тағала Адам атаны жаратқанда, Жебірейіл оған үш сыйлық алып келді: Білім,ұят, ақыл. Оған былай дейді:

«Адам! Бұдан қалағаныңды ал!»

Адам ата ақылды таңдайды. Сонда Жебірейіл ұят пен білімнен сұрайды. Ұят пен білім былай деген екен:

– Біз рухтар әлемінде үнемі бірге едік. Бір-бірімізден ешқашан айрылмаймыз. Рух мәйітке кірсе де солай болып қалады. Ақыл қайда болса, мен де сонда боламын. Жебірейіл орындарыңа орналасыңдар дегенде, ақыл миға, білім жүрекке, ұят көзге орналасты.

      Сол айтылғандай, ұяттың орналасқан жері – көз. Осы үшін һәм көзімізді, һәм көзге көрінетін нәрселерді байқауымыз керек.

Келіні:

         – Дұрыс айтасыз, анашым. Біз ар – намысымызды ұмыттық», – деді.

Немересі қасығын ақырындап қойып:

         – Мен тамақты әкем келгенде жеймін, анашым! – деді.

Ләззат Базарбаева

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер