БЕТХОВЕН НЕГЕ КЕЛМЕГЕН?

БЕТХОВЕН НЕГЕ КЕЛМЕГЕН?

– Баяғы Одақтың тұсында елге армянның атақты скрипкашысы Вартанян келіп, жер-жерде концерт береді. Бір сапары түкпірдегі ауылдарга түсіпті. Әртіске атқосшы болып ерген администратор селоға кірген бойда афишаларын көтеріп ауыл басшысына кіреді.

– Ағасы, – дейді, – ауылдарыңызға үлкен классикалық шығармаларды орындайтын, Одаққа, қала берді әлемге белгілі музыкант келіп қалды. Көрермен жинауға көмектесіңіз. Сырт адам ғой, ұятқа қалмайық. Жәрдемдесіңіз!

Сонда басшы алдында жатқан афишаға қарап:

– Жарайды. Дұрыс қой бәрі. Тек, ауылда қонақ үйіміз жоқ еді, қайда қонады бұ кісі? – дейді.

– Жоқ... Қонбайды о кісі. Концертін береді де қайтып кетеді.

– Хорошо! Ал, енді не тамақ, не арақ ішеді бұл?

– Ішпейді ештеңе. Сіз тек халық жинап берсеңіз болды.

– Ал, қалғандарын қайтесіңдер?!

– Ойбай-ау, бір-ақ адам ғой, ағасы!..

– Қалай?! Сонда мына жазылған Бетховендер келмей қалған ба, немене?!

Сөйте, афишада Вартанянның фамилиясымен қатар скрипкашы шығармаларын орындайтын Бетховен, Глинка, Чайковский, Моцарт, Шопеннің аты-жөндері жазылған екен.

Басшы бұлардың бәрін артистер деп ойлапты.

Құдайберген Сұлтанбаев актер