1933-1936 жылдары қазақтың белгілі ақыны, прозашысы, драматургі Бейімбет Майлин шығармаларының төрт томдығын шығарды. Әлгі жинағы оған кесір болып тиді. Сәбит Мұқанов "Казахстанская правда" газетінде әлгі төрт томдық туралы "Б.Майлиннің қателіктері хақында" деген мақала жариялады. Жазушылар одағы басқармасы төрағасы Майлинді "контрреволюциялық шатпағын" қайта жариялады деп айыптады.

        Мұқановтың жазуынша, Майлиннің 1925 жылы жазылған "Ауыл мектебі" пьесасы "халық жауы, жапон-герман фашизмінің агенті, жендет" Троцкийді дәріптеген.

        Сәбит Мұқанов әлгі мақаласында Майлиннің бұрынғы шығармаларына да "таптық" тұрғыдан талдау жасаған. Мысалы, "Әкеме хат" өлеңінде кедейлер Алаш Орда жасақтарына өз еркімен қосылды деп көрсетіп, қазақ кедейлеріне жала жапқан" деп жазды. Қазақстан жазушылар ұйымы басшысының әлгі "қателіктің" бәрі кездейсоқтық емес деген ұйғарымы Майлиннің басына қауіп төндірген еді. Сәбит Мұқановтың ойынша, 1918 жылы алашордалықтардың Петропавлдағы газетінде жарияланған екі өлеңінде Майлин жастарды, "қазақ халқының қас жауы" болған "Алашорда" қатарына өтуге шақырған үндеу бар.

       Бейімбет Майлин Сейфуллин мен Жансүгіровтен сәл кейінірек тұтқындалды. Қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі - "Амангелдінің" түсіріліміне қатысқанының арқасында оны көпке дейін тұтқындаған жоқ деген тарихи дерек бар. Көктем, жаз және күздің басында ол сценарийдің тең авторларының бірі ретінде түсірілім алаңына жиі барып, режиссерге кеңес беріп жүрді. Майлинді қамау Ғабит Мүсіреповтің ара түсуінің арқасында кейінге ысырылды деген де болжам бар.

        "Амангелді" фильмі ел экрандарына 1939 жылдың басында шықты. Афишалар мен титрлерде сценарийдің авторы ретінде тек Всеволод Иванов пен Ғабит Мүсіреповтің аты-жөні көрсетілді. 1966 жылы "Амангелді" фильмі қалпына келтірілгеннен кейін әділеттілік орнап, сценарий авторлары арасында Бейімбет Майлиннің есімі енді.

Алексей АЗАРОВ

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер