«ӨЗІҢ БІЛ, АЙНАЛАЙЫН!»

«ӨЗІҢ БІЛ, АЙНАЛАЙЫН!»

– Тағы да сапардамыз. Шыжыған шілденің кезі. Астымызда – «Кубань». Адасып келеміз.

Бәріміз шаршағанбыз. Маңайға анда-санда ғана самарқау қарап қойып, қалғып-мүлгіп отырмыз. Тек көбірек сөйлейтін бір кұрбымыз ғана әр нәрсені айтып қоймайды. Оны тыңдап жатқан да ешкім жоқ, сонда да бес сомның радиосы секілді самбырлай береді.

Діттеген аудан орталығы жеткізбеді. Жолдағы ауылға соғып едік, кездескендер:

– Ойбай-ау, мүлдем қиыс кетіпсіздер ғой. Шопыр қай жақтың баласы еді? Іздеген ауылдарыныз тіптен ана жақта, – деп келген жағымызды нұсқады.

Қайта кері бұрылдық. Шопырымыз жас па, әлде жол білмей ме, түнеріп ап, шынында да, әбден әуреге түсіріп келеді.

Бұрылыстан қол кетеріп бір шал кездескен. Жөн сілтеймін деген соң отырғызып ала кеттік.

Сөйлесетін адам таппай келе жатқан әлгі құрбымызға жақсы болды, енді шалдың қасына жайғасып алып, «Ата!» деп мән-жайын сұрай бастады.

Шаңдақ жолдың топырағын бұрқыратып ұзақ жүрдік. Бір тұста кірпік астынан шал мен қыз отырған жаққа көз тастап едім, екеуі де көңілсіздеу екен. Олар да жол соғып шаршаған сыңайлы. Бірақ кұрбым қалғып кетіп отырса да әлі сөйлеп қояды. Аузы да кеберсіп кетіпті. Тілі де күрмеле бастағандай. «Тү-у, мынаған дауа жоқ екен!» – дедім де, қалпақты көзге түсіріп, қайта мызғи бастадым. Бір кезде жігіттер әлгі қызға:

– Сұрасайшы ана кісіден, анау осы район ба?! – деп шуласып кетті.

Алыстап ағараңдап елді мекен көрінген екен.

– Ата-а, осы райын ба-а? – деді әбден шаршаған қыз.

Шал бұған аң-таң қарады.

– Осы райын ба? – деді құрбымыз қайталап. «Осы район ба» дегісі келгені де.

Сонда түк түсінбеген ақсақалдың:

– Өзің біл, айналайын! – дегені ғой көзі ежірейіп.

Күлкіден қыран-топан болдық.

Іздеген ауданымыз сол екен.

Күлкі дүр сілкіндіріп, сергітіп жіберді. Ештеңені ұға қоймаған қыз да бізге қарап ыржаң-ыржаң етеді.

Құдайберген СҰЛТАНБАЕВ