Бекер-ақ болды... Белгілі жазушының осы сөзі сіздің қазаңызды естігелі есімнен кетпей қойды. Жаңа ғана «Келбетіңізді» көріп, көкірегіме ащы өксік кептеліп қалды. Сіз жазушылардың ішіндегі жомарты едіңіз. Уәдеден тайқымайтын жақсы әдетіңіз бар еді. Өзіңізді анау Америкаға барып, бүлдіріп қайтатын жылы таныдым. «Халық сөзіне» алғашқы бетінен-ақ айқайлап шыққаныңыз есімде. Сол сұқбатты айызым қанып оқығам. Қайбір жылы Жазушылар Одағының құрылтайынан көрдім. Құрқылтайдай шүпірлеп жүрген шалажазушылардан бөлініп, жеке жүрдіңіз. Несіпбек Дәутай ағамен пікірлес едіңіздер. Тіпті, сыртқы келбеттеріңіз де келіңкірейді.

     Аманшаев Астанаға ауысып барғанда кеңсесіне даудырай кіріп: «Жолыңа жақсы адамдар жолықсын!», - деп екі ауыз ізгі сөзді айтқаныңыз да ерулікке пара-пар. Жалпы сіз ізгі жансыз. Қара бұтаққа қасқайып біткен мінезіңіз де бар етін.

«Атырауский» мінез алып ұрды сізді...

     Дауысыңыз қандай! Диктормын дейтіндерді тасада қалдыратын. Фариза апай қайтқан күні сізбен тілдестім. Атыраудан арнайы келгеніңізді айттыңыз. Біз сол күні сұхбаттаспақ ек. Болмады... Бармақтай қызға кісілік танытып, жағдайды түсіндірдіңіз. Айпарадай жазушының кісілігіне көңілім жылыған сонда. Мінезіңіздегі турашылдыққа, бірбеткейлікке тәнтімін. Жұрт секілді бастықтың алдына барып, өтірік бүгіліп-иілмейтініңіз де – өрлік. Бетке шауып қалатыныңыз да – батылдық. «Атырауский» қаныңыз жиі шапшиды деп еститінбіз. Сол қан басыңызға шапты, сірә... Америкада қыза келе, дөкейге «пошел» деп жүргеніңіз сол кіші жүздігіңізден ғой.

Мәскеуге кетіп қалуыңыз керек еді...

      Қызуқандылыққа салынып, бүкіл халықаралық талапты бұзғаныңыз да бізге аңыздай. Сізге сол жылы Мәскеуге «Художественная литература» баспасына кетіп қалуыңыз керек еді. Бас директоры Георгий Пряфиннің ұсынысын қабылдауыңыз керек еді. Сонда Қазақстанда кітабыңыз өртелмейтін еді. Сізді бос күңкіл қажытты, білем...

    Енді Америкаға барып, кім бүлдіріп қайтады?! Сіздің жүрегіңізді кітапөртегіштер жырым-жырым етті. Сізді ешкім түсінбеді. Әйтпесе сіз шындықты айтып едіңіз. Мемсыйлықтың ләмін дәметіпті деді сізді. Анығында, Бексұлтан ағаның көркемдігі қай жағынан келісіп тұрғанын сіз алғаш болып мойындадыңыз. Мемсыйлықты  Мұқағали мен Смағұл, Тынымбай алмағанда мен не бетіммен аламын?» – деуіңіз де ірілік.

     Сіз басқаратын «Ақ жайық» журналын бір түн бойы түгел оқып шықтым қай жылы. Әдебиетке жаңаша, тосын нәрселерді әкелгіңіз келетін.

     Айгүл Аханбайқызы деген журналист әпкем бар. Сізді қатты құрметтейді. Екеуміз жолыға қалсақ, әңгімеміз сіз жайлы өрбиді.  Өйткені сіз біздің жазушымызсыз, біздің заманның жазушысысыз. «Бес қасқа беріштің хикаясы», «Дүние-ғайып», «Көмілген қазына алтыны», «Қандыөзек» секілді шығармаларды сіз ғана тудыра аласыз. Өзіңіз айтпақшы, қазақтың дүниетанымынан сәл бөлек жаздыңыз.

Құдайға қарызыңызды қайтардыңыз ба?

      «Құдайға жан қарызым бар. Басқа қарызым жоқ», - деуші едіңіз. Сол қарызыңызды беріп құтылған сияқтысыз. Қазақ әдебиеті мен драматургиясының бір бұтағы морт сынды. «Күнделігімді әзір кімге тастап кетерімді білмеймін», - деп едіңіз. Кімге тастадыңыз? Ішінде күңкіл көп пе, шуақты сәттер көп пе?

Сізді кім (не) өлтірді?

Бақұл болыңыз, «іші уылжыған қатты адам». «Бәрінің жабылып өлтіре алмай жүргені – бір Рақымжан», - деп күлуші едіңіз. Сізді кімнің сөзі өлтірді? Кім (не) өлтірді?

Теңізге ұзақ қарапсыз. Кететініңізді сезген сияқтысыз. «Шыңғысханның көз жасындай» бір кермек тамшы көзіңізден үзілді ме екен? Ал менің ішімде бір нәрсе үзіліп түсті. Не нәрсе екенін өзім де білмеймін...

Қарлыға Айсанқызы, әдебиет жанкүйері

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер