ҚҰПИЯСЫ АШЫЛМАҒАН КӨЛ

ҚҰПИЯСЫ АШЫЛМАҒАН КӨЛ

  Алматы облысының Герасимовка елді-мекеніндегі кішігірім «Өлі көл» уфолог ғалымдардың көп талқылайтын жері. Таңқалуға болатындай жағдай мұнда да тұрақты қайталанып тұрады. Қырық градус ыстық болса да,  мұнда жаз айларында да судың беті қатып, қабыршықтанады, мұз болып қатады.  Сонымен қатар, су жансыз, мұнда  балдыр мен балықтар да жоқ. Тылсым құпияның  сыры неде? Суды мекен ететін майда жәндіктер  мұнда неге кездеспейді?  Ғалымдар бұл құбылыстың сырын  көл тереңінде  жатқан улы газдан көреді.  Улы газ тұрақты түрде бөлініп тұрғандықтан,  барлық тірі жәндіктер қырылып қалады.  Тағы бір  қорқынышты нәрсе,  «Өлі көлдің» терең қабатында  ауа толтырылған балонмен 5 минуттан артық тұра алмайсыз. Өйткені улы газ сізді өлтіреді. Жергілікті халық бұл жерге оңайлықпен жақындамайды.  Бірақ бұл орынның  сырын білмейтін туристер көп жағдайда суға түсіп ақырында қаза табады.

       Осы«Өлі көлге» қатысты да түрлі аңыздар  бар.  Кейбір аңыздың мазмұнына үңілсек, мұнда мыңдаған жылдан бері адамдар көп қайтыс болған. Сондықтан суға түскен адамды өлілер тереңге бірден тартып кетеді. Таңғалдыратыны сол, өлі дене біраз уақыт өткен соң, әдеттегідей қалқып  су бетіне шықпайды. Тереңге батқан адам  тік тұрған қалпында бақилық болады екен.  Тағы бір аңыз бойынша, бір ғасырдан астам уақыт бұрын белгісіз бір ер азамат қызғаныш отымен ашу үстінде әйелін осы көлге тұншықтырып өлтірген. Ал оның жарының  кінәсіз болғаны кейін  ғана анықталған.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ