Қазақстанда тіркелген әрбір 100 некенің 34-і отбасы болып қалыптасып кете алмайды екен. Бұл жағдай елімізде жетім балалар мен жалғызбасты аналардың санын күрт көбейтіп жібергені белгілі.

     Ресей Федерациясының депутаттары дәл осы ажырасу үшін төленетін салықтың көлемін 1 мың АҚШ долларына дейін көтеруді ұсынса, Вьетнамда некені бұзғаны үшін 10-20 миллион донг немесе 485-970 АҚШ долларына дейін айыппұл төлеуге тура келеді. Ажырасуды азайтудың басқа жолын таба алмаса, бізге де осындай салықтар салу арқылы тығырықтан шығу керек шығар?!

     «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді» деген. Бала тәрбиесіне әке тәрбиесінің ықпалы ерекше. Ендеше, неге біз қаншама баланы отағасы жоқ отбасында өсіруіміз керек? Неге әр балаға өз әкесінің жауапкершілігі болмауы керек?

      Заң тұрғысынан алғанда, неке қию еркек пен әйелдің, ал осы некені тоқтату – ерлі-зайыптылардың өз еріктері. Бірақ кез келген мемлекеттің саясаты ажырасуға қарсы. Бірақ өмір болған соң әртүрлі жағдай болады. Белгілі бір жағдайларда ғана, отбасы мүшелерінің, өміріне, денсаулығына қауіп төніп тұрғанда ғана ажырасуға болады. Өкініштісі сол, біздің қоғамда болмашы сылтаулармен ажырасып жатқандардың саны көп болып отыр.

       Тағы бір айта кетер жайт, бұрын отбасы құрудың жауапкершілігі жоғары болатын. Ажырасқандар партиядан шығарылып жататын. Ол кездері партиядан шығу кәдімгідей үлкен жаза болатын. Ал қазіргі қоғамда ештеңенің құндылығы қалмады. Ол кездегі жас отбасыларға жасалған жағдай ерекше еді. Оқуды бітіре салысымен, жолдамамен жұмыс табатын. Барған жерінде баспанасы дайын тұратын. Қазіргі жастар үшін баспана да, жұмыс та – бәрі проблема. Аз ғана жалақысымен не үй ала алмай, не толық отбасын асырай алмай қиналып қалатын кездері көп.  

          Міне, осы жетіспеушіліктің соңы ұрыс-керіс, оның соңы ажырасуға дейін апарып отыр. Жас отбасыларға арналған қолжетімді жатақханалар салу керек. Әрбір мекеменің өз отбасылық жатақханасы болса, тіпті керемет. Бүгінгі күні ажырасушылардың денін шаңырақ көтергендеріне бес жыл толмаған ерлі-зайыптылар құрап отырғандықтан, жастардың осындай жатақханаларда, үйлерде 5-10 жыл тұруларына мүмкіндік беру керек. Жас отбасыларға қамқорлық жасалса,бұл мәселенің іргесі сөгілер еді. Оның алдын алу шаралары біздің қоғамда мүлде жоқ деп айтсақ та болады. «Жас отбасыларды қолдау орталығы», «Отбасы институты» деген сынды қоғамдық ұйымдар, институттар, түрлі ұйымдар құрып, жүйелі түрде жұмыс жасауға кіріспесек, мына түрімізбен біз өзіміздің отбасы құндылықтарымызды қорғай алмай қаламыз.

Естай ЖҰМАДІЛОВ, заңгер

Журналист Гүлжан Рахманның сұхбатынан үзінді

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер