«Қазақ аруы» тәжін киген арулар

«Қазақ аруы» тәжін киген арулар

Қыз – ұлттың анасы. Қазақта «Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген аталы сөз бар. Демек қыз баланың тәрбиесін ұлттық болмыстың барлық іргетасымен астастыру маңызды. Белгілі продюсер Баян Мақсатқызының бастамасымен осымен 8 жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Қазақ аруы» байқауының түп негізі де осы. Жыл сайын Наурыз мерекесі қарсаңында еліміздің ең сұлу қызы осы байқауда анықталады. Аталмыш сайыс арқылы талай бойжеткен бойындағы талантын паш етуге, оны ұштауға мүмкіндік алды. Шашы иықтан төгілген бұрымды, ақ тамақ, қиылған қас, жазық маңдайға теңелетін сыртқы сұлулығынан бөлек, байқауға қатысқан арудың әрқайсысы – ақыл мен тәрбиені бойына қатар сіңіріп, халқымыздың құндылықтарын ардақтай білген сұлулар. Сондай-ақ қазақ тілін жетік білген, халқымыздың әдебиетін, тарихы және салт-дәстүрін бойына сіңірген арулар. Ел арасында кең танымалдылыққа ие болған байқау мыңдаған қазақстандық асыға күтетін ұлттық шоуға айналды десе де болады. Тіпті, байқаудың төрайымы Баян Мақсатқызы «Қазақ аруы» туралы телехикая да түсіріп үлгерді.

Биыл, яғни 2018 жылы өтетін байқау бұрынғы байқаудан ерекше болмақ. Сайыстың аясы кеңейіп, халықаралық байқауға айналмақ. Іріктеу кезеңі Түркия, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан және Ресей Федерациясында өтетін болады. Енді тек қазақстандық бойжеткендер ғана емес, алыс-жақын шет елде туылып, сонда өмір сүріп жатқан этникалық қазақ қыздарының да Қазақ аруы атануға мүмкіндіктері бар. Ал, қызықтың көкесі алда! Алтын тәжді кім тағады екен?

Ал осыған дейінгі байқауларда «Қазақ аруы» титулын жеңіп алған қыздарымыз бүгінде не істеп жүр? Естеріңізге салып, бірер ақпаратпен бөлісейік.

 

Ләззат Қалдыбекова 500-ге тарта бойжеткеннің ішінен суырылып шығып, 2011 жылдың «Қазақ аруы» атанған болатын. Бүгінде ол М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы.

 

2012 жылы жеңімпаз атанған Айғаным Өтепбергенова бүгінде тұрмысқа шығып, продюсерлікпен айналысып жүр. Мұнымен қатар, “Эйфория” шоу-балетіне жетекшілік етіп, алдағы уақытта жеке бизнесін бастауды жоспарлап отыр. Продюсердің қарамағында Жасұлан Ақатаев есімді жас әнші жұмыс жасайды.

 

2013 жылғы «Қазақ аруы» -  қызылордалық Әйгерім Қанатбаева жеңіп алды.

 

2014 жылы елдің ең әдемі аруы атағы үшін финалда 21 үміткер сынға түскен еді. Нәтижесінде Маңғыстау облысының атынан барған Гүлназ Жоланова жеңімпаз атанды. Байқаудан соң, ол Баян Мақсатқызының «Махаббатым жүрегімде» атты телехикаясында басты рольді сомдады. Осының өзі оны халықтың сүйікті актрисасына айналдырды. Бұдан өзге «17+» телехикаясына түсіп, көрермендер көзайымына айналды.

 

Кәмшат Қоскелова – 2015 жылдың аруы. Сайыстан соң, оның да өмірі күрт өзгерді. Бүгінде өзін бірнеше бағдарламаларда жүргізуші қырынан көрсетіп, мюзиклде актриса ретінде бағын сынап жүр.

 

2016 жылы Атырау облысының намысын қорғаған Альмира Ахатова алтын тәж тағынған еді. Бүгінде ол Медицина университетінің 5 курс студенті.

 

2017 жылы «Қазақ аруы» деп 19 жастағы Нұргүл Асанова танылды. Бүгінде ол – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3 курс студенті. Болашақ журналист. Сондықтан Нұргүлді телехикаялар мен бейнебаяндардан байқамасақ та, радиодан естіп, телеарнадан көріп қалуымыз әбден мүмкін.