Бард әнші Табыл Досымовтың шығармашылығын зерделеп жүріп, ол кісінің өнерге деген кірпияздығына, тазалығына таң қалдым. Әдетте шығармашылық адамдары өлеңге де, әнге де өзгеріс енгізіп жібереді. Прозада өзгеден көшіріп жазбаса да оқиға желісінде өзгеге еліктеу, ұқсату белгілері байқалып тұрады. Сосын «орындауының фантазиясы», «өзіндік қолтаңбасы» деп ақталып жатады. Ал ән ырғақтық  әрінен, өлең сөзінен жаңылса, басқаны кешірсе де Табылды аға кешірмейтін. Өнердің қылауын қисайса, көзі аларып ақиқатын айтып шыға келеді. Табылды аға тарихқа да сондай тазалықпен қарады. Атыраудың атырабынан бастап қазаққа ортақ  батырлардың, билердің  рухын өлеңіне өріп, әніне салды. Сол әндер санатындағы «Замани зар» өлеңіндегі мына өлең жолдары ойлантып тастады. Әнді Сіз де тыңдаңыз. Сәкен деп айтып отырғаны Сейфуллин екеніне еш күмән жоқ.    

Алма апам құсап шашын кескендер,

Сайтан ой улап санасын,

Айырған шақта Алашым деген азаматтардың арасын,

Қазақтың өңшең сұлу қыздарын,

Жинап ап Сәкен серілер

Қымызын ұрттап, қыз-ойнақ қылды

КазЦИК-тің мейманханасын.

Айтпағымыз Сакенді Табылдының сөзімен күстаналаудан аулақпыз. Деседе, «Табылды аға неге осылайша айтты екен?»,- деген сауал мен үшін жұмбақ. Әлде, тарихта қалған ақтаңдақ бар ма екен? Тарихтың обалы мен сауабын білетін Табылды аға деректі нақтыламай қағазға түсірмейтін.

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер