Бұл «Дала қоңырауы» атанып кеткен Ыбырай Алтынсариннің қанатты сөздері. Бүкіл өмірін мектеп ашуға, қазақ балаларын оқытуға, соған оқу құралдарын жазып шығаруға арнаған өнегелі ұстаз қазақ халқының келешегі тек өнер-білімде деп түсінді. Ол қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. 

Ыбырай Алтынсарин Н.И. Ильминскийге жолдаған хатында:

«Осы жылы январьдің 8 күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп  ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кірістім. Бұл балаларда менің айызымды қандырып, небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды... Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын. Күлсеңіз күле беріңіз, мен кейбір оқытудан бос уақыттарда оларға ресми түрде молда да болып қоям», - деп жазады.

 

НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН ТУРАЛЫ 20 ТЫҢ ДЕРЕК ҰСЫНАМЫЗ:

 

1.  Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің шын есімі – Ибраһим.

2.  Ол Қостанай облысының Затобол ауданында туған.

3.  Ыбырай 3 жасында әкесі Алтынсарыдан ерте айрылып, дәулетті де белгілі би болған Балқожа бидің тәрбиесінде болады.

4.  1850 жылы Орынборда ашылған мектепке Ыбырай алғашқы 30 баланың бірі болып қабылданады. Ал 1857 жылы мектепті «өте жақсы» деген бағамен бітіреді.

5.  Тұңғыш рет қазақ даласында 2 сыныптық орыс-қазақ мектептер ашады. Алдымен Торғайда ашылып, кейін өзге де ауыл-аймақтарда жалғасын табады.

Торғайда Ыбырай Алтынсарин салдырған мектеп

 

6.  Алғаш мектеп ашу жұмыстарына кіріскенде жасы небары 19-да еді.

7.  Ыбырай сабақ беру әдісін орыс мектептері үлгісінде құрады. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, ол балаларға орыс тілін үйретеді. Балаларға сабақ берудің әдісін (методикасын) ойлап шығарады.

8.  Мектеп бағдарламасына оқу-жазудан бөлек, қазақ даласында бұрын естілмеген химия, биология, физика, геология, ән-күй, минерология негіздері сынды пәндерді енгізеді.

9.  Жергілікті, ауқатты ел азаматтарынан ақша жинап, әр мектеп жанынан интернат пен кітапханалар ашады.

10. Қазақ даласында мектеп саны көбейіп, Ыбырай мұғалімдер даярлайтын мектептер де ашады.

11. 1887 жылы Ырғыз аймағында Ыбырай тұңғыш рет қазақ қыздарын оқытатын мектеп ашады. Бұл оның ескішіл әдет-салттарға қарсы күрестің бір жолы еді. Қыздардың да білім алып, көздерінің ашылуын мақсат етті.

12.  Алтынсарин тәрбиелеген талантты шәкірттерінің қатарында: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Елубай Өмірзақов, Ілияс Омаров, Өмірзақ Сұлтанғазин, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Спандияр Көбеев, Әліби Жангелдин, Бекет Өтеуілов, Біләл Асфандияров, Ахмет Балғымбаев,  Әбубәкір  Алдияров сынды белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар түлеп ұшты.

Ыбырай Алтынсарин мектебіндегі қазақ балалары

 

13.  1879 жылы Орынборда Алтынсариннің тұңғыш оқу құралы «Қазақ хрестоматиясы» шықты.  "Қазақ хрестоматиясы" балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. 1-ші томы жарық көреді де, 2-ші томы із-түссіз жоғалады.

14.   14 өлең жазған. Көптің құлағына жаттанды «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінің бірінші шумағы «Бір Аллаға сыйынып» деп басталады. Ислам дінін үйрену, дін үйрету күлкіге айнала бастаған заманда бұл өлең жолдарын билік басындағылар өшіріп тастайды.

Бір Аллаға сыйынып!

Кел, балалар, оқылық!

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!

Оқысаңдар, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар.

 

15.  1871 жылдар аралығында  Торғай уезінің судьясы болып жұмыс істейді.

16.   1879 жылы Ыбырай Алтынсарин Торғай облысындағы мектептердің инспекторы қызметіне тағайындалады.

17.  Ыбырай 1864 жылы Сырдария облысы (қазіргі Қызылорда облысы) Жаппас руындағы Шолақ деген кісінің Айғаныс атты қызына үйленеді.

18.  Ыбырай мен Айғаныстың Абдолла, Әбдірахман деген екі ұлы мен Шарипа атты қызы туылады. Балалары Әбдірахман мен Шарипа жас кезінде ауырып қайтыс болады. Ал Абдолла 1920-1930 жылдардағы дүрбелеңнен байдың ұрпағы ретінде қудалауға ұшырап, Қырғызстанда жүргенде өкпесіне суық тиіп, көз жұмады.

19.  Ыбырай Алтынсариннің жас кезінде шашы сиректеу болған. Сондықтан басына парик киіп жүрген. 

20.  Алтынсарин небары 48 жасында өмірден озды.

 

Өзінің қысқа ғұмырында артына қалдырған мол мұрасы – халқымыздың рухани мұрасын байыта бермек.

 

Дайындаған: Гүлниса Алдажар

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер