Жылқы – біздің ұлттық мәдениетіміз, тарихымыз. Жылқы – еркіндіктің, тұрақтылықтың белгісі. Тіпті Елтаңбамыздың өзінде де алтын қанатты тұлпарлар бостандыққа ұмтылған құлшыныстың белгісі болып, бізді жарқын болашаққа жетелеп тұрғандай әсер береді. Қазақтың жанына жылқы жақын. Яғни қазақты жылқысыз елестету қиын. Ендеше, бүгін ұлтымыздың ғана емес, күллі түркі халқының, көшпенділердің асыл тұқымды жылқысы – Ақалтеке атты жануар туралы сөз етсек.

1920 жылдары Кеңес Одағының көптеген жерінен Қазақстанға Ақалтеке тұқымы әкелінеді. Міне, сол кезеңнен бастап елімізде Ақалтеке тұқымын сұрыптау науқаны басталады. Бір қызығы, қазақ даласында асылдандырып, өсіп-жетілген бұл жылқылардың өзге елдердікіне қарағанда денелері ірілеп, табиғатқа төзімділік қасиеті арта бастайды. Мәселен, табындық жайылымның, тау өсімдіктерінің арқасында өздерінің дене бітімдерін өзгертеді. Егер түркімен жылқыларының тегін алатын болсақ, олардың биіктігі шамамен 154-157 см-ге тең. Ал біздің қазақстандық Ақалтекелердің бойы 165-170 см-ге дейін өскен екен.

Кеңес Үкіметі құлағаннан кейін Ақалтеке тұқымы да саны мен сапасын жоғалтады. Сонда басқа жылқылармен қан араласпаған айғырларды ұстап қалған дана ақсақалдар ауыл-ауылды өздері аралап жүріп, Ақалтекенің тұқымын таратқан көрінеді. Асыл тұқымды жылқылар тазалықты жақсы көреді, сондықтан күнара жуындырып, тарап тұру абзалырақ. Тазаланған жылқының денесі жылтырап, күнге шағылысатынын көргенсіз бе? Ғалымдардың айтуынша, таза қанды жылқылардың қылы микроскоппен қарағанда үшбұрышты болып келеді екен. Сондықтан да олар күнге шағылысады. Солардың қатарына Ақалтеке де жатады.

Ақалтеке – сымбатты, мойны ұзын, түсі жылтыр, аяқ алысы әсем, қамыс құлақ, артық майды бойына дарытпайтын текті жылқы. Алайда оның шыққан жерін әлі күнге дейін ешкім нақты дәлелдей алмай жатыр. Біреулер оны Түркіменстанның Ақал ұшыратынан десе, екіншілері Өзбекстанның Ферғана аңғарынан шыққан деуде, ал үшіншілері көшпелі мәдениеттің тұрмысынан сұрыпталып шыққан жылқы, түп тамыры – қазіргі Қазақстан даласы дегенді айтады.

Қазақ ұлты мен жылқы жануарының ұқсастығы да бар. Қазақта ру 7 атаға дейін сақталады ғой. Жылқы ішінде де рулық текті келтіріп көрейік. Бір қызығы, жылқының 6-7-ші ұрпағына келгенде тұқымы әлсірейді екен. Сондықтан атбегілер оларды сұрыптап отырады.

Чемпионат барысында жүйрік атанғанғандардың көбісі осы қазақ даласының жылқылары еді. Сондықтан Ақалтеке Кеңес Одағындағы ең мықты арғымағы деген атаққа ие болады. Осындай ерекше нәтижеге қарап, ғалымдар бұл жылқылардың арғы тегі осы қазақ даласын мекен еткен деген пікір айтуда. Қазір ақалтекені сыртқа сатпайды. Жылқы зауыттарында оның санын барынша көбейту жұмыстары қолға алынған. 

 

Ақалтеке арғымағы туралы қосымша мәлімет алғыңыз келсе, төмендегі видеоға назар аударыңыз:

 

Дайындаған: Гүлниса Алдажар

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер