«Мұхаңды естуім болмаса, шығармаларын оқығаным болмаса, өмірі көрген жан емеспін. Алматыдағы №14 мектепте оқып жүрген кезімде, шамасы, тоғызыншы кластың оқушысы шығармын. Ойдың да, бойдың да өсіп, айналаңа іңкәр көңілмен көз тастап, сұлулық әлемінен сыр сабақтай бастаған шағымыз. «Қаракөз» сахнадан түспей, үлкен-кіші түгел жапырылып кеп, театрға барып жатқан. Қызық көріп мен де бардым. Әлі көз алдымда, Қаракөздің ролін тамаша өнер иесі, бірақ сахнадан тым ерте қол үзіп кеткен Зуһра Атабаева, ал, Сырымды оның күйеуі Құрманбек Жандарбеков ойнады. Келістіріп ойнағандары сонша, Қаракөздің қасіретпен аяқталар тағдыры жан баласын жайбарақат қалдырмаған. Көзіне жас алмаған, әділетсіз өмірдің құрбаны болған пәк сезімге аянышпен қарамаған кісі кемде-кем еді. Онан кейін «Қаралы сұлуды», «Қараш-қараш» оқиғасын, «Қорғансыздың күнін», «Кінәмшіл бойжеткенді», «Көксеректі» оқып, Мұхаңның жазғандарына бауыр басып кеткен едім. Міне, енді ол кісінің өзімен жүздескелі тұрмын».

          Осы кішкене ғана үзіндіде үлкен жүректі Димекеңнің үлкен әдебиеттегі үлкен дарын иесіне деген үлкен махаббаты ап-анық көрініп тұр. Өйткені, әдебиетті сүймеген, әдебиетшіні де сүймейді. Не керек, сол кездесуде Құдайдың өзі «айдап» әкелген Мұхтар Әуезовке Димекең әдебиет пен өнерді жанындай жақсы көретінін айтып, тіпті, сөз орайы келген тұста жоғарыда аты аталған шығармаларды тамсана оқығанын жеткізеді. Мұхаңның қуанған сәттегі алдымен айтатыны «Пәлі!» деген сөз болған ғой. Міне, ұлы суреткер сол сөзімен Димекеңнің кітапқұмарлығына риза болғанын аңғартып, өз жүрегінен шыққан туындыларының кеншілердің рухани қажетіне жарап жатқанына масайрап қалады.

             Кейін Димекең қызмет бабымен биікке көтерілсе, жазушы Мұхаңның да атақ-даңқы аспандай түсті. Бірақ жатыпатар жаулары жазушының үстінен арыз жазуын тоқтатпады. Димаш Ахметұлы бол­са, осындай «жаптым жала, жақтым күйені» жоққа шығарамын деп, тіпті, Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовпен жүз шайысып та қалады. Оның себебі, Қазақ КСР-нің тарихын бұрмалады, Ке н е с ары Қас ы м ұ л ының қозғалысын дәріптеді деп ұзақ жылға сотталған Бекмаханов, Жұмалиевтердің жазасын алғанын тілге тиек еткен Ж.Шаяхметов М.Әуезовтен де қауіптеніп: «Сырт естуімше, Әуезов те сирақтан бүйрек шығарып, бір басына ие бола алмай жүрген көрінеді. Баяғы әуенге басып, бұрынғы қателіктерін қайталай бастапты. Қазақстаннан іргесін аулақ салып, біржола Мәскеуге көшіпті» дейді. Сонда Димекең: «Әуезов – дара тұлға. Ұлы жазушы. Ғалым, Кеңес одағының көрнекті мәдениет қайраткері, ол қазақ халқының ғана емес, бүкіл елдің ортақ азаматы. Ол Мәскеу және Қазақ университеттерінің профессоры» дегенде, Ж.Шаяхметов: «Мұның бәрі дұрыс. Мәселе пиғылында, іс-әрекеті жайлы болып отыр», – дейді айтқанынан қайтпай. Бірақ Димаш Ахметұлы өз пікірінде қалып: «Бізді тірі жан түсінбейді. Ғалымдар ғана емес, оның миллиондаған оқырманы наразы болады. Оның бергі жағында Ғылым академиясының жарғысындағы академиктен шығару жөнінде ереже жоқ. Академик – бұл өмірлік атақ» деген кезде, Шаяхметов: «Жолдас Қонаев, Орталық Комитеттің нұсқауын орындау керек», – деп қабақ шытып, мәселенің тоқетерін бір-ақ айтады. Дегенмен, Д.Қонаев осы мәселе бойынша арнайы Мәскеуге барып, КОКП Орталық Комитетінің ғылым бөліміндегілерге жолығып, Әуезов жөніндегі өз пікірін қорғап қайтады.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер