БІР ҚАП КҮРІШ

БІР ҚАП КҮРІШ

 

Шардара ауданындағы Қазақстан ауылын-да болған оқиғаны естіп, шек-сілем қатты. Неге күлдім дейсіз бе? Шәмші ағаның табан астында тауып айтқан тапқырлығына таң қалдым.

Осы ауылда бас агроном боп істейтін досына Шәкең жыл сайын ат басын бұрып, он-он бес күн аунап-қунап қайтады екен. Шәмші Қалдаяқовтың атын естігесін ауыл-аймақ амандасып, ақ дастарханның басында алқа-қотан отырып, дәмдес-тұздас болу дәстүрге айналған. Сондай ағыл-тегіл сәтте бір жігіт:  

– Шәмші аға, – депті бірдеңесі өтіп кеткендей өктемдеу сөйлеп, – Есіңізде ме, былтыр сізге бір қап күріш беріп ем ғой.

Шәкең естімеген рай танытып, үндемепті. Әлгі жігіт әдепсіз сұрағын тағы қайталап:

– Аға, – депті, – былтыр бір қап күрішті машинаңызға артып жіберіп ем ғой, есіңізде ме?

Сонда Шәкең бедірейген жігіттің бетіне қарап:

– К... к... күріш есімде, өзің есімде жоқ! – дегенде, жұрт қыран-топан күліпті.