АҚЫНДЫ САТҚАН «ЖАЗУШЫЛАР»

АҚЫНДЫ САТҚАН «ЖАЗУШЫЛАР»

           Бір ғажабы, Колбиннің тікелей тапсырмасымен, сол домалақ арыздарды алға тұтып үш жазушыдан және төрт саясаткерден мен туралы пікір жаздырып алыпты. Софы мені тасқа басылған, бірақ қағаз соңында аты-жөні мүлде көрсетілмеген үш жазушының пікірімен таныстырды. Бұлай таныстыру сол тұста Орталық Комитетте үрдіске айналса керек. Бір жазушы мені жамандыққа қимай, мүмкіндігінше қолдауға тырысыпты. Ал екі қаламгер мен сорлыны тілі жеткенше жамандап, қоғамдағы аса қауіпті «хж-ның», яғни «халық жауының» қатарына қосыпты. Соңғы екеуінің пікірлерін оқып отырып, қатты толқығандықтан ба, қан қысымым көтеріліп кетті. Біраз уақыт маңдайымды сипап үнсіз қалдым. Сосын: «Ей, Софы, құрдас әрі рухтас едік қой. Мені қазір апарып қамаса да, мыналардың кім екенін біліп өлейін. Ешкімге тісімнен шығармауға уәде етейін, көрсетесің бе?» дегенімде, Софы азаматтық жасап, алдыма аты-жөні жазылып, қолы қойылған үш адамның пікірін тастай салды. Біріншісін, яғни мені қолдап жазған адамның кім екенін айтуға болар. Топырағы торқа болғыр, кейіннен марқұм боп кеткен, белгілі жазушы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Бекежан Тілегенов екен. Бүкіл ғұмырымда өзімен жарты кесе шайды бірге ішіп көрмесем де, мені шамасы жеткенше қорғапты. Ана екеуінің түрін түстеп, атын атауға Софыға берген уәдем бойынша, хақым жоқ. Бірақ екеуі де бүкіл халық сыйлайтын «тұлғалар». Бірі бес-алты жыл өткен соң: «Мұхтар, кейінгі жылдары сенің маған деген көзқарасың күрт өзгеріп кетті. Баяғы Колбин кезінде Орталық Комитеттегі біреулер маған доқ көрсетіп, әрі «ешкімге айтпаймыз» деп сен туралы бір қағаз жаздырып алып еді. Байқауымша, сол қағазды сен оқып қойған сияқтысың. Кешіруге күш тапсаң кешір, пенделік қой...», - деді. Онысына да рахмет. Екінші ағам күні бүгінге дейін «құпия қағаз» туралы мені ештеңе білмейді деп ойлайды».

МҰХТАР ШАХАНОВ  

Жарылқап Қалыбайдың сұхбатынан үзінді