Ұлар құсы ұясын биік таудың қиясына, ұшар басына салады. Қысы-жазы тау басын мекен ететін отырықшы, дене тұрқы кекілікке ұқсас келетін шағын ғана ұлар ешкімнің мазалағанын, тыныштығын бұзғанын қаламайды. Сондықтан да көзден жырақта, адамнан тасада тіршілік етеді. Ұлар құс торға түссе, дереу өліп қалады . Әлемнің бірде-бір зоопаркінен ұлар көрмейтініміз содан болар. Тауда ойнаған кекіліктің, қалыңда жүрер бөдененің, тіпті қырғауылдың жұмыртқаларын үй тауығына бастырып, балапандарын қолға үйретуге болады. Шөжелері тегім, нәсілім басқа демей, телмеңдеп, тауықтың соңынан жүгіріп жүреді. Ал ұлар қолға үйренбейді. Жұмыртқасын тауық басып та шығара алмайды, балапанына адам қолы тисе болды – өледі. Қолға түспестігін меңзегені болар, қазақтың қара өлеңінде:

Ұлытауға шықтың ба,

 Ұлар етін жедің бе? – деген жолдар сақталған.Елімізде Алтай және Гималай ұлары кездеседі. Көбіне 5-10-нан топтасып жүріп, тек көктемде ғана жұптасатын олар өте сақ келеді. Тау бөктерінде жайылып жатқанда, біреуі биік құзға шығып, жан-жағын бағдарлап тұрады екен.Егер қауіпті сезсе, айрықша үн шығарып, хабар беретін көрінеді. Қалған құстар мұны естіп, әбігерленіп, шулайтын көрінеді.Тіліміздегі «ұлардай шулау» деген тұрақты тіркес осындайдан қалыптасса керек. «Қыстың аязды күндерінде тас қуыстарынан пана тауып, топтасып бірін-бірі жылытады. Қар қалың жауған жылдары көбіне таутекенің соңынан еріп отырады. Себебі таутекелер тебіндеп жайылып, қырат беткейлеріндегі қарды тазартып, қанаттылардың азығын тез табуына көмектеседі екен.                 

       Денесінің шағындығы мен жаратылысының нәзіктігіне қарамай, ерімес қар жатар суық құз басын, адам аяғы баспас жартас бетін таңдауы бұл құстың тазалығы мен қиындыққа шыдамдылығын танытса керек.

Жанат Исаева филология ғылымдарының кандидаты

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер