Жазушылар одағының үйінде ақын Иранбек Оразбаев жанынан сәлем беріп өте берген Баянғалиға:

– Өй, жаман жиен ! –депті.

– Нағашыма тартқам! – деп, кете беріпті Баянғали. Иранбек оны тосып тұрып, қайта өте бергенінде:

 – Өй, жақсы жиен!- депті.

– Әкеме тартқам! – депті Баянғали.

Ирекең  күліп:

– Әй, мен сені бұдан былай әкесіне де, шешесіне де тартқан жақсы жиен деймін!- деген екен. Олай дейтіні, Иранбек Оразбаев – қылды қарауыл, заманында   аталары Кенесары қолымен бірге аттанып, Сыр бойын мекендеп қалыпты.

  ҮЗІЛДІК ПЕН ГҮЛЖАЙНА

        2000 жылы Оралда Жұбан Молдағалиевтің 80 жылдығына арналған республикалық  айтыста  ақындарды алдын-ала жұптағанда Баянғали Батыс Қазақстандық ақын құрдасы Үзілдік деген келіншекпен айтысатын болады. Дәл айтыс басталарда Үзілдіктің ауданнан келе алмай қалғаны белгілі болып, қазылар алқасы  Баянғалиды өзінен көп кіші оралдық ақын қыз Гүлжайна Бисенғалиевамен айтысқа шығарыпты. Жаңа ғана танысқан қарсыласына Баянғали:

Құрдасымыз Үзілдік,

Жолына қарап сүзілдік,

 Үзілдігім келмей қап,

Үздігіп босқа бұзылдық!  

 Гүлдей нәзік Гүлжайна,

 Күндіз жайна, түн жайна,

Жалғыз өзің жайнамай,

 Меніменен бір жайна! – деп әзілдеп, екеуі әдемі айтысып кеткен екен.  

БАЯНҒАЛИ ӘЛІМЖАНОВ    Айтыс ақыны, жазушы

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер