«Қасқыр ату, аңшы болу менің үш ұйықтасам түсіме кірген емес. 1990 жылдардың басында  Кеңес Одағы ыдырап, совхоздар тарап, ауыл халқы әбіржіп кетті. Сол кездерде ауылдағы ағайынның қолындағы аз малға қасқыр да қас болып алды. СССР тарардың алдында еліміздің әр түкпірінде бірнеше мәрте қарумен жасалған қылмыс тіркеліп, құқық қорғаушылар елден мылтық, тапаншаны тізімдеп жүріп тәркілеп алды. «Елге қалай көмектессем екен?»,- деп ойландым. Аңға шығу ойға келді. Бұл кәсіппен  айналысуға  жағдайым  болды, мылтықтарым бар еді. Бірақ бұған дейін қасқыр түгіл құсты да  атқан емеспін. Не керек, бір-екі жігітті  жинап алдым да айттым: «көмектесейік» дедім. Далаға шықтық. Іздегеніміз бір ауылдан әріде алдымыздан кезікті. Бірінші қасқырымды 800 метр жерден оптикалы  винтовкамен атып алдым. Үш оқ аттым, үшеуі де тиіпті. Осылай бастап кеттім. Мына оқиға есімде қалып қойыпты. Бір ферманың жанынан 4-5 қасқырды атып алдым. Кісілер жиналды. Бір бала өлі қасқырды тепкілеп жылады. Мен:

« Не болды?» Неге жыладың жігітім? Неге сонша ренжідің? – деп сұрадым.

Бала:

« Аға, әке-шешемді өзім асыраймын, малым бар деуші едім. Бес сиырым бар еді, бесеуін де қасқырлар қырып кетіпті. Енді не істейтінімді білмеймін. Не пана жоқ, не мал жоқ. Далада  қалдық. Әке-шешеммен киіз үйде отырмын» - деді.

     Мұны естігенде кім шыдайды? Әр демалысымды  сол жігітке көмектесуге арнадым. Машинам бар, кейін қарда жүретін моторлы шана сатып алдым. Сонымен талай қасқырды қан қақсатық. Уақыт өте ол әдетке айналды. Қыстыгүні  далаға шығып, қасқыр көрмесем, өзім айға қарап ұлығым келетін болды!

ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВ ғарышкер «Аңыз адам» журналынан

Ықшымдаған Манарбек Қыдырбайұлы 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер