1983-1984 жылдары "Гүлдер" ансамблінде әнші Сембек Жұмағалиев жұмыс істеп жүргенде,бір күні оған Кеңес Дүйсекеев жолығып: «Менің әндерімді бар әнші орындап жүр. Сен менің әндерімді қашан орындайсың?» - деп, «Ғашықтар жыры» әнін Нағима Есқалиевамен бірге айтуды ұсынады.Негізі осы әнді танымал сазгер өзінің жары Баянға арнаған. Сембек  «Қасың қандай, қарақат көзің қандай» деп басталатын ән мәтінін қарап: «Нағимамен айтсам, сөздерін «Бойың қандай» деп өзгертуге тура келеді,» - деп әзілдейді. Сол сәтте ол сазгерге ансамбльге жаңадан келген жас әнші Мақпал Жүнісова туралы айтады. Осылай қос дауыста «Ғашықтар жыры» әні жазылады. Ән жарыққа шыққан бойда елге кеңінен таралып, бірден танымал әнге айналады. «Ғашықтар жыры» әні талай тыңдарманның жүрегінің төрінен орын ала білді. Тіпті, бәзбіреулер әншілерді «ғашық етіп, үйлендіріп» жіберген. Біраз уақытқа дейін бұл сөздер халық арасында өршіп жүрді. Қалай болғанда да, ән бұл күнге дейін тыңдарман пейілін жоғалтқан жоқ.

Ғазиза Ұсақ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер