Едіге би ертеде: «Егер адам өзі түк білмей, бірақ ақылды адамның тілін алып, айтқанымен жүрсе ол ақылдыдан кем емес, адамның ең қоры- өзі білмейтін, өзгенің тілін алмайтыны» деген екен. Қазақ «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қалмақтың қарғысы екен деп те айтады. Қалай дегенмен ауыр сөз. Біресе есі кіріп, біресе шығып кетіп отыратынды аусар дейді. Аусар аузын ашса ар жағынан көті көрінеді, базарға барып мың теңгеге сауда жасаса соның буын көтере алмай есі шығып кетеді, яғни стандартты жағдай сәл өзгерсе проблема туындайды. Тіпті ұйқысы қанбаса, қарны ашса, не көңілді ортаға тап болып, мақтау естісе есі кетіп қалуы мүмкін.

     Ойда жоқта төтеден килігіп адамға соқтыққанды «делқұлы» деп те атайды. Біреудің сөзіне еріп, «сен мықтысың» деп алдағанына сеніп жасы келген адамдардың өзге жұртпен айтысып, өзгелерді қағып-соғып жүргенін көрдім. Бір-екі рет өзім осындайлардың кесірінен жерге кірердей болдым. Біреулер үшін бұл қызық та шығар, ауылда театр жоқ деген сияқты, бірақ туыс- жақындары үшін ауырлау болады. Адамның жасы отызда болғанымен, ақыл-есі он жастағы баладан төмен болуы мүмкін. Есі шаладан сақтан, лажы болса алыс жүр, туысым-жақыным деп қарама. Оның өзіне түк те болмайды, ал сен жұққан кірді өмірі жуынып-шайынып кетіре алмайсың. Оқуды жақсы оқиды дегенге де сенбе, біріншіден, қазіргі оқудың сапасы жоқ, екіншіден, біреу қадағалап отырса жазылған дүниені жаттап алу қиын емес. Ашуы сіріңкедей жылдам тұтанатынды «шая» дейді. Шая адам әсіресе от басында, ағайын- туыс арасында өте жайсыз болады, қазақша «бая-шая», яғни бәрі жапа-тармағай ұрысқа араласып жүрген от басы.

       Отбасының ұйтқысы –ана, әке сыртқа айбар, қорған. Ол қорғанның ішіндегі отбасының берекесіне ана жауап береді, егер бір отбасы өз ара бая-шая болып, күнде ұрыс-керіс жасап жатса, анасының басында бір кінарат бар. От басы шыны ыдыс сияқты, оған дөрекілік жүрмейді, оны нәзік және ақылды әйел ғана сақтайды, дөрекі және ақымақ әйел күл-паршасын шығарады.

ЖАМБЫЛ АРТЫҚБАЕВ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер