Оразалы аға айтыстың оғыланы еді ғой. "Менмін" деген мықты ақындардың өзі ол кісімен айтысуға қаймығатын. Бірде Жүрсін аға: "Оразалы сөздерін алдын ала жаттап ала ма? деп ойласам, аузынан алтын, жақұт ағыла беретін ақын екен ғой", - деп қалды. Иә, ол барша қазақты таңғалдырған 2006 жылы Алматы қаласында өткен Махамбет Өтемісұлына арналған халықаралық айтыста Оразалы Қырғыстанның Елмербек, Жеңішбек атты мықты ақындармен айтысып, жеңді. Аға қазақтың тарихын майын тамызып тұрып айтқанда жиналған жұрт орындарынан дүрлігіп тұрып кетті. Шыны керек, әлі күнге дейін сондай айтысты көрмеппін.

        Кейін қырғыз ағайындары да Қазақстаннан бес ақынды өздеріне шақырды. Мырзатай аға бастап, Жүрсін аға, Оразалы, Дәулеткерей Кәпіұлы, Көкшетаудан Баянғали аға Әлімжанов, Айбек Қалиев бәріміз бардық. Алдында кеткен кектері бар емес пе, қырғыз ақындары: "Ең мықты ақындарыңыз Оразалымен айтысамыз",- деп күтіп отыр екен. Қырғыздардың айтысса тоқтамайтын тәсілі бар. Барар жолда Оразалы аға соны әзілге қосып: "Қырғызтандық ақындармен айтысу мен үшін қорқыныш емес. Айнаға қарап отырып, үздіксіз өзіммен-өзім бір сағат айтысып, дайындалдым", - деп күлдірген еді. Сондағы айтыста, расымен де, Оразалы аға бір сағатқа жуық уақыт тоқтамастан төгілте айтысып, мықты ақын екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бірақ қырғыз ағайындар "бармақ басты, көз қысты" жасап, төмен баға көтерді.

        "Жазғандарымды топтастырып шығарсам деп едім" дегенін өз аузынан естігенмін. Өкінішке қарай, жазғандары жарыққа шықпай қалды. Бірде арамызда Оразалы аға бар, 10-нан астам ақын Мәскеу қаласында сапар шектік (бұл Оразалымен шыққан соңғы сапарымыз еді). Қайтар жолда көңіл күйі болмай, бізден оқшауланып, біртүрлі болып жүрді. Сол жолы қолыма Тынышбай Рахымның "Дүлділ көңіл " атты кітабын алып, біршама ақындардан қолтаңба алғанымда, Оразалы аға:

Жасырын өскен гүл көріп қойдым даладан,

Кетпей жүр сол сәт санадан.

Өтті ғой өмір, өксиді көңіл, не шара?

Базары кімнің басталды білем жаңадан, Саражан,-деп жазып, "Біліп жүр осыны" деген еді. Мен сонда түсінбей: "Неге бұлай жазды екен?"-деп ойланып қалғанмын. Сөйтсем, өмірден өтерін өзі сезген екен ғой... Сол сапардан екі күннен кейін Оразалы ағаның қайтыс болғанын естідім.

Сара ТОҚТАМЫСОВА айтыс ақыны 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер